«Қанмен жазылған кітап»: Батыр - батыр емес, бастаған - батыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз. Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
None
None

***

Батальондарда қару-жарақтан винтовка мен автоматтан басқа ештеңе болған жоқ. Артиллерия кейінде қалып қойды. Барлық бөлімшелер командирлерін жинап алып, жергілікті жерді көзбен көріп, зерттеуге шықтық, сөйтсек бұрынырақта картада белгіленген жер жағдайы мүлдем өзгеше екен. Старая Руссадан Холмға дейін керіліп үлкен жол жатыр, одан әрі Бородино деревнясы тұр. Үлкен жолдан Соколово мен Трошковоға және оның маңындағы шағын екі деревняға бұрылатын жол бар. Егерде біз дұшпаннан Трошково деревнясын тартып алатын болсақ, онда Соколово деревнясын азық-түліксіз қалдырмақпыз. Бұл жерде негізгі үлкен жол мен екі шепті бойлай өтетін қара жол бар болатын. Бұйрық бойынша Трошковоны алсақ, қойылған міндет орындала ма? Шын мәнінде міндет орындалмайды. Аздаған шығынмен оны алған күннің өзінде бұдан не шыға қоймақ? Дұшпан осы деревнялардан бізге қарсы оқ жаудырады. Полк онда қандай жағдайда қалмақ? Ол дұшпан оғының бұғауына, оның торына барып түседі. Бүгін болмаса, ертең құрбан болады. Бірақ сонда не үшін өлмек? Біз Соколово деревнясы үшін арпалысып жатқан жауынгерлердің жағдайын жеңілдете аламыз ба? Тіпті де олай емес. Немістер басып алған жерде екі жол бар, қазір олар екеуін де иеленуде. Демек, біз көтеретін барлық шығындар бізге ешқандай да пайда келтірмейді. Бұл жерде түбірден соғуға арналған неміс әскерінің тұтас бір тобы «Өлі бас» деген дивизиясының бөлімдері шоғырланып топталған...Мен жоғарыда, командир творчестволық адам болуы керек деп айтқан едім. Өйткені шешім қабылдар алдында алдымен оны байыптап, ойлап алу қажет. Шешім қабылдаудың жүздеген жолы бар, оның бәрі де зерделеуді, ойланып-толғануды қажет етеді. Жер жағдайын бағдарлап, зерттеп, шешім қабылдайтын командирдің жайын осыдан-ақ түсіне беріңіздер. Қазақша айтсақ, ол тәуекелге бел байлап кіріседі.

Командир белгілі бір шешім қабылдап, «осылай ету керек» десе, егер бұл шешім әбден байыпталынып жасалынса, оның иығынан басып тұрған ауыр жүк түскендей болады. Егер ол мұндай пікірді ойланып, салмақтап барып айтпаған болса, онда оның зардабы ауыр, тіпті қайғылы да болуы мүмкін. Не істеу керек? Трошковоны әйтеуір жаудан тартып алдым аты үшін бір полкты жер жастандырып, із-түзсіз өлу - бұл бос, жөнсіз нәрсе болар еді, жығылсаң - нардан жығыл деген. Сөйтіп алда сан тарау жол, әртүрлі шешім тұрды.

Қойылған міндеттің мәні мынада еді. Соколоводағы жауды азық-түлікпен, жабдық жеткізетін жолдан айыру үшін барлық жолды тегіс қиып тастау керек, сонда Соколовоға азық-түлік жеткізу тоқтатылады. Бірақ жолды қандай күшпен алмақпыз? Артиллериялық даярлық жасауға артиллерия керек, қолда винтовка мен автоматтан басқа ештеңе жоқ. Не істеу керек? Тағы да немен, қандай әдіспен алу керек деген сұрақ мазалайды. Әрине, артиллериялық атыспен. Ол бізде жоқ. «Басмашылық» әдіспен алу керек, яғни дұшпанды аңдаусызда бас салып, оны ту сыртынан соғу қажет деген ой оралады. Не де болса тәуекелге бел буу керек. Мынандай шешім қабылданды: барлық алты жолды және барлық алты елді мекенді тартып алу қажет. Біреуін тартып алудың керегі жоқ, бәрін бірден тартып алу керек.

Орыс әскери тілінде «ключ», «стержень» деген термин бар немесе қазақша айтсақ «тіреу», «бақан» - қазақтың киіз үйі - «бақанға» - тіреуге сүйеніп тұрады, егер оны алып тастаса, онда киіз үй желден құлап қалады. Кез келген үй тіреусіз болмайды, егер оны алып тастайтын болсақ, тірексіз үй жапырылып құлайды. Сондай-ақ дұшпанның да маңызды, тірек пункті болады, командир оны тауып, құлата білуге тиіс. Егер дұшпанның тірек пунктін құлатса, онда қалғандарының бәрі айтарлықтай жеңіл қирамақ. Дегенмен, сол тіреу қай жерде болды екен? Байыптап іздеген жөн. Алты жол да Бородино селосына барып тіреледі, демек тіреу, бақан, қорғаныстың тіреуі, кілті - Бородино болғаны ғой! Бородиноны тартып алған жағдайда дұшпанның беріктігі, әскери тәртібінің негізі бұзылады, басқа деревняларды тартып алумен жау қорғанысының беріктігі бұзыла қоймайды. Бұл жерде тағы да командирдің ішкі арпалыс сезімі, командирдің қорқынышы да орын алады. Командир қорқыныш сезімін ақыл мен ақылдың шайқасы басталған кезде-ақ бойдақ өткере бастайды. Егер мұның бәрі өзіңе ғана байланысты болса, онда бәле өзіңмен бірге кеткені, бірақ та мен сияқтылар көп қой. Ал бұл жерде бірнеше жүздеген адамның тағдыры менің бір ауыз сөзім мен шешіміме тәуелді, сондықтан да белгілі бір шешімге келу өте ауыр әрі өте қиын. Командирдің шешім жасардағы күрделі психологиялық сәтті егжей-тегжейлі түсіну керектігі сондықтан. Сонымен жергілікті жерді зерттеу кезінде «тәуекелге бел бууға» шешім жасалды. Батальондардың командирлеріне мынандай бұйрық берілді: мүмкіндігінше айқай-шу шығармауға тырысып, түнде барлық алты деревняға батыл шабуыл жасау керек.

Полктың бір жарым батальоны алты топқа бөлініп, әрбір топтың басына жауапты командир тағайындалды. Біздер орман ішінде тұрмыз. Дұшпан алыс емес, дауыс көтеріп қаттырақ сөйлеуге болмайды. Ең алдымен жауға өзімізді білдіріп, сезік туғызып алмауымыз қажет. Егер бір пулеметтен оқ атылса, ұрыс басталды дей беріңіз, ал шайқас басталды дегенше, біз мақсатқа жете алмаймыз, өйткені біздің күшіміз шамалы-ақ. Сондықтан да дұшпанды сақтықпен орағытып өтіп, тыл мен қанаттан, яғни ту сыртынан және бүйір тұсынан соққы беруге шешім жасалынды. Енді бұл жерде шыққан дыбыс, айқай опасыздық жасағанмен бірдей еді. Осындай мақсатпен топталып орағытып өту көзделінді. Бір топты басқарып Мәлік Ғабдуллин кетті. Оның ротасының командирі Савельев жауды ту сыртынан, ал қалғандары шағын топтарға бөлініп бүйір тұстардан шабуыл жасайды. Барлық батальон командирлеріне ортақ бір міндет қойылды... Штаб не үшін керек? Басқару үшін. Сондықтан штаб ұрысқа кіретін жауынгерлік бөлімдерден бір-екі шақырымдай жерде орналасады. Бізге бұл жерде штаб керек пе еді? Оның керегі жоқ, оның үстіне бұйрықты орындаушылардың міндетті түсініп игеруі басқарудың негізі болып табылатын мынандай жағдайда тіпті де қажеті жоқ еді. Сондықтан мен барлық штаб офицерлерін таратып бөлімшелерге жібердім, жанымда жалғыз ординарецім - көмекшім Николай Митрофанович қана қалды. Түнгі сағат 2-де ұйқыдан тұрдық, түнгі сағат 4-те шартты белгі беруге келіскенбіз. Белгі бойынша барлығы ұрысқа аттанды, мен орман ішінде жалғыз қалдым, ал немістер тым жақында. Орман ішімен біраз жер жүріп едім, бағытымнан адасып, жанымдағы көмекшімді жоғалтып алдым. Орман ішінде «Николай Митрофанович» деп айқайлауға тағы да болмайды. Полкты міндетті орындауға жұмсадым: сәті түссе, жауды жайпап, деревняны тартып алар, жолы болмаса, бәрі сонда жер жастанады. Сонда мен жалғыз өзім тірі қалуым керек пе? Мен де полктың ізімен жүрдім. Қарсы жаққа шыққаным да сол еді, үзік-үзік атылған оқтың дауысын есіттім. Бұл мен үшін алғашқы хабаршы еді. Неміс пулеметшісі үш-төрт рет атып үлгерді, лезде үні өшіп қалды. Біздің әскер шүйдеден соқты білем. Жарайсың, жауынгерлерім, жауды сілейте соққан екенсіңдер. Екінші жақтан оқтың дауысы естілді де, бірден өшіп қалды. Осы екі хабаршы бойымды билей бастаған үрейді жеңуіме көмектесіп, полкымды тауып алуыма мүмкіндік берді. Полк деревняға кірді. Мен шеткерірек тұрған үйге жақындадым, мүмкін мұнда немістер бар шығар деп ойлап тұрмын. Алғашында атқан оқтың дауысы шықты. Кәдімгі дыбыс, оқ ауаға атылғанда құлаққа анық, қатты естіледі, ал мына жерде атылған оқтың дауысы тұншыға шығады. Не болды екен деп бәйектеніп ойлап келемін. Өйткені кез-келген кәнігі солдат өз винтовкасынан атылған оқты немістің атқан оғынан ажырата біледі. Атылған оқтың дауысын мен де ажырата аламын, біздің винтовка-автоматтарымыздан оқ атылып жатқанын есітіп тұрмын. Осы бір шамалы минуттардың ішінде бұл маған жеткен үшінші хабаршы болды. Демек, бұл біздің жауынгерлеріміздің ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр деген сөз. Кенет бір солдат бері қарай, екіншісі ары қарай, үшіншісі көшені қиып жүгіріп өтті. Мен де оның соңынан ұмтылдым. Қараймын, ол үйге баса-көктеп кірді, мен де оның соңынан ілестім. Үйге кірдім. Кенет бөлмеде мылтықтың даусы естілді... Онда неміс жатыр екен, оны біздің солдат бір атқаннан-ақ жер жастандырған. Бөлменің ортасындағы столдың үсті ыдысқа толы. Кереуеттің үстінен шашы жайылған, көздері шарасынан шыққан іш көйлекті әйел түрегеле бастады. Осы жерде «У страха глаза велики» деген орыс мақалын есіме алдым. Қызғаныштың әртүрлі түрі бар. Мен бұл әйелді мүлдем білмеймін, танымаймын, бірақ та оны мына қазір қызғандым. Мен мұның... отанға деген сүйіспеншіліктен туған қызғаныш екенін көп уақыт бойы түсіне алмай жүрдім. Сөйтсем, қызғаныштың үш түрі бар екен: жеке бастың қызғанышы, ұлттық қызғаныш сезімі және отанға деген сүйіспеншіліктен туатын қызғаныш сезімі. Мұндай уақытта ойың сан-саққа жүгіреді. Бұл әйелдің неге соншалықты үрейі ұшты екен? Ия, бұл ауданда еш уақытта қазақтар болмаған, бұлардың европалық кескінді адамға көзі үйренген. Кенет бұлардың үстінен есікті бұза-жара ашып, қайдағы бір «моңғол» кіріп келген бойда, қойнында жатқан офицерді бір атқаннан-ақ сұлатып салды, оның артынан екінші моңғол тап болды.

Әйел болса түсім бе, әлде өңім бе деп аң-таң. Енді оның үрейленгені маған түсінікті болды, кереуетіне жақындап келдім де, жүзіне көрпе жауып, сыртқа шығып кеттім. Үйден шыққан бойда айналада не болып жатқанын өз көзіммен көрейінші деп Варкловица мен Бородиноның аралығында жатқан жотаға көтерілдім. Бұған дейін тарсылдағанмылтықтың даусынан басқа ешқандай хабар алған жоқ едім. Деревняға көз салдым, көше- көшеде жүгіріп біздің жауынгерлер, басқа деревняда да біздің солдаттар қимылдап жатыр. Тұрған орнымнан қозғалғым келмеді. Бұрын аязды жаным жаратпаушы еді, енді мен сықырлаған аязды ауаның дем алған кезде кеудеге ерекше құйылып жатқанын, аязды ауаның дәмін сезінгендей болдым. Жеңісті сезінген кезде еріксіз терең тыныс алдым, міне, сонда аяздың да жанға жайлы болатынын сезіндім. Бұрын мұндай сезімді еш уақытта да басымнан өткермеген едім. Штаб бастығы, Гундилович пен Трофимов жаныма келді. Трофимов батальонның жақсы комиссары болатын. Сөйтсек, бүл комиссар біздің жауынгерлер бір ғана винтовка және автоматпен жауға аттанғанына жүрегі дауаламай, менің шешіміме риза болмаған. Алайда түнгі шабуылымыз ойдағыдай аяқталды, бәрі қуанып, қолымды алып жатыр, «жолдас капитан, сіздің еңбегіңіздің арқасы»,- дейді. Мен Мадьярға қарап тұрып, Бородино туралы өлең шығардым: Мен істедім дегенше, Мың істеді десеңші. Ер істеді дегенше, Ел істеді десеңші. Мен мыңдікі болмасам, Ер елдікі болмаса, кім істеді дер едің? Бұл 1942 жылдың 7 февралында болған еді. Рас, кейінірек, кейбір командирлер менің жасаған шешімімнің дұрыс екенін көрген кезде, ұрыстың сәтті болғанына көздері жеткенде, төмендегі жыр жолдары құйылған еді: Жалғыз батыр - жалғыз жан, майданға тұлға бола алмайды. Азынап жалғыз арыстан Орманды билеп ала алмайды, Жалғыз батыр болғанша, Жалпы батыр болғаны, Ел сипаты, ер сыны, Әрине, батыр батыр ғой, Бастаған батыр ер пірі... Батыр - батыр емес, бастаған - батыр. Бородино шайқасының тәжірибесінен алынған қорытынды еді бұл. Бәрі де ойлағандағыдай болып шықты. Жотадан төңіректі шолып, созылып жатқан алты жолды өз көзіммен көрдім. Жақсы, бұл жолдарды біз алдық, бірақ қолдан шығармай, ұстап тұра алар ма екенбіз? Бұл жол бізге және дұшпанға не бермек? Айталық, дұшпан бір мезгілдебес-алты жақтан жаяу әскерімен және танкілерімен шабуылға шықты делік. Танкілерге қарсы қолданылатын менде не бар? Ештеңе де. Артиллерия жоқ, танкіге қарсы қолданатын қару да жоқ. Осы жерде командир дұшпанның шабуылға шығуынан қауіптеніп іштей қорқыныш сезімін бастан кешеді, яғни бұл жерде жаудың бізге қарсы шабуылға көшуін көре білу жеңіске деген қуанышты су сепкендей басып тастайды, жауды жеңіп, тартып алынғанның бәрі де бір сәтте қолдан шығып кетуі ықтимал деп ойлағанда, бойға қорқыныш ұялайды. Сонда мен не істеуім керек? Менің парызым - жауынгерлерімнің осы түнде жасаған ерлік істерін сақтап, қорғап қалу. Ал бұл жеңістеріміз ауыр жағдайға душар болуы мүмкін, сондықтан қуануға әлі ертерек. Немістер қарсы шабуылға шыға ма, жоқ па? Сөз жоқ, шығады. Тұрған жерімізде жан- жаққа тарамдалған жол, шепті бойлай өтетін қара жол көп - мұның өзі келесі міндеттерді шешуге ең жақсы алғы шарт болып табылады. Жолға даярлануға, қаза тапқандардың санын анықтауға бұйрық бердім. 800 фриц жер жастандырылған, соның ішінде бір неміс полковнигі атып өлтірілген (оны қызулықпен өлтірген). Біздің шығынымыз - 57 адам. Егер де шеп маңызсыз, назар аударылмайтын болса, онда ол үшін адамдарды босқа шығынға ұшыратудың керегі бар ма деп жоғарыда айтқан едім. «Жеңістің түбірінде жеңіліс бұғып жатады»,- деп Панфилов айтқандай... әрбір командир қадамын есептеуге тиіс. Мен ұрыс идеалы дегеніміз - бұл ұрысты шығынсыз жеңіп шығу, ал ұрыс өнері дегеніміз - бұл ұрысты азырақ шығынмен жеңіп шығу деген сөз деген едім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің ұрысымыздың нәтижесі тиімді, жақсы.

Шығынның ара қатысы 800-ге - 57. Күндізгі сағат 12-де немістер қарсы шабуылға шықты. Біздің бақытымызға орай танкілерін емес, жаяу әскерлерін жіберді. Бірақ атака бір мезгілде барлық тұстан басталды. Біздің тарапымыздан, сірә, бейғамдыққа жол беріліп алынған болуы керек, соның салдарынан дұшпанның қарсы шабуылы күтпеген жерден жасалынғандай болды. Бұл кезде мен сарайдың ішінде едім, менің артымда саяси бөлім бастығының орынбасары Гусев тұрған. Сыртқа көз салсам, немістер қаптап, оқты боратып келеді, бас көтертпейді, біздің солдаттар оқ атқан жоқ. Дұшпан 400 метрдей жерге жақындап қалды, біздің солдаттар оқ атар емес, 300 метрдей жерге жақындап келді - оқ атқан жоқ, енді, міне, 250 метрдей жерге таяды... әлі де атар емес. Біздің қыл үстінде тұрған жағдайымызды ойлап көріңіздерші! Қазір жауды тым жақын жіберіп алсақ, бәрі бітті дей бер. Осы ой басыма келіп, Гусевке айтуға бұрылғанымда, ол құлап бара жатты. Сөйтсем, сарайдың қабырғалары үңірейген жарық, содан оқ өткен екен.

Немістер бұқпантайламастан барынша есіре арсыздықпен ентелеген осынау бірнеше секундтың ішінде, өзімді қылпып тұрған ұстараның жүзінде тұрғандай сезіндім. Кенет жанымда тұрған офицерді байқап қалдым.

- Мұнда неғып тұрсың?- деп сұрадым,- ана жаққа жүгір. Взводты ал да қарсы шабуылға көтер. Айтарымды айттым, оған жете ме, жоқ па. Айналаның бәріне оқ сеуіп тұр, қаңғыған оқ тиіп мерт етер. Окоптарға бекінген біздің рота әлі оқ жаудыра қойған жоқ. Неге? Немістер біздің ротаға жүз метр жер қалған кезде бір жауынгер қырындай түрегеліп, автоматын алға кезей ұстап: «Ура!» деп айқай салды. Бұл Төлеген Тоқтаров еді. Ротаның қимыл-әрекетсіз қалғанына ашынған ол өзінің төрт жолдасына: «Жауға аттанайық!» - деп үн қатқан. Оның соңынан ала бес жауынгер «уралап» жауға ұмтылды, олардың артынан тағы да бес адам, сөйтіп бүкіл рота тұтас көтерілді, немістер кейін шегінді.Полк командирі ретінде бұл ұрысқа басшылық жасай алдым ба? Жоқ. Мен сасып абдырап қалдым, жағдайымыз құрыған екен деп санадым. Полкты тығырықтан кім аман алып шықты: командир ме немесе мына 10 ержүректерді бастап шыққан екі қыран ба? Бұл жерде, ұрыстың осы сәтінде мен командир ретінде дәрменсіз күйде қалдым. Ал осы сәт ең қауіпті еді. Бірақ батыл ерлер өз істерін істеді, қауіп жойылды. Операцияның екіншікезеңінде, осы қарсы шабуылға шығу уақытында мен жалғыз өзім ғана емес, барлық полкпен бүкіл дивизия осы 10 батыл жауынгерлерге қауіптен аман алып қалғаны үшінқарыздар, олар көтерілгеннен кейін барып қана пулеметтер мен автоматтар жәневинтовкалардан оқ жаудырыла бастады. Алайда бұл ең батыл жауынгерлерді көтерген,олардың сана-сезіміне түрткі жасаған кім? Міне, осы жерде ерлікті ажырата тани білген жөн. Тоқтаров пен Ғабдуллиннің және басқалардың ерлігінің мәні осында, олардың жауынгерлерді бастауында жатса керек. Қорытынды жасайын. Бородино ұрысыныңнәтижесінде 1200 дұшпанның көзі жойылды, біз 157 адамымыздан айырылдық. Неміс командованиясының түбірден соқпақ болған жоспары тас-талқан етіліп, күлін көккеұшырдық. Командование Бородино ұрыстарына жұрт алдында жоғары бағасын берді, бұл топтың командирі ретінде мен Қызыл Жұлдыз орденімен наградталдым. Дивизияның басқа бөлімшелері туралы бірер сөз айта кетейін. 1075-полк дұшпанды өкшелей тықсырып, Большое Шелудковоға дейін жетеді де, Старо-Русский үлкен жолына бұрылады. 1942 жылғы 11 февральда аудан орталығы Поддарье үшін ұрыс жүргізеді.1073-полк жанындағы Соколово, Малое Лесово, Каменка және басқа да елді мекендерді иеленеді. Ол 1942 жылғы 17 февральда Шапково-Кокачево үшін шайқасады, осы ауданда Калинин және Солтүстік-батыс майданы түйіседі.1077-полк Болышево үшін, 1073-полк Сутоки, Мозыри, 1075-полк Труховка үшін кескілескен ұрыс қимылдарын жүргізеді, 75-теңіз бригадасы Орехово, Чекуновоны басып өтіп, Хольм-Локня үлкен жолын қиып тастады.

Неміс әскерлері сияқты біздің әскерлерімізде Холмның батыс жағындағы үлкен жолда қорғанысқа көшті. Табан тірескен соғыс 90 күнге созылды. Мен жазушы емеспін, бәлкім, ешқашан қаламгер бола да алмаспын, ғылыми қызметкеремеспін және ешқашан ғылыми қызметкер де бола алмаспын. Есіме түсіріп айтып берген әңгімелерімнің бәрі - қаза тапқан, қайғы-қасірет шеккен жолдастарымның рухы алдындағы солдаттық парызым. Менде бұдан басқа ешқандай мақсат жоқ, ешнәрсені де талап етпеймін, дәмеленбеймін. Айтқандарымның бәрін дұрыс, келтірілген сандар мен оқиға болған күндерді дәл уақытына сәйкес келеді деп дәлелдеп жатпаймын, кейбір шегіністердің болуы әбден мүмкін, бірақ мен өз көзқарасымды әділ жеткіздім деп санаймын, сондықтан айтқан пікірлерім ешкімді ешнәрсеге міндеттемесе керек. Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды Жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар