«Қанмен жазылған кітап»: Ерлік дегеніміз - дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.
None
None

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

*** Ерлік дегеніміз не? Бұл - адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі. Ержүректілік пен батырлықты найзаласқан қолма-қол ұрыстан көргісі келетін адам қателеседі. Ерлік - табиғат сыйы емес, ең алдымен өзіңнің ар-намысыңды және азаматтың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін - азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік, теңдікте өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмірінің игілігін ғана емес, сонымен қауіп-қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға-жанмен, қанға-қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарыңды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр ету. Батылдық - қимыл әрекет есебін тәуекел етумен үйлестіре алушылық. Тәуекелді есеп ақтайды. Есепсіз тәуекел - тұл. Көзсіз батырлық - ептілікті батылдықпен ұштастыра білушілік. Ойланбай жасалынған көзсіз батырлық - есерсоқтық. Ептілік - адамның ақыл-ойын ұшқыр ойлай білуге, дене қимылын икемділікке, бұлшық еттерінің шиыршық ата қозғалыс жасауға қатаң жүйелі түрде тәрбиелеудің (жаттықтырудың) нәтижесі. Келесі мәселе солдат туралы. Бұл - былайша айтқанда, өте күрделі мәселелердің бірі. Бүгінгі күні әділін айтсақ, әскери тақырыптағы барлық шығармалар мен заметкаларда солдаттың бейнесі ашылып көрсетілмей келеді, оның орнына жансыз қағаз адамның образы жасалынуда. Олардың шығармаларында солдат адамзаттың әлдебір жаратылысы бөлек перзенті сияқты суреттелінеді, сөйтіп солдаттың шынайы бейнесі шықпай қалады. Қорқынышқа оралайықшы. Мен сіздерге «Ұрыс кезіндегі қорқыныш» деп аталатын қойын жазбаларымнан үзінді келтірейін деп едім: «Ұрыста адамның барлық қасиеттері сынға түсіп, тексеріліп, бәрі де шешіледі. Ұрыс өтіріктің, жалған батырлықтың бет пердесін сырып тастайды, екіжүзділік оқтың астында шыдас бермейді. Ұрыста зәре-құтыңның ұшқанын жасыра алмайсың. Батылдық мүлдем жоғалады, болмаса өзінің барлық көрінісімен тек ұрыста ғана көрінеді. Жауынгер өзінің қаруымен күшті, бірақ та алып батырдың қара күші де табанды жауынгердің жай қаруының алдында қауқарсыз болатыны сияқты әлсіздің қолындағы ең қуатты қару да дәрменсіз. Табандылық - батылдардың қалқаны. Құтқару - қашуда емес, қорғану мен шабуыл жасауда. Кімде-кім қорғанбаса, сол өледі. Тәуекелсіз ерлік жоқ. Шабуылға шыққан, өлімді күтпей, өлімге бетпе-бет барған адам ғана жеңіп шығады. Өйткені ол өмірді өте сүйеді, өмір мен отанның азаттығы үшін ұрысқа аттанады. Ұрыста өмір ешкімге сыйланбайды, ол жаулап алынады, өйткені ұрыс аяушылықты білмейді.Қауіптілік ұрыста жорамалдан нақтылыққа айналады, ол тікелей жақыннан сезіледі - айналаға өлім қаупі төніп, әрбір қадам сайын күшейіп, үдей түседі. Жаныңдағы серіктестерің оқ тиіп сиреп, ысқырына зулаған оқ, снарядтар мен миналар ұли, құлақ тұндыра ызыңдай ұшып, кедергіге қатты соғыла, гүрс ете жарылып, жан-жаққа әртүрлі көлемдегі тиген жерін опырып, жарақаттап, мертіктіретін, жолындағының бәрін жайпап өтетін жарықшақтар ұшады да, жарылыс болған жерден қан аралас шаң, топырақ, балшық аралас қоп-қою қара түтін терең шұңқыр қалдыра аспанға көтеріледі. Майдан даласы мен аспанынан сәт сайын өлім қаупі төнеді. Уақыт жылжып өте береді, бір сағат - 60 минут өтеді, бір минутта - 60 секунд, ал секундына мыңдаған адам қаза болады, олардың жер бауырлап жылжуына, жүруіне, қарсы жүгіруіне тура келеді. Адам өмірінде бұрын-соңды болмаған сын сағат - қорқыныш сезімі мен парыз сезімі тайталасқа, арпалысқа, жан беpiп, жан алысуға түседі, тіпті әбден ашынған аң да қорқыныш пен парыз сезімі сияқты қатал арпалысқа түсе қоюға дәрменсіз болар: «Сен өлесің, сенің жастық шағың осымен бітті, сені қазір өлтіреді, болмаса қайтып бас көтертпейтіндей етіп жаншып тастайды, сенің денеңнің быт-шытын шығарып, бұтарлайды, сені ешкім де таба да, жерлей де алмайды». «Ел қайда, Еділ қайда, мұра қайда, Еш пенде әл ақуалың сұрамайды. Осы жерде ажал жетіп өліп кетсем, Еш пенде, ой бауырым, деп жыламайды». «Құтылуға асық, жасырын, зытып келеміз, тезірек зытып, жүгіріп келеміз...» Қорқыныш сезімі аяғыңды артқа тартады немесе қорғасындай ауыр салмақпен жерге жабыстыра түседі, болмаса шинельдің етегінен жабысып, ілгері жібермейді. Қолың талып, әл кетіп, саусақтарың шүріппені басуға келмейді, көз шарасынан шығып, қарауылға алып, нысананы көздеу түгілі қараудан да қорқады. Буындары дірілдеп, тізесі қалтырайды. Өкпесі ауа жетпей алқынады. Кеудеңде жүрегің дүрс-дүрс соғады, түсі қашып, өңі сұп-сұр болып кетеді. Жүйкесі шегіне жете ширығады: мұның бәрі қашу керек, артқа қарамай зыту керек, құтылу қажет дегенді білдіреді. Сен адамсың! Сен азаматсың! Сенде ұят, масқара болу, опасыздық сезімі бар - сенде жеке бастың асыл абыройы, өз отбасыңның абыройы, өз ұлтыңа деген мақтаныш - парыз сезімі бар. Сен жалғыз емессің, бұл ауыртпалық сенің жалғыз өзіңе ғана түсіп тұрған жоқ, жаныңда өзіңнің отандастарың, сенің қарулас жолдастарың бар, олар сенен кем емес, сен сияқты, бұлар да өмір сүргісі келеді. Сенің қара басыңа бола шынымен басқалар сенің үй- ішіңді, ата-анаңды, сенің туған халқыңды қоян жүрек деп атағаны ма! Басқа жұрт бұлар Отан деген сөзді жүрегімен емес, тілінің ұшымен айтады демес үшін өз басыңа, үй-ішіңе, туған халқыңның атына кір келтіріп, қорлық таңбасын түсіре көрме. Олар сенің есіміңді атауға арланып, сені мәңгі бақи қарғамайтындай әрекет еткін. Ойланшы! Егер сен бұқпантайлап қаша жөнелсең, онда өз замандасыңның алдында масқара боласың, лағынет қарғыс айтады, жұрттың бәрі сенен сырт айналады: сенен әке- шешең де сатқын ретінде безініп, беті күйіп, көршілерінің жүзіне қарай алмайтын болады. Әйелің де біржола сенен безініп, саған өзіңнің жүрек сырын ашқан бақытсыз күнді шерлі көңілмен еске алатын болады. Сенің сүйікті балаларың да безініп, мына барлық бақытсыз балалардың ішінде ең бақытсызы болмақ. Олар сенің фамилияңды алып жүруге ұялып, өздерінің әкесінің кім болғанын жасыратын болады. Өзіңнің қайғыңды, қиындығыңды, қауіп-қатеріңді бөліскің келмейтін жолдастарың, жерлестерің де біржола сырт береді.Егер сені ұстап алатын болса - онда сатқын, опасыз адам ретінде атып тастайды, әділ түрде масқаралап, сенің қаныңмен коллективтің масқара болған күнәсін жуады. Атып тасталған жерде абыройың айрандай төгілген күйде тасталған өлекседей жатасың. Ойланшы, қашу - жаудан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық. Саған өмірді ешкім сыйға тартпайды, оны өзің күресіп жеңіп аласың. Абыройыңды жоғалтпа. Бойыңа күш-қайратыңды жи: өмір сүргің келсе, онда өзің мен жолдастарыңды өлтіргісі келгендерді өлтір, сонда ғана тірі қаласың. Жолдасыңды да құтқарып қаласың, онда даңқ та, абырой да сенікі. Сені бәрі батыр деп айтып, мақтан ететін болады. Бәлкім мүгедек болып та қаларсың, мұның өзі жұрт жек көретін жаны мүгедек болып жүргеннен әлдеқайда артық. Мүмкін өз борышыңды орындау жолында қаза табарсың, онда сені мәңгі еске сақтап, алғыс сезіммен айтатын, мақтанышпен еске алатын болады. Есейе түс! Алға ұмтыл!- деп әмір береді бойдағы парыз, адамгершілік сезімі. Солдатта осынау ішкі арпалыс сәтте, таразының екі басы біресе бір, біресе екінші жағына қарай алма кезек ауытқи бастаған кезде, солдат осы екі бірдей сиқырлы сезімнің арбауына берілген сәтте бұйрық беріледі. Командирдің бұйрығы, оның әмірлі де қарсылықты басып тастайтын үні, сенімді де сабырлы дауыс ырғағы - жауынгер кеудесіне сенімділік ұялататын, оның ерік күшін, жүйкесін ширата түсетін, парызын орындауға серпін беретін, жауынгерді жүрексіздің қолынан масқара болудан аман алып қалатын, жауынгерлік рух беріп, солдаттың ар-ожданын алдамшы, бірақ та жаман психологиядан - қорқыныш сезімінен сақтап қалатын Отанның ұлдарына берген бұйрығы болып табылады. Мен жоғарыда: «...ұрысты басқару - бұл жүйкені (психиканы) басқару» деп айтқан себебім сондықтан еді. Міне, сондықтан да ұрыс кезіндегі командирдің бұйрығының мәні тек қана басқару құралы ретінде ғана емес, сондай-ақ қорқыныш сезімін парыз сезімінің түпкілікті жеңу құралы ретінде де мәні баға жеткісіз. Жауынгер қорқыныш сезімін жеңіп, көптеген қауіп-қатердің ішінде өзін сабырлы сезінеді (әрине, салыстырмалы түрде) ол өзінің қаруының күшіне сенеді және ұрыс даласында ақылмен, сабырлылықпен, есеппенен әрекет етеді, кейде тіпті өзі әбден азап шеккен, жауға деген әбден қайнаған ыза-кекпен аласұрып бас амандығын да ұмытып, қауіп- қатерге көзбе-көз ұмтылып, оны жеңіп шығады. Біздің солдаттар баспасөзде, әсіресе, Қазақстан баспасөзі бетінде тым сұрқай түрде көрсетіледі. Сондықтан мен 1942 жылдың басында қазақ жазушылары мен журналистеріне хат жазуға мәжбүр болдым. Олардың көбі өткір жазылған хатты көңілдеріне алып, маған өкпелеп қалыпты. Сәбит Мұқанов менің мына өлең жолдарыма қатты өкпелеп қалыпты: Жер күңіреніп, су тасып, қара бұлт көшкенде, Ел күйзеліп, ер қажып қара түн басқа түскенде, Ата тегі жер үшін, туысқан-туған ел үшін, Ел ерлері майданда белуардан қан кешкенде Соғыс жазушыға не берді? Жазушы соғысқа не берді? Дау емес менің сұрауым, көптің бірі болған соң,Менің менім мен емес, мыңның мені болған соң. Осында қатысып отырған екеу - Мұхтар мен Ғабит өз әріптесі мен председательге қосылуына тура келер, болмаса езінің творчестволық жазушылық арының алдында осы екі сұраққа жауап берер деп ойлаймын, (оларға бұрылып): Мына сын сағатта, бүгінгі ойран таңда, елдің елдігі, ердің ерлігі туралы қолыма мылтық ұстап жүрген мен жазамын ба, жоқ қалам ұстаған сендер жазасыңдар ма? Бел дүние, ол дүниеде жазу қайсымызға борыш? Ойланып көріңіздерші. Өкпелеу үшін үлкен ақылдың керегі де жоқ. «Жазушыларға жазған хатымда» мен ең алдымен солдат адам және адамға тән барлық нәрселер оған да тән деп айтқым келген еді. Ұрыстағы ең қатерлі қару - адам жаны, оған қажетті оқ-дәрі - рухани азық болмақ. Бұл адам жан жүйесін түсіну үшін оның конструкциясын толық білу қажет, бұл қару-жарақты жабдықтау мен пайдалану үшін әрбір бұрандасының детальдарына дейін білу керек, оның арсеналы жүректі баурар жалынды сөз болуға тиіс. Біз солдаттың - адамның жан-жүйесін бейнелеп қару-жарақ деп атаған екенбіз, онда әрбір қару-жарақты система мен калибрге болу қажет. Солдаттардың құрамы әртүрлі, әртүрлі системалы және әртүрлі калибрлі. Гаубица сияқты жан жүйесі бар... оған винтовканың оғын жібереді, ал ұсақ калибрлі винтовкаға кенеттен снаряд жібере бастайды... Біздер жазушылардың творчествосын рухани азық деп атайды екенбіз, онда солдатқа жеңіл оқылатын, күлкіге қарық ететін барлық адам жөнінде, адамның адамгершілігі туралы ойландырып- толғандыратын кітап беру керек. Бұл жөнінде жазу, әрине, қиын, бірақ жазу қажет. Осындай пайымдауларға байланысты мен мұндай хатты жазуға мәжбүр болдым. Біздер алып тұратын майдан туралы жазылған орыс әдебиетінің 60 проценті де брак екенін айтқым келеді, ал қазақ әдебиетшілері болса, брактан қашып, мүлдем жазбауды ұйғарған. Рас, бұл - қаржыны үнемдеу, бірақ қазақ солдатының рухани азыққа деген мұқтажы, қажеті басқалардан кем емес. Соғыс тақырыбына жазудың өте қиын екенін қайталап айтамын. Әзірше ізін суытпай сұлбасын, нобайын түсіріп қою керек, бірақ та олардың өзінен адамның сурет салуға әрекеттенген талпынысы көрінетіндей болсын, ал нобайсыз қалдыруға болмайды. Қазір бұл материалдармен соғыстан кейін бірнеше жыл жұмыс істей алатындай әрі оны өңдеп, нағыз келбетіне, сипатына келтіре алатындай етіп жазу керек. Кез келген шығынның орнын толтыруға болғанымен, бірақ адам шығынының орны толмайды. Армияның басты күші мен негізгі байлығы - солдаттар. Сондықтан да басты назар өнерді, солдат кәсібін үйретуге, жауынгерді ұрыста аман сақтап қалуға аударылуға тиіс. Солдатқа, адамға менсінбей қараушылық түбінде жақсылыққа әкеліп соқтырмайды. Барлық кезде де солдаттың мұң-мұқтажына үн қатып отыру қажет, жазушылар қанша дегенмен рухани қару-жарақтарды негізгі жеткізіп берушілер болғандықтан, олар барлық уақытта өз шығармаларына сергек қарауға және бұл мәселеде халықтың алдында бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс. Солдат мерт болса, онда барлық байлықтан айырылғанымыз, солдатты аман сақтап қалу - міне, ең басты мәселе осында. Панфилов жөнінде тоқталған кезімде бұл ойды таратыңқырап айтармын. Армиядағы бұл байлықты жоғалтып алмас үшін солдатты рухани да, дене тәрбиесі жағынан да үйрету, оны жақсы жауынгер етіп тәрбиелеу керек, өзі мерт болмай, жауын жоятын солдат кәсібіне үйрету қажет. Жеңіске жету үшін бізге рухани жағынан мықты, жоғары саналы совет адамы керек. Әскери қызметшілердің міндеті - әскерге шақырылған азаматтарға әскери өнерді, техниканы, ұрыс жүргізу айла-тәсілдерін, солдат кәсібін үйрету, сонымен қатар жалпы тәрбие беру жұмысын да жүргізу.Бойында адамға тілерлік барлық абзал қасиеттері бар парасатты азаматты тәрбиелеу оңай іс емес. Бұл іс жақсы тәрбиешілерді ғана емес, сонымен қатар ондаған жылдар бойы тер төге еңбек етуді де талап етеді. Тәрбиелеу жұмысы көп сатылы, алуан қырлы әрі көп еңбек сіңіруді қажет етеді. Әскери тәрбие проблемасы - бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян- қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы болып табылады. Ата-ана тәрбиесі - мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі - адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді. Ересек адамға тәрбие беруді жалғастырудың қажеті жоқ деушілік мүлдем қате. Солдат - ересек адам, бірақ оның қоғамдық жағдайы солдатты төменгі рангіде болуға міндеттейді, ал армияда бұл ранг жасөспірімдерден кем емес қамқорлық қарым-қатынасты жасауды, қорғаншы болуды қажет етеді. Солдат жанының құнарсыз жерден нәр алуына жол беруге мүлдем болмайды. Майдандағы қазақ жауынгерлері өзінің ана тілінің, туған әдебиетінің, төл музыкасының сарқылмас қазынасынан тіпті болмашы, мардымсыз нәрсе болса да ала алмай отыруын мен қылмыс деп есептеймін. Әскери қызметшілердің ісі - әскерге шақырылған азаматтарды әскери өнерді, техниканы және ұрыс жүргізу айла-тәсілдерін, солдат кәсібін үйрету, сонымен бірге жалпы тәрбие беру жұмысын да жүргізу. Көбінесе аналар баласын жөргегінде жатқанда бүлдіріп алады. Бізге осындай жөргегінде жатып жөнді тәрбие алмаған адам кез келеді, ата-анасы 22 жыл бойы бұзып келген осындай адамды, мен екі жылдың ішінде қайтіп түзей алмақпын? Оның үстіне қырсыққандай командирлердің бәрі бірдей тәрбиеші бола алмайды. Біздің жастарымыздың жартысы бетімен кеткен, тәртіпсіз, олардың үлкендерді сыйламайтыны, дөрекілік көрсететіні құпия емес. Бойында барлық абзал қасиеттері бар адамды тәрбиелеу ісі - бұл әскерге алынғанға дейінгі кезеңде жүргізілетін тәрбие жұмысы болуға тиіс. Қазақ халқы: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер»,- дейді. Егер бала жөргекте жатқан кезінен-ақ анасын тыңдамай, бес жасынан әкесімен тайталасып, тілін алмай, бұзақы болып өссе, онда өсе келе одан сөзсіз жаман адам, жаман солдат шығады. Мұндай жөргегінде ұрған адамды қайта тәрбиелеу, оның бойына жауынгерлік игі қасиеттерді дарыту командирдің ғана қиын да ауыр міндеті болмаса керек. Ұқыпсыз, жауапсыз ата- аналардың тәрбиелеп өсірген мұндай жүгенсіз балаларынан командирдің де жақсылық күтуі екіталай. Балаға адамның, азаматтың бойындағы барлық жақсы, асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет, сонда ғана одан жауынгер шықпақ. Сонда ғана әскер өз қатарына өнегелі азаматты, жақсы жауынгерді қабылдай алмақ, ал қазір біздер кейде азап шегіп, қайта тәрбиелеу жұмысына көп уақытымызды, күш қуатымызды сарп етіп, жүйкемізді тоздырып келеміз. Бұқара көпшілікті тәрбиелеу жұмысында суретшілердің, жазушылардың, композиторлардың және басқа да өнер қайраткерлерінің алатын орны үлкен. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Скворцов жолдастың қабылдауында болған кезімдегі онымен болған әңгімеде мен ұлтқа әскери тәрбие беру және әскери мәдениеттілік жөнінде айттым. Бұдан басқа арамызда ешқандай да бөгде әңгіме болған жоқ, өзім туралы ешнәрсе де айтпадым. Біз онымен төрт сағат бойы тәрбиелеу, ұлттық жауынгерлік мәдениет туралы, осыған байланысты соғыс айқындап берген кейде өзіміз жемісін көріп жүрген кейбір проблемалар жөнінде әңгімелестік. Әскерге дейін жақсы азаматты тәрбиелеп өсіруіміз қажет. Бұл өте терең мәселе. Міне, менің солдат туралы арнайы жазуға мәжбүр болуым да сондықтан. «Солдат» деген сөзді соғысқа қатысты мағынада ғана ұғынбау қажет. Өйткені сіздер соғыста да, майданда да жүрген жоқсыздар, бірақ та сіздер де еңбек майданының солдаттарысыздар. Барлық жерде адамға жас кезінен бастап солдат, нағыз күрескер деп қарау қажет. Мен үстіне сұр шинель киіп, қолына винтовка ұстаған адамды ғана айтып отырған жоқпын, солдат деп әртүрлі салалар мен қызметтерде жұмыс істеп жүргендердің бәрін айтып отырмын. Өйткені бұл да майдан. Солдат деген сөзді мен кең мағынада түсінемін. От басы, ошақ қасынан бастап - шабуылға дейін, ұрыс кезінде барлық жерде жауынгерлік қасиет, адамның табандылық көрсете білуі керек. Адамның әскери- жауынгерлік қызметі - біздің күресіміздің тек бір ғана түрі болып табылады. Ерлікке тәрбиелеу. Солдат, әскери қызметші болу оңай емес. Біріншіден, себебі, солдат қызметі жағынан ешқандай да демократиялық праволарға ие бола алмайды, мен сайлау системасында емес, қызметінде деп айтып отырмын. Сапта тұрған кезде, ол еркін қозғала алмайды, жеке күнделікті тіршілікте өз еркінше жүруіне правосы жоқ. Солдат мұның бәрінен айырылған - қажеттілік осындай, солдаттың жеке үлесі осындай. Әскерде демократизм элементі зиянды. Бәлкім, сіздер бұл дұрыс емес қой деп дау айтарсыздар. Бізде кейбір әскери-саяси қызметшілер бұған қарсы дау айтады, бірақ мен командир мен қатардағы жауынгердің арасындағы күнделікті қарым-қатынаста тіпті демократизмнің элементтері де болмауға тиіс деген осындай қорытындыға келдім. Әмір етуші және мойын ұсынушы, бұйрықты орындаушы бар! Басқару мен бағынудың әскерлік принципі осындай, бұл - қажеттілік. Мен оған істе деймін, ал егер істемесе, бәрібір істеуге мәжбүр етемін. Қарамағындағы солдат пен командирдің арасында сапта ешқандай да тепе-теңдік болуы мүмкін емес. Бұл мәселе мүмкіндігіне қарай соғыстан кейін талқылана жатар, бірақ та Отан соғысына қатысып, едәуір тәжірибе жинаған маған осындай қорытынды жасаудың дұрыс екеніне көзім жетті. Әскердегі жалған және өтірік теңдік жөніндегі мәселе соғыстан кейін талқыланар - мен бұған сенімдімін. Солдат болу оңай емес, басқаның еркіне мойынсыну жеңіл емес, бірақ сен бұйрықты, команданы сөзсіз орындауға тиіссің, тіпті бұйрық саған ұнамай тұрған күннің өзінде де сен сөзге келмей орындауың керек. Бұл мәселеге байланысты менің қолжазбаларымда бірсыпыра тереңірек жасалған тұжырымдар бар. Менің көзқарасыма күдік келтіретін әрі бұл мәселемен айналысқысы келетін адам болса, қолжазбаммен танысып көрсін. Командирге әскерді темірдей тәртіпті ету, бағындыру оңай емес. Мен сіздерге тәрбиелеу жұмысындағы игі дәстүрлер жөнінде айтып кеттім, оны енді қайталап айтып жатпаймын. Осыған орай мен Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің председателіне жастарды тәрбиелеу туралы, ұлтқа әскери тәрбие беру мен әскери мәдениеттілік жөнінде, жігіттеріміздің бойында жауынгерлік қасиеттер қалыптастыратын біздің халқымыздың игілікті дәстүрлері хақында хат жаздым (хаттың тексін оқиды). Егер халық әскери тұрғыдан алғанда мәдениетсіз болса, онда мұны жөргекте жатқан кезден бастап тәрбиелеу мәселесіне жатқызу керек, егер адамды жауынгерлік қасиетке тәрбиелемесе - онда бұл халық жауынгер халық болмағаны. Мұны өткен тарихымызға қатысты, біздің халқымыз жауынгер халық болмаған деп айта аламыз ба? Жоқ, біз бұлай деп айта алмаймыз, өксікті өкінішке орай біздің жауынгерлік, ержүректік қасиеттерімізге соңғы уақыттарда өткенге жаппай тас лақтыру, қаралауға байланысты жатсына тосырқана қарай бастаған сияқты. Өткенге жатсына қараушылық орыс және басқа да ұлттарда да болған. Мұның өзін республиканың ескі басшыларының тарапынан жасалынған белгілі дәрежедегі зиянды іс деп санаймын. Халықты жауынгерлік асыл қасиеттерге тәрбиелейтін дәстүрлерінен қалай айыруға болады? Игі дәстүрлерді архивтің сөрелеріне қаттап қоюға бола ма екен? Бұл пайда келтірер ме еді? Бұл бір ұлттық масштабта ғана емес, сонымен бірге халық сияқты мемлекеттік масштабта, әлемдік масштабта да өте үлкен зиян келтіреді. Егер біздер қазақ халқының барлық жақсы дәстүрлерін керегі жоқ деп қудалайтын болсақ, ата- бабаларымыздың кім екенін білмейтін болсақ, мұның өзі пайда бере қояр ма екен? Бұдан Одаққа да үлкен зиян келеді. Өйткені кез келген парасатты адам Африкада, Қытайда, не кез келген басқа елде болмасын, біздердің нағыз адам болғанымызды қалайды емес пе! Ал біз не істедік десеңізші, өткен тарихымызды барып тұрған хайуандықпен жермен-жексен ете аяққа таптап, содан кейін «өткенге қарсы шыққан бунтарлар» деген жалпы қорытынды жасауға келіп тірелдік, ал кейбіреулер бұл игі дәстүрлерді қайта дамыта түсудің орнына, түкке тұрғысыз мәселелермен, ұлттың одан әрі дамып жетілуіне зиянды нәрселермен айналысты. Барлық өткен нәрселерді жаппай, ақ- қарасына көз жеткізбей қаралау қандай жағдайда болса да мақтай қоярлық қылық емес, өте тар өрістілік, қатігездік, надандық, тіпті бұзақылық әрекет. Ол зияннан басқа түк те емес. Мен осылай деп жазуға неге мәжбүр болдым? Оның себебі мынада. Қатарымызды толықтырар жаңа күш келіп қосылып жатады, олардың кейбіреулеріне қарасақ, бет әлпеті біздікі, ал кеудесіне үңілсек, аяғы аспаннан салбырап түскендей. Бұл қалай деп ойлайсың? Оған орысша айтсаң ұқпайды, қазақша айтсаң да түсінбейді. Оның бойында не қазаққа, не орысқа тән ешнәрсе жоқ. Бұл жағдай менің зығырданымды қайнатты, неге бұлай болды деп, мұның себебін іздеуге мәжбүр болдым, сөйтсем бұл сорлы бейбақ өзінің халқының игі дәстүрлерінен мүлдем бейхабар мақұрым екен. Егер бұл саналы түрде істелінсе - онда зиянкестік болғаны, ал егер саналы түрде істелінбесе - онда халқымыздың игі дәстүрлерін аяққа басып таптағандық - нағыз ақымақтық әрекет болғаны. Дәстүр тәрбиенің басты қайнарларының бірі болып табылады әрі оның өте үлкен мәні бар. Әскери тәрбиенің негізі - командирдің әміріне міндетті түрде бағынушылықты жете түсіну, ұғыну, қызмет бабы талап ететін әскери өмірге сөзсіз түрде толық мойын ұсынушылыққа қол жеткізу. Егер егжей-тегжейлі айтар болсақ, әскери тәрбиенің басты мақсаты - жауынгердің бойында әскери қызметтің, жауынгерлік өмірдің қиындығы, мұқтаждығы мен ауыртпалығын жеңе алатындай қабілеттілікке тәрбиелеу, денесін, оның рухы мен еркін қиындықтан тайсалмайтындай етіп шынықтыру. Командирдің әміріне мойын ұсыну - бұл да ауыр нәрсе. Әскери тәрбиенің мәні қиындық пен ауыртпалықты, мұқтаждықты және қорқынышты жеңе аларлық қабілеттілікке баулу, тәрбиелеу, ал бұл - тек парасатты адамның ғана қолынан келетін іс. Әскери тәрбиенің әдісі - көз жеткізу, мәжбүр ету және талап ету. Ал кейбіреулердің санасын таяқ билейді. Бес саусақ бірдей емес, амал не, кейде мәжбүр етуге дейін барып қаласың - мәжбүр ету әдісі әлі талай ғасырлар қолданылар. Мен тәрбиелеудегі басты әдіс деп көз жеткізуді мойындаймын, ал мәжбүр етуге қосалқы құрал ретінде қараймын. Мәжбүр еткеннен гөрі адамға көзін жеткізген әлдеқайда ұнамды емес пе? Көзі жеткен адам өз міндетін тек саналы түрде ғана емес, сондай-ақ творчестволықпен де орындайды. Мәжбүр ету көз жеткізу әдісі ретінде практикада, былайша айтқанда тәртіптік қару ретінде де қолданылып отыр.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды, жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар