Канелоның спарринг-серіктесі Бек Нұрмағанбет Эр-Риядта қарсыласын нокаутқа түсірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет (16-0, 14 KO) Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен бокс кешінде өнер көрсетті. Бұл туралы Kazinform агенттігі Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Ол мексикалық Маркос Родригеспен (21-3-1, 10 KO) жұдырықтасты. Екінші орта салмақтағы 10 раундқа жоспарланған жекпе-жек Нұрмағанбеттің бірінші раундта нокаутпен жеңуімен аяқталды. Бұған дейін қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсірген.
Осылайша, Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы 17-жеңісіне қол жеткізді. Ал Маркос Родригес кәсіби мансабындағы төртінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет — мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің спарринг-серіктесі. Альварес Эр-Риядтағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде франциялық Кристиан Мбиллимен (29-0-1, 24 KO) чемпиондық атақ үшін кездеседі. Канелоның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші — 63 жеңіс, 3 жеңіліс және 2 тең нәтиже (39 нокаут).
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегін 2027 жылғы мамырда өткізгісі келетінін мәлімдеген еді.