«Қанмен жазылған кітап»: Ерлік дегеніміз - ең алдымен, адамның өзін жеңе білген күресінің нәтижесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.
None
None

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

***

Әдебиеттің басты мақсаты - ағарту, игілікті құлшыныстар мен сезімді ояту, жандандыру, адамның ар-ожданына, абыройына, ерік-жігеріне, парасатына ықпал ету, адам бойындағы басты сезім - парыз сезімін ұштап, тәрбиелеу. Парыз дегеніміз - өзінің мағыналық аясына ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қамтып, оларды адам өміріндегі қайшы құбылыстарға қарама-қарсы қоятын жоғары интеллектуалды ұғым. Өз парызын саналы түрде түсіну ғана солдатты бәрінен де жоғары қояды, оның мәртебесін көтере түседі, жаман ниетті қылықтардан - қорқақтық пен опасыздықтан сақтандырады. Парызды саналы түрде түсіну ғана жауынгердің қажыр-қайратын, моральдық күші мен қабілетін екі тіпті үш есеге дейін арттырып, шабыттандыра әрі жігерлендіре түседі. Парызды саналы түрде түсіну ғана жеңістерге серпін береді, ерлік адам бойындағы қуатты тасқындатып, творчестволық күш қайнарын ашады. Парызды саналы түрде түсіну ғана барлық игілікті істерге аспандағы бағдар сілтер жұлдыз сияқты адам неге қабілетті болса соған, барлық ұлы және тамаша нәрселерге қабілетін арттыра түседі. Парыздан мықты күш жоқ. Парыздан берік сауыт жоқ Парыздан нәзік сезім жоқ. Парыздан қатал қазы жоқ. Парыздан қызу құштарлық жоқ. Парыздан асқан қасиет жоқ. Парыздан дана кемеңгер жоқ. Парыздан ісмер шебер жоқ. Парыздан қатал жаза жоқ. Парыздан жомарт сыйлық жоқ. Парыздан нұрлы жарық жоқ. Парыздан түзу соқпақ жоқ. Парыздан өткір тіл жоқ. Парыздан ұшқыр тұлпар жоқ. Парыздан сұңғыла Пайғамбар жоқ. Парыздан мөлдір тазалық жоқ. Парыздан биік шың жоқ. Парыз - жан рухы, жүректердің жүрегі. Парыз - арман мен даңқ шыңы. Парыз - инабаттылық негізі. Парыз - сүйіспеншілікке шабыттандырушы. Парыз - жан-тәнімен берілгендік негізі. Парыз - сенімділік тірегі. Парыз - мойын ұсыну негізі. Парыз - өжеттік баспалдағы. Парыз - ерлік рухы. Парыз - ерліктің жүрегі. Парыз - жүрексіздің әзірейілі. Парыз - ар-ождан іргетасы. Парыз - абырой қорғаны. Парыз - қанатсызға қанат бітіреді. Парыз - қатыгезге де шабыт береді. Парыз - өлілерге жаңа өмір сыйлайды. Парыз - өмірді ғана мойындайды. Парызға өлім жат. Әлемде парыздан артық қуатты қозғаушы күш жоқ әрі болмайды да. Солдат парыз сезімін дәл осылай ұғынып, түсінеді.

Парыз сезімін, советтік патриотизм сезімін терең ұғынбайынша, совет офицері мен солдатының бейнесін түсіне алмайсың, өйткені парыз сезімі қиындықтан қайтпай, дұшпанның алдында тайсалмай шайқасып Отан үшін ақтық демі біткенше қызмет етуге әзір болу сезімінен туады. Шындық - парыз сезімін, ерлікке, адамгершілік жағынан кіршіксіз болуға, мұқалмас ерік- жігерді шындауға, ел парызына деген сенімділікке тәрбиелеуде ең бір құнарлы құрал болып табылады. Өтірік - барып тұрған зиянды у.

Жазушылардың алдында тұрған міндеттердің өте күрделі әрі қиын екенін түсінемін, себебі қаламгердің жазатын шығармасы ең алдымен саяси, әдеби, тарихи, әскери өмірбаяндық документ болуға тиіс. Ал оның қаһарманы жанды, сергек ойлы біздің замандасымыз болуға керек. Мұндай биік талап авторға тарих алдында, өзінің ар-ожданы алдында, өзінің творчествосының алдында үлкен жауапкершілік міндет жүктейді, сонымен бірге оның қиялын, ойды стилистік тұрғыдан бейнелеп құбылтуын шектейді де. Ұлы Отан соғысы дәуірінің адамын жан-жақты етіп - ол қандай болса, ол қанды шайқастан қалай шықса, солай етіп көрсету қажет. Көзсіз батыр да, шектен шыққан қорқақ та жоқ. Қорқақтық болмаса - ерлік те болмаған болар еді. Ерлік дегеніміз - әскери тәрбиенің, ширыққан ішкі күрестің - ең алдымен адамның өзін жеңе білген күресінің нәтижесі.

Оқырманның бойына ішкі және сыртқы қиындықтарды жеңген жағдайда суреттелініп отырған қаһарман сияқты ерлік жасауға қабілеті жететініне сенімділік ұялатудың орнына, әдетте оқырманға батырды жаратылысы ерекше тұлға етіп көрсетеді, сөйтіп оған еліктеудің қажеті жоқ дегендей ой тастайды, әсер қалдырады. Біздің уақытымызда бейнелерді авторлар емес, соғыс, кезеңнің қаһарлы да қайғылы жағдайы сомдап жасауда, егер суреткер шындыққа, өмірге биіктен қарай алмаса, онда ұялып-қызармай-ақ қойсын, егер ол соғысқа қатысқан майдангердің портретін ең болмағанда өнегелі фотосуретшінің ынталылығындай ынталылықпен түсіріп алса, мұның өзі де үлкен еңбек болар еді. Мен біздің нақты өмірімізді көре отырып, абстракциялық қиял жетегіне беріліп, шындықтан қол үзіп қалуға ешкімнің де хұқы жоқ қой деп есептегенмін әрі солай есептеймін де. Амал не, бұл кәсіппен шама-шарқы келгенше айналысып жүргендер, өкінішке орай, зердесіз, мылқау, ең масқара болғанда көр соқыр болып шықты; олар көре алмады, саналы түрде меңгере алмады, түсіне алмады, мәселенің бүкіл тактикалық қыр- сырына тереңдеп ене алмады, ал шындығында мұны олар істеуге тиіс еді. Осындай себеппен соғыстың барлық тамаша әрі сұмдық деректері көбінесе авторлардың жеке бастарының ой-өрістерінің тарлығы мен шектеулілігінің құрбаны болды, болып келеді де, ондай қаламгерлер деректерді адам танымастай етіп өзгертіп, жылтыратып өңдейді, оқиғаны сөлекет газетшінің таптаурын болған қасаң тілімен баяндап жеткізеді, ал мұның өзі нағыз түпнұсқамен - шындықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бірдеңе болып шығады. Болған оқиғаны шын мәнінде болған күйіндегідей етіп суреттеу, көрсету - бұл тұрпайылық, үстірттік емес, бұл да өнер. Күрестің мән-мағынасын терең көркемдікпен ашып көрсету - хас суреткердің ұлы міндеті мен парызы, ал бұл қатал соғыстағы адамдар - шығарманың материалы. Олардың бейнелері мен портреттері - ғасырлар бойы өзінің терең мәнін жоймайтын дәуір мен халықтың мүсіндік бейнесі, себебі олар (бейнелер) қайталанбайтын уақыт пен жағдайларда жасалынған. Осынау қымбат дүние небәрі бір ғана характермен көрсетіліп, қасаң, әбден жауыр болған үлгімен жазылған әдеби документтерде ғана бейнеленіп, оған қозғалыс, серпіліс беріп тұрған ішкі творчестволық күш-қуат, дұрыс ойлай білушілік пен істің жай-жапсары, қисыны көрсетілмеген болса, адам жаны ауыратындай өте аянышты-ақ.

Өздеріңіз айтыңыздаршы, жеке басының ұсақ-түйек хам-харакеті мен жеке әрі ұсақ-түйек мүдделердің балдыр батпағынан шыға алмай, творчестволық ғұмыр үшін емес, күнделікті бейшара тіршілік үшін күресте ұнжырғасы түсіп, еңсесі басылған суретшіні майдангерлер құрметтей ала ма? Әрине, жоқ. Өйткені оның жан дүниесінің ұсақтығы оның шығармасына сәулесін түсірмей, көрініс таппай қоймайды. Жай қарапайым нәрселер үшін күрес - өз өмірі үшін, өзінің отбасы үшін, өз халқы үшін, өз жері үшін, өз тілі үшін, жеке басының өмірі үшін, сұрапыл қатал соғыс жағдайында халқы мен мемлекеті үшін күрес - біздің арамыздағы көптеген зерделі адамдарды, солдаттарды қарапайым сөз бен істің адамы етті. Соғыс өзімізді өзіміз және басқаларды тануға бейне бір таным айнасы болды. Біздің көпшілігіміз деректерге тура жасқанбай қарауға, оларға талдау жасауға, объективті болуға, шындықты тайсақтамай, қорықпай айтуға, мемлекеттік істер туралы пікір айтуға үйрендік. Мұның өзі соғыс майдан мен тылда мықты адамдарды, кейде екі жүзділікке дейін жеткізетін ортақ іске түкке де қажеті жоқ кәсіптік-ведомстволық қулық-сұмдықсыз, жеке өзінің және халықтың тұрмыс тіршілігі жөнінде жеке қорытынды жасауға қабілетті адамдарды шыңдап өсіріп шығарды деген сөз.

Солдат пен офицер - соғыс адамдары, біздің заманымыздың бейнесі, ең алдымен олар өз бойына қанқұйлы соғыс тәжірибесін жинақтаған зерделі, парасатты жандар. Олардың характері бір көргеннен-ақ бейне бір- бірден тани кететіндей көрінеді, бірақ сізге көрінген шыңға жетісімен, сіз төмендегі жайды, сізден қашықтап, алыстап, жылыстап бара жатқан көкжиекті байқайсыз. Сіз оған жеткен кезде, сіздің алдыңызда жаңа көкжиек ашыла түседі, сіз енді алға, ілгеріге қарай бет түзейсіз. Бұл бейне беткі жағы мен қат-қабаты ойлы-қырлы, белді, бедерлі жердей шексіз кеңістік сияқты сан алуан қырлы. Бұл дегеніміз - автордың даму, жетілу үстіндегі, іскер, күрестің мәнін, сынақтың ауыртпалығын, стихиясын, ұрыс пен еңбектің тәжірибесін өзінің интеллектуалдық мүмкіндігі шегінде зерделеп, байыптай білетін бейнемен айналысуына, жұмыс істеуіне тура келеді деген сөз. Автор үшін бүл өте күрделі бейне, суреттеу мен қабылдауға тым қиын-ақ объект. Автор көбінесе, жұмыстың асығыстығына байланысты мәселеге тереңдеп ене алмай, характердің әйтеуір көзге түсер бір деталін, бір қырын ғана алып, үстірттікке жол береді. Осының салдарынан бейне толық ашылмай бір жақты суреттеліп, шектеулі болып шығады. Бұл күнәлар тәжірибесіздіктен немесе шын мәнінде білместіктен кетсе кешірімді, бірақ жеке мүдде мен бас пайданы көздеу тұрғысынан, салақтықтан немесе әдейі біле тұра жіберілген болса, онда - кешірімсіз нәрсе. Нақты айтқанда мұндай авторларды көбінесе қимылы мен қызметі шытырманды характер қызықтырады; атап айтқанда, ерік-жігердің мықтылығын қаталдық етіп бадырайтып көрсетеді, олар әдеп пен соғысты жүргізу қағидасы шегінде - мақсатқа жету жолындағы барлық кедергілерді сындыру, қирату мен жоюды қаталдық емес, азаматтық- адамдық қызметтік қажеттілік деп түсінгісі, ұққысы келмейді. Олар ерік-жігерді мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қайырымдылықпен ұштастырғысы келмейді, ал бұларсыз жалпы адамның мінез-құлқы болуы мүмкін емес қой. Олардың қаламынан шыққан адам сынаған кезде ешбір өзгеріске ұшырамайтын қалыпты шыңдалған серпінді шар болаттай мықты емес, сезімсіз, тас жүрек немесе алдамшы адам болып шығады.

Енді көркем шығармалардың тіліне қатысты бір-екі ауыз сөз қозғай кетсем деймін. Соғыстың тілі - бұл адамдардың тілі, жауынгерлердің, ұрысқа қатысушылардың сөйлеу тілі, нақты шындықтың тілі - уақыттың стилі. Сондай-ақ қазіргі заманғы ұрыс екі жақтың да жаппай, жапа-тармағай атысы болып табылады әрі адам күшін найзамен жаншумен аяқталатыны сияқты, соғыстың тілі дегеніміз - семсер тілінің атыс тілімен үндесуі, үйлесуі деген сөз. Ұрыс кезінде адамның дене күші ғана қатты ширығып қоймай, сонымен бірге ең алдымен, ақыл ойына да күшті салмақ түседі. Ұрыста тіл де жетіліп, дамиды. Егер мыңдаған солдаттың тауып, орынды айтқан сөздерін, ең болмағанда әрқайсысынан бір ауыз сөзден жинағанның өзінде бұл ойлар бірнеше томдық даналық нақыл сөздерді құраған болар еді. Өкінішке орай, біздер мұндай даналық сөздерге көңіл бөлмейміз, назар аудармаймыз, жинап құнттылық та жасамаймыз. Майданда болып қайтқан жазушылар майдан штабынан әріге тым сирек барады, сондықтан да олар әскери тілдің грамматикасы мен дұрыс жазу ережесін білмейді, саяси хабарлардың тілімен, стилімен шектеледі. Сондықтан да кейбір авторлардың өзінің жасаған бейнелерінің аузына қалай болса солай айтылған ой, сөз салады. Солдаттың аузымен айтылған қайталанбас, соны, тапқыр да қисынды сөз таңдандырса, ал офицердің аузынан шыққан сөз селт еткізбейді, тіпті бос сөз жиі-жиі реніш тудырады. Қысқасын айтқанда, сөзді кейіпкерлердің аузына қалай болса солай сала бермей, әрбір адамның мінез-құлық, ақыл-парасатына сай қолдану керек. Сөзді шұбыртпай қысқа баяндау, бейнелерді байыптап, ойланып-толғанып, мақсатты түрде жасау, шығарманың даму барысына қарай кейбір мәселелерге көңіл аударып отыру; соғыстың әбден қызған, бетбұрысты кезеңін адамдардың бейнелері мен ойлау жүйесі арқылы көрсету, ұрыс драматургиясын суреттеу... мұның бәрі дайындықты қажет етеді...

Соғыс желісі, ырғағы, соғыс туралы кітаптың тамыр соғысы, жүрек соғысы болуға тиіс. Өкінішке орай, кейбір авторлардың оқиғаны қара дүрсін баяндаумен шектеліп, көбінесе жансыз, қасаң таптаурын болған тілмен жазып «өзінше» «фантастикалық» бірнәрсе енгізбек болатыны реніш тудырады, олар қанмен жазылған біздің сұмдық әрі тамаша шындығымызды пайымсыз қозғай отырып, оны шұбалаңқы түрде шындық жағдайға сәйкес келмейтіндей ойдан құрастырылған оқиға немесе керексіз лирикалық-трагедияны тықпалап негізгі тақырыпты - ұрыс, ұрыстағы адам бейнесін көрсетуді ұмыт қалдырып, ұрыс, ұрыстағы адамды көрсетудің мәніне терең үңіле алмай жұртқа мәлім жағдайды жиі қайталап сипаттайды. Жаяу әскерді негізгі әскер түрі деп, ал біздерді - жалпы әскерлердің командирі деп, әділ түрде айтқанда көпшіліктің, соның ішінде, тіпті әскери адамдардың да ашу-ызасын тудырады. Авторлар көбінесе әскери мамандардың сырт пішініне, кескініне қызығып, техникалық әскер түрлеріне іш тартады, соған ынтық болады, жаяу әскерлердің киімдері мен жабдықтарының сырттай көзге ажарсыз көрінетіндігінен оған бет бұрмайды, біздің солдаттарды менсінбей «пехтура» деп атайды.

Жаяу әскер екпінді жанды адам күшін қуатты атыспен ұштастыра отырып, шабуылдаушы ядроға айналып, жауынгерлік міндеттерді жердің, ауа райының әртүрлі қолайсыз жағдайларына қарамастан, жылдың кез келген мезгілі мен тәулігінде орындауға қабілетті. Жаяу әскердің мақсаты - жақын қашықтықта ұрыс жүргізу. Ол ұрысты дұшпанға оқ жаудырып, атыспен тықсыра, ығыстыра отырып бастап (жаншып), оны көзбе-көз, бетпе- бет келген қоян-қолтық шайқаста кеудесіне сұсты найза шаншып, түпкілікті көзін жойып барып аяқтайды. Жаяу әскер маневр жасауда, жарыса атысуда, найзаласқан шайқаста дербес қимылдайды. Ол - жақын қашықтықта, ұрыстың ең бір барып тұрған қатал, қатерлі әрі сұмдық, сұсты кезеңінде ұрыс жүргізетін негізгі және әмбебап әскер түрі, жаяу әскер - жаудың шебін басып алуға, ол жерді қолдан шығармай ұстап тұруға қабілетті күш. Басқа әскер түрлерінің бірде-бір солдатынан мұндай төзімділік көрсетуді, ерлік жасауды, тіпті адам мүмкіншілігінен асып кететін күш, қажыр-қайрат жұмсауды, дәл осы жаяу әскерлерден талап еткендей талап етілмейді. Ұрыстың моральдық, психологиялық және мойынға түскен ауыртпалығын, сұрапылдығын ешкім де дәл жаяу әскердей қатты сезініп, басынан өткере алмас. Анық төнген қауіп-қатерді және жау күшінен басым екенін, сенімділік немесе өз жағдайының қыл үстінде тұрғанын жаяу әскердей ешкім де сезіне алмайды. Жаяу әскердей ешкім де жауынгерлік ерлікке шексіз қуанып, жеңіліске қабырғасы қайыса қатты қайғыра алмас. Ол бәрін «аттың» немесе «техниканың» көмегінсіз өз қолымен жеке өзі айқасып жеңіп алады. Машинаның ақаулығын немесе оқ-дәрінің жеткізілмеуін, болмаса әртүрлі жағдайларға байланысты қимыл жасауға шама-шарықтың болмағанын сылтауратып ұрыс жүргізудің әдіс-тәсілдері мен мүмкіндіктерінен жаяу әскердей ешкім де бас тартып ақтала алмақ емес. Жаяу әскердің аузынан «мүмкіндік болмады» деген сөз айтылмайды. Жаяу әскер ұрыс даласында не мерт болады немесе жаралы күйде қалады. Ажал оғын атып, жолындағы кедергілердің бәрін қиратып, жаншып, таптап өтетін темір табанды жантүршігерлік болат тажалға қарсы күресу үшін дәл жаяу әскердей ешкімнен де абдырап-саспай тұрақтылық, сабырлылық, парасаттылық көрсетіп, өз парызын саналы түсіне білушілікті талап ете алмайсың, ал ол болса бейнебір өзінің денесін кез келген қалың сауыттан да берік, оқ өтпейтіндей кеудесін жойқын қиратқыш құралға - танкіге қарсы тосады. Жаяу әскердің атқан оғы басқаларға қарағанда әлсіздеу болғанымен, болмашы винтовканы адам ақылмен қолданғандықтан, оның атқан оғы дәл тиіп, жауын мерт етеді. Жаяу әскердің оғы қалай дегенмен де аузынан тажал шашқан аждаһадан - патша- зеңбіректен де, басқа да қуатты қарулардан да қауіпті, жусатып түсіреді, ал зеңбірек болса, жауар күнгі аспандай күркіреп, көбінесе қорқыныш пен үрей тудырады, адамға дәл тие бермейді. Бірақ күн қаншама қатты күркіреп, найзағай жарқылдағанымен, барлық жерге түспесі белгілі, аспан қаһарын алақандай жерге төкпей ме екен. Оның үстіне жаяу әскер қолма-қол айқасқа, найзаласқан ұрысқа кіре алады, мұның өзі жеңіске жеткізеді. Ұрыс кезінде, шабуылға шыққанда дәл жаяу әскердей ұрыстың ең бір қызған, шешуші кезеңінде, қолына ұстаған винтовкасының найзасының ұшымен жаудың денесін ғана емес, сондай-ақ қас дұшпанның көкірегін де сезінетіндей қарсыласқа ешкім де тым жақын, бетпе-бет келе алмайды.

Ұлттық мінез-құлық ерекшеліктері мен ұлттық мақтаныш, намыс дәл жаяу әскердің бойындағыдай ешбір әскер түрінде соншалықты айқын көрініс таппаған. Сөйтіп, жаяу әскер - ұрыста шешуші күш екен. Жағдайдың сан құбылып кететінін және жақын қашықтықта жүргізілетін ұрыстың адам психологиясына қатты әсер, ықпал ететініне бір сәт ой жүгіртіңізші, сонда мына ұрыстың қайнаған қазанында қанды шайқаста жүрген жаяу әскер бейнесінің өте күрделі әрі соншама қарапайым екеніне көзіңіз тағы да жете түседі. Адамның туа біткен табиғи сұлулығы мен кірпияздығы, босаңдығы, оның моральдық кескін-келбеті, биік адамгершілік деңгейі, мұқалмас ерік-жігері, таусылмас қажыр- қайраты, ерлігі, батырлығы, парасаттылығы мен есалаңдығы, шындық пен өтірік, ар- ожданы мен намысы, тіпті адамгершілік пен хайуандық дәл жаяу әскердің бойына үйлескендей ешкімнің де бойында кездеспейді. Жаяу әскердің табиғатын көбісі жақсы біле бермейді. Олардың түсінігінше, солдат дегеніміз - жансыз, қатып семіп қалған тас жүрек, мейірімсіз жан. Сондықтан да кейбір авторлардың шығармаларында жасалған солдат бейнесі шындыққа мүлдем сай келмейді.

Жаяу әскердің - солдаттың бейнесі - шетсіз-шексіз көсіле созылып жатқан дарқан даладай кең. Сондықтан жаяу әскердің бейнесін лайықты сомдап шығара алған адамды нағыз бақытты, бағы бар жазушы дер едім. Ол өз міндетін атқарып шықты, мына өмір одан бұдан артық нәрсені талап етпейді де. Солдаттың бейнесін терең түсінбейінше, офицердің де бейнесін шындап ұғына алмайсың.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар