«Қанмен жазылған кітап»: Әскери бөлімнің күші - жауынгерлік достық

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
***
Солдаттан қарапайым жан жоқ. Оған сергек те, ықыласты әрі әділ болған жон. Далалық уставтың 14-параграфында жауынгерден зор жігер, барлық күш-қайрат жұмсауды талап ететіндігі тегін болмаса керек, сондықтан да командир қандай жағдайда болмасын ол жөнінде қамқорлық жасауы тиіс. Уставта былай деп жазылған: «Өзінің қарамағындағы жауынгерлерді жақсы білуі, олармен үнемі жеке қарым-қатынаста болу, олардың жауынгерлік өміріне, ерлігі мен мұқтажына көңіл бөліп отыру командирге бөлімнің (құрамының) жауынгерлік бірлігін, ұйымшылдығын және ұрыс кезінде жеңіске жетуін қамтамасыз етеді». Тобыр жөнінде көп айтылуда. Тобыр дегеніміз не? Тобыр армия емес, армия да тобыр емес. Сонымен топ дегеніміз - адамдардың жиыны. Әр қилы ниет, мақсат- мүдденің итермелеуімен әртүрлі себептермен жұрттың жиналуы. Адамдардың белгілі бір мақсат және міндеттен, белгіленген тәртіп пен ережені сақтай отырып жиналуынан ұйымдасқан топ, қоғам деп атайды, оның бұлай аталу себебі - қатысушылардың барлық іс-әрекеті жоспарлы түрде осы жиынның, жиналыстың мақсат- міндетіне бағынатындықтан. Береке-бірліктің, нысаналы мақсаттың, ұйымшылдықтың жоқтығы, төменгі психологиялық ниет-мүдденің итермелеуімен стихиялы түрде жиналу, қатысушылардың айқын, біртұтас мақсаттарының болмауы - біздің санамызға бейұйымшылдықтың символы ретінде орныққан тобыр деген ұғымның мән-мағынасын береді.Басқарудан, яғни ұйымшылдықтан, тәртіптен, демек, бірлескен қимыл-әрекеттің бірлігі мен жоспарлығынан айырылып қалу кез келген адамдардың ұйымдасқан тобын тобырға айналдырады, адам ақыл, ерік, күшінен айырылады да, адамдардың үлкен бір тобы сан жағынан әлдеқайда аз ұйымдасқан топтың оп-оңай-ақ жемтігіне айналады, алғашқы соққыдан-ақ мұндай қарсылық көрсету қабілетінен айырылған тобыр шілдің қиындай шашырап, быт-шыты шығады. Соғыс тәжірибесі кейде жеңіліске тек күш пен техниканың аздығынан ғана емес, көпшіліктің күш-жігерін бір мақсатқа жетуге жұмылдыратын, біріктіретін ұйымшылдықтың, басқарушылықтың жоқтығынан немесе белгілі бір себептерден басқарудан айырылып қалушылықтан ұшырайтынын көрсетіп жүр. Тобыр бейұйымшылдықтың салдарынан басқаруға, ерікке көнбей кетеді. Ұйымшылдық бірлесіп ортақ міндет пен мақсатты орындауға ақылды, ерік-жігерді жұмылдыруға мүмкіндік жасайды. Бет-бетімен кеткен мұндай шырғалаң бейберекетсіз кезде адам жан далбасалап жөнсіз, тиянақсыз қимыл әрекет жасайды, тобырдың арасында сасып, сасқалақтап, есі шығып бағдарынан айырылып қалады. Тобырдың іс-әрекетіне жауап беретін адамды табу мүмкін емес деп түсінушілік жаман әрекет жасауға себеп болады, парызын ұмытуға, қылмыс жасауға итермелейді, толық жауапсыздық тудырады, ал ұйымдасқан қоғамда, ортада адам мұндай бейберекетсіз әрекет жасаудан қорыққан, тартынған болар еді. Есі шыққан топ тез нанғыш келеді әрі оны оп-оңай ырыққа көндіріп алып кетуге болады, сондықтан да парасатты адамның сенімді дауыс ырғағымен сөзсіз, талап ету формасы түрінде берілген жігерлі де әмірлі бұйрығы әп-сәтте-ақ тобырды басқарушының еркіне мойынсұндырады. Тобыр әдетте еркінен айырылып қалады да, жан далбасалап жолбасшының соңынан тартып отырады. Басшының қолында тобырдың ақыл-ойын, тобырдың ерік-жігерін, тобырдың сезімін жұмылдыратын, ортақ іске шоғырландыратын күш бар, мұның өзі қарсылықсыз мойынсынуға, бағындыруға мүмкіндік береді. Басшы тобырдың ақыл-ойын және еркін билейтін орталық сияқты. Ұрыс даласында басшы - сөздің адамы емес, тікелей іс-қимылдың адамы болуы керек. Ерік - қозғаушы күш ретінде адам қызметінің негізін құрайды, жеке адам ерік-жігерін жалпы күшке біріктіре отырып, қарамағындағы адамдардың еркін бастықтардың еркіне, яғни мойынсынушылардың еркін әмір етушілердің еркіне табиғи түрде тәуелді ете отырып дамып, көрініс табады. Қарамағындағы адамдардың еркін аға бастық өз еркіне бағындырып, ортақ мақсатқа бағыттайды. Командирдің бойынан көрініс табатын жалпы мықты ерік-жігер барлығына бірқалыпты, асып-саспай, сенімді әрекет жасауға, табандылықты, тұрақтылықты және жағдайға сәйкес күш-жігерді арттыруға мүмкіндік жасайды. Командирдің әлсіз ерік-жігері қарамағындағы адамдарды тұрақтылығынан, орнықтылығынан айырады, жоспарлы бір қалыпты іс-қимылын бұзады, жауынгерлердің рухани күшін әлсіретіп және күрес жүргізудің материалдық құралының бөлшек-бөлшегін шығарады, тәртіпсіздік, берекесіздік тудырады. Командирдің әлсіз ерік-жігері көбінесе бұйрықты жиі-жиі ауыстыра беруіне немесе берілген бұйрық-жарлықтың айқын, нақты еместігінен, бұлыңғырлығынан және оның жеке қимылынан да көрінеді. Жалпы мықты ерік-жігер - жеңіс серігі. Әлсіз ерік-жігер жеңіліске ұшыраудың хабаршысы. «Бір топ арыстанның қойдың қол астында болғанынан гөрі, бір қора қойдың арыстанның қол астында болғаны жақсы» деп бекер айтылмаса керек.
Армия - мемлекетті сыртқы және ішкі жаулардан қорғауға арналған ұйымдасқан, тәртіпті мемлекеттің қарулы күші, армияда адамның рухани күші мен қажыр-қайраты қалыпты әрі жоспарлы жұмыс жүргізу үшін қатаң тәртіпке бағынады. Адамның ақыл-ойы, сезімі, еркі армияда әскери істі үйреніп білудегі арнаулы (әскери) бағыттарда және арнаулы әскери міндеттерді атқаруда дамып, жетіледі, ұштала түседі, көрініс табады. Ұйымдасқан күш ретінде армиядағы адамдардың қимыл-әрекеті, күштің бағытталуы және мақсатқа ұмтылушылығы әскери парызды терең түсінуге негізделеді де, бағынуға, командованияға сүйенеді. Армия қарамағындағы адамдардың бастықтарға тәуелді болуын табиғи түрде міндеттей отырып, барлық жеке ерікті жалпы ерік-жігерлі күшке біріктіреді. Қарамағындағылардың ерік-жігерін аға бастық біріктіреді. Армияда командир арқылы көрініс табатын жалпы ерік-жігер бар. Демек, армия дегеніміз - ең саналы әрі парасатты адамдар тобы екен, әскерге жоғары, асқақ сезім, жалпы табанды ерік-жігер, тамаша ұйымшылдық, жоғары мінез-құлық тән. Енді ерік пен адам бойындағы басқа да психологиялық элементтерге тоқтала кетейін. Ерік - өз бетінше дұрыс та парасатты шешім жасауға әрі оны өмірде жүзеге асыруға қабілеттілік, яғни ақыл-ойдың сезіммен үйлесімді жұмысы, сезімнің ақыл-ойға бағынуы. Мықты ерік қорқынышты, ұрыстың ауыр жан күйзелтер ауыртпалығын басады, сейілтеді, қажуды, аштық пен суықты және басқа да қиыншылық, ауыртпалық пен азапты жеңеді, солдаттардың еркін өзіне бағындырып, өзін де өзгелерді де мақсатқа жету жолындағы қауіп-қатерге жұмсайды. Қысқасын айтқанда, ерік дегеніміз - қозғаушы күш, мақсатқа жету жолындағы кедергілерді жеңуші құрал. Ерік-жігердің әртүрлі күйі біздің лексиконымызда алуан ұғымда қолданылып жүр. Назар - ерік-жігердің алаңдаушылық күйі - өзінің барлық болмысымен құбылысты тану, қабылдау және оларды міндеттерді айқындау мақсатымен мида қорытуға көңілді аудару. Ынтасыздық - әр түрлі себептермен ерік-жігердің босаңсуы, жинақсыздығы, тұрақсыздығы. Салақтық - істі аяғына жеткізуге дейін еріктің әлсіреуі, нашарлауы, божырауы. Күш, қайрат - қажыр-қайраттың, ерік-жігердің тас түйіндей түйілуі, алға қойған міндеттерді орындап шығу үшін ақыл-ой, жүйке, бұлшық ет күшін жұмылдыру. Табандылық - барлық күш-қуаттың арту, ширығу күйі, сәтсіздіктің тақсіретін басу, белгіленген мақсатқа қалайда жетуге ұмтылу. Өзін-өзі ұстай білу - ақыл-ойды, ерік-жігерді, құлшынысты, сезімді өз еркіне бағындыруға, адамның бұл қасиеттерін ұрыс жағдайына байланысты тең пайдалана білуге, сабырлы әрі парасатты шешім қабылдауға қабілеттілік. Инициатива, бастаманы қолға алу - әркімнің өз қалауына, еркіне қарай, жауапкершілікті өз мойнына алып, әрекет ету қабілеті. Батылдық - қатаң түрде атқаратын қызметіне, әскери атақ-шеніне, міндеттерді орындау мақсаттарына сәйкес ұрыс даласында өзін алып жүру қабілеті.Әдетте, батылдық дегенде нерв жүйесі қызметінің ерекше күшейе түсуін, қажыр-қайрат пен рухани күштің қанаттануын ұғынамыз, мақсатқа жету үшін, айталық, жеке басты өлімге тігіп жету, меніңше, онша, барлық уақытта, барлық жерде дұрыс емес. Мұндай қимылдар көбінесе шешімділік ұғымына саяды. Ақыл-ой, ерік-жігер, күш-қуат, өзін-өзі ұстай білушілік, шешім қабылдаушылық - бұл қасиеттердің жиынтығы ерлік деген ұғымды береді. Қорқақтық - ерік-жігердің және өзін-өзі ұстай білудің жоқтығы, соның салдарынан әскери парызды, жеке басының абыройын тәрк етеді, өзін-өзі сақтау инстинктінің жағымсыз жағының көрініс табуы. Шешімсіздік - асып-сасуға, абыржу мен әрекетсіздік күйге дейін жеткізетін ерік күшінің толқуы. Устав ешқандай әрекетсіз отырғаннан әйтеуір бір шешім қабылдауды міндеттейді. Кінә жауды жоюға ұмтылып мақсатына жете алмаған адамға емес, жауапкершіліктен қорқып, тайсақтап, іс-әрекетсіз қарап отырып қалған, қажетті сәтте жеңіске жету үшін барлық күш-қуат пен қаруды қолдана алмаған жанға артылады. Мінез - жеке адамның өзіндік ерекшелігі және оның өзіне ұқсағандардан айырмашылығы, қабілеттілігі - оның қызметінің көрінісі. Мінезсіздік - ойлаудың айқын еместігі. Темперамент - мінез-құлықтың физиологиялық негізі, яғни қабылдау дәрежесі мен нерв жүйесі жұмысының шапшаңдығы. Әскери құрмет - әскери ерлігі үшін халық атынан білдіретін алғыс. Нағыз жауынгерлерді тәрбиелеуде дәстүрдің алатын орны зор. Дәстүр - әскердің өткен тарихы туралы документті, ауызша аңыз-әңгіме (аңыз) түрінде айтылатын, бүгінде белгілі бір белімде қолданылатын аңыз. Әскерге жаңадан алынғандар өте тез қабылдағыш, әрі әсершіл келеді, оларға бұрыннан әскери қызмет атқарып келе жатқандардың үлгісі, сөйлеген сөздері, айтқан әңгімелері, бейнелері және нандыруы өте қатты әсер етеді. Кез келген адамға батырдай болсам деген ниет, еліктеу тән. Өткен тарихымыздағы және қазіргі кездегі батырлардың ерлік істеріне еліктеу, соларға ұқсап бағу принципінде тәрбиелеу әскерге жаңадан алынған жауынгерлердің бойында әскери айбындылық туралы дәстүрлі түсінік пен ұғымды және ризашылықпен еске алып, ерлік істерін аңыз ғып айтып, жырта қосып асқақтатып жүрген өзінің алдындағы жауынгерлерден кем болмауға, әскери қызметті олардан нашар атқармауға ұмтылушылық қасиет қалыптастырады. Дәстүрді сақтау, нығайтып отыру және дамыту - командирдің жауынгерлік туды қан төгіп, өмірін қиып, құлатпай жоғары қадап, қаза болған қарулас жолдастарының рухының алдындағы қасиетті парызы мен міндеті. Әскери айбындылық - ешнәрсемен де есептеспей, жан аямай батылдықпен жеңіп шығу. Әскери айбындылық тәртіп пен ерліктен (күш-қуат, өзін-өзі ұстау, табандылық және қаһармандық) ептілік, денсаулық, күш-қуат, сергектіктен тұрады. Командирлер адам күші мен материалдық құралдарды, яғни аз шығындармен жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде моральдық, материалдық және ұрыса білу, жауынгерлік қабілетті сақтай білуге ұмтылуға тиіс. Тәртіп - қарамағындағылардың барлық күш-қуатын ортақ парыз негізінде біріктіру. Жауынгерлік сезімді саналы түрде түсінуге солдаттың бойында қызметтік міндеттерін өте жақсы орындап шытып көзге түссем деген ынталылықты ішкі жинақылықтың белгісі болып табылатын жайдарылығымен, сергектілігімен, күш-қуатының артуымен, ұқыптылығымен ар-намысты, абыройды жоғары ұстаудың белгісі болып табылатын, сырттай мұнтаздайлығымен, парызға адалдықтың белгісі болып табылатын тәртіптілігімен, ілтипаттылықтың белгісі болып табылатын биязылығымен, шешімталдылықтың белгісі болып табылатын қызбалығымен, батылдықтың белгісі болып табылатын албырттылығымен, ерік-жігерлілігі мен табандылығының белгісі болып табылатын қайсарлығымен, сүйіспеншілік пен абыройлылықтың белгісі болып табылатын намысқойлығымен ұштастыра, жетілдіре тәрбиелеу шарт.
* * *
Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен, жүрек бәріне бірдей берілмеген. Соғыс көптеген адамдардың жастық арманын қиып, бақытты, жасампаз, творчестволық өмірдің даңғыл жолына шығуына мүмкіндік бермегенін, алдымен өзің байыптап, содан кейін басқаларға ұғыныңқы түрде, егер жағдай мұны талап ететін болса ойланып-толғанып жатпай, ерінбей кез келген сәтте ерлік жасауға, өзін құрбандыққа қиюға әзір тұратындай, әрбір жауынгердің бойында намыс оты тұтанатындай етіп түсіндіре білген жөн. Командир солдаттарымен өзара тығыз қарым-қатынаста болады, сондықтан да ол оларға ең алдымен өзінің жауынгер жолдастарына қарағандай қарауы керек, олардың басшысы, жаны жайсаң, ерік-жігері мықты, жүрегі таза жауынгер серігі болғаны абзал. Жауынгерлік достықтағы басты нәрсе - өзара түсіністік, адамның адамгершілігін құрметтеп сыйлай білушілік, жолдасыңның ерлігін әділ түрде мадақтай, көтере білуге ұмтылу, сөйтіп өзіңнің де ірі қаһармандық істер жасауға құлшына білушілігің болмақ. Командирдің атқаратын міндеттері қыруар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы - жауынгерлерді достыққа тәрбиелеу мен достық қарым-қатынасты орнықтыру және жолдастық байланыстарды, бөлімшелердің бірлігін нығайту. Әскери бөлімнің күші - жауынгерлік достық пен жолдастық бірлікте, ынтымақта. Майданда жауынгерлік өмірдің барлық қиындықтары мен қуанышын бірге бөліскен әрі жауынгерге тән қызу жүректілікпен үндеуіме үн қатқан, мені түсініп, маған сенген панфиловшылардың арасында өзімді ерекше бір рухани жағынан бай әрі бақытты сезіндім, мұны өзімнің тылдағы жолдастарыма қатысты айта алмаймын. Біздің күшіміз - достықта. Жолдасыңды ұрыста қауіпті жағдайдан сақтай біл. Мен бұл қарапайым ұғымдардың бәріне қысқаша анықтама бердім. Алдағы болатын әңгімелерімізде біз бұл ұғымдарға әлі талай оралатын боламыз. Бұл ұғымдар жауынгерлік өмірдің мысалдарымен толықтырылып отырады және қажет болған жағдайда түсініктемелер беріледі. Ал әзірше жоғарыда айтылған барлық мәселелер жөнінде қысқаша қорытынды жасаймын. 1. Ақыл - таниды, анықтайды, тапсырма береді, жоспарлайды, іс-қимылдың әдіс- тәсілдерін және мақсатқа жету жолдарын көрсетеді. 2. Ерік - құралдарды іс-әрекетке, қимылға келтіреді, бұйрық, жарлықты орындайды, күш- қуатты демейді, яғни ерік дегеніміз - өз бетінше шешім қабылдау қабілеттілігі мен қабылдаған шешімді тәжірибе жүзінде жүзеге асыру қабілеттілігінің үйлесімділігі. 3. Сезім - пайдалы қызметті арттырады, еңбек өнімділігін жоғары шегіне немесе құлдырауға, іс-әрекетсіздікке дейін көтереді немесе төмендетеді. 4. Ар - парыздың қаншалықты дәрежеде орындалғанын таразыға салады, көңіл күйі мен адамның қызметіне қозғау салып, оятады - соның әсерінен бойдағы күш-қуат артыпнемесе кемиді, сергектік (мақтаныш), орындалған парыз немесе орындалмай қалған парыз үшін жанды жегідей жеген ұяттан азап шегіп, мұң басып, ұнжырғасының түсуін саналы түрде түсінеді.
2 күн 20 январь, 1944 жыл. Сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.
Жалғасы бар