Қаңғыбастар үшін не маңызды тамақ па, әлде шарап па - әлеуметтік эксперимент

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Өскемендіктер тұрақты мекенжайы жоқ тұрғындар арасында әлеуметтік сараптама жүргізді. Олар көше кезген панасыздарға шарап пен тамақ ұсынып, қайсысын таңдайтынын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаңғыбастар үшін не маңызды тамақ па, әлде шарап па - әлеуметтік эксперимент

Екі жас дүкеннен азық-түлік пен шарап сатып алып, көшеге шыққан. Осылайша панасыз, көшеде жүргендерге таңдау жасауды өтінген. Жастар өздерінің эксперименттерін бейнежазбаға түсірген.

«Мен қазір сізге азық-түлік толған пакет немесе бір шөлмек шарап ұсынамын. Сіз қайсысын аласыз?», - деді жігіт.

«Мен шарапты таңдаймын», - деп жауап берді азамат.

Әлеуметтік желіге салынған бейнеролик көпшілік арасында әртүрлі пікір тудырды.

«Бұл тәжірибе үйсіз-күйсіз жүргендерді ішімдікке өзіміз ынталандыратынымызды көрсететін сияқты. Сонымен, біз оларға көмектесіп жүрміз бе, жоқ керісінше, зиянымыз тиіп жатыр ма? Мен екіншісін дұрыс деп есептеймін», - деп жазды желі қолданушыларының бірі.

«Тағы бір дәлел, олардың ақшаны шынымен де қайда жұмсайтыны белгілі болды. Бір өкініштісі, олардың арасында тамақтанғысы келетіндер де бар», - деп жазды келесі оқырман.

Айта кету керек, жүргізілген тәжірибеде тұрақты жері жоқ 10 адамның тек біреуі ғана тамақты таңдады.