«Қанмен жазылған кітап»: Генерал Панфилов

***
ГЕНЕРАЛ ИВАН ВАСИЛЬЕВИЧ ПАНФИЛОВ
Панфилов туралы көп жазылып, көп айтылып жүр, бірақ әлі жеткізе айта алған жоқпыз, неврологиялық жаттанды пікірдің аясынан шыға алмай жүрміз, яғни ол жөнінде жазылған шығармаларда генералдың бейнесі жасалына қойған жоқ. Сондықтан да мен Иван Васильевич Панфиловтың бейнесінің А. Бектің повесінде кеңірек көрсетілуіне күш салуға мәжбүр болдым. Генерал Панфиловтың ерлігінің мәні неде еді және оның өзі командир ретінде, адам ретінде қандай жан болған? Бұл жөнінде әлі ешкім де ауыз толтырып айта алған жоқ. Мен сіздерге жазылып жатқан повестің рет тәртібін қысқаша баяндап өтпекпін. Үшінші повесть материалының 40-50 проценті генерал Панфиловтың бейнесін жасауға арналады, тағдыр жазса, онымен кейін таныса жатарсыздар. Бірінші повесте Иван Васильевич Панфилов ұрысты ұйымдастырушы тұлға ретінде көрсетіледі. Өздеріңізге мәлім, Иван Васильевичке соғыстың бас кезінде Алматы қаласында Қазақстанның ұлдарынан 316-атқыштар дивизиясын құру тапсырылған болатын. Оның құрамы басшы құрамды қоспағанда, арнайы әскери даярлықтан өткен кадрлардан емес, жұмысшы, колхозшы жігіттерден тұрады. Ал дивизия әртүрлі құрамнан жасақталады. Оның қатарына бухгалтерлер мен мұғалімдер, сауаты жоқ адамдар, ғылым кандидаты да шақырылды. Қатардағы құрамда жұмысшыдан бастап халық комиссарына дейін болды. Бұлар 36 ұлттың өкілдерінен құралды. Бейбіт уақытта жас жігіттер әдетте екі жылдық әскери қызметке шақырылып, өз міндетін өтейді. Осы уақыттың ішінде оларға қажетті әскери тәрбие беріліп, олардың бойына жауынгерлік қасиет егілетін. Жауынгерлерге нағыз солдатқа тән қасиетті тәрбиелеу үшін көп уақыт қажет болады. Ал бізге мұның бәріне небәрі екі-ақ ай уақыт беріліп, ұрысқа аттандырды. Тарихта бірде-бір генерал мұндай толық әскери даярлықтан өтпеген, жаңадан шақырылған әртүрлі кұраммен соғысқа қатысқан емес. 316-атқыштар дивизиясы сияқты жауынгерлік құраманы ұйымдастыру - бұл үлкен іс. Взводты ұйымдастырудың өзі оңай емес, ал мұндай жоғары тактикалық мақсаты бар жауынгерлік құраманы ұрыс жүргізуге даярлау, әзірлеу - кез келген адамның қолынан келе бермейтін шаруа. Сонымен, генерал Иван Васильевичтің ең алғашқы сіңірген еңбегі оның ұйымдастыра білушілік қабілетінен көрінді. Ол жөнінде қалам тартып жүрген жазушылар Панфиловтың осы алғашқы сіңірген еңбегін жазса екен деймін. Дивизия бұрын ойы-қыры беймәлім жерге келіп жетті. Түз тұрғындары бұрын ешқашан көрмеген ну орманның іші мен батпақты жерге табан тіреді. Мұны жергілікті жердің психологиясы, климаттық жағдайдың психологиясы және т.б. деп атауға болады. Алғашқы кездерде Иван Васильевич: «Біз түз халқымыз, бізге орманның ішімен жүруді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар осындай жағдайда ұрыс жүргізе білуге дағдылануымыз керек, ал уақыт болса тапшы, асыға түсу қажет...»- дейтін. Міне, қысқа уақыт ішінде, небәрі бір-ақ айда, ол педагог әрі командир ретінде өзінің жауынгерлік құрамын орманның ішімен жүруге де, сондай-ақ соғыса білуге де үйретті. Егер сіз әдебиеттен ағылшындардың отары жапон және басқа да шетел әскерлері жөнінде оқып, таныс болсаңыз, онда климаттық және басқа да жағдайларды игеруге, бейімделуге оларға екі-үш жыл уақыт берілетінін білесіз, ал бізге небәрі бір ай ғана уақыт бөлінді. Сондықтан да менің осыншалықты қысқа уақыт ішінде әскерлерге психологиялық және басқа да ықпал ететін маңызды табиғи факторларды игеру, жеңу бірде-бір генералдың қолынан келген емес деп айтуыма әбден негіз бар. Бұл Панфиловтың сіңірген екінші еңбегі болатын. Оның ұрыс кезіндегі жауынгерлік еңбегін кейінірек айтып беремін. Мен бір тарауды тастап кетемін.Генерал Иван Васильевич біртуар әскери ойшылдардың бірі болатын. Біртуар қолбасшы адам болу үшін өжет, батыл, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл болу қажет. Ол әскери ойлауда артықшылыққа, басымдылыққа ие болды әрі өзінің дұшпанына қарағанда тактикалық жағынан әлдеқайда икемді болды. Өзі енгізген және бірсыпыра ауыр ұрыстарды жеңіспен аяқтауға көмектескен оның жаңашылдығы - бұл жұрт атап кеткендей Панфилов серіппесі болатын. Егер генерал Панфиловты сипаттауға талпыныс жасасақ, онда шамамен былай кескіндеген болар едік: ол парасатты генерал ақылгөй генерал, нақты есеп жүргізе білетін генерал, сабырлы генерал, табанды да қайсар генерал, мақсатты генерал болды. Иван Васильевич шынайы орыс еді, ол өз халқының өткен шағы мен қазіргісін, болашағын жақсы білетін. Сонымен қатар ол нағыз интернационалист еді, осындай қасиетінің арқасында ол әртүрлі ұлттардан тату әскери құрам ұйымдастыра алды. Парасатты генерал... ол шын мәнінде парасатты генерал, ақылгөй генерал, әйтеуір бір картотеканы есептейтін емес, нақты есептің генералы болды, ол қатал, әбден ойланып барып шешім жасайтын қатал генерал болды, ол табанды генерал, мақсатты генерал болды. Міне, генерал Панфиловтың басты қасиеттері - осылар. Егер де жазушылардың арасынан ол жөнінде бір нәрсе жазғысы келетін адам болса, онда Панфиловтың осы қасиеттерін ескерсін. Генерал Панфилов туралы өте көп әңгіме айтып беруге болар еді, алайда қазір мен отан қысқа ғана мінездеме беріп отырмын. Панфилов жаңашылдығы неде болды? Бұрын біздер белгілі дәрежеде линиялық тактиканы ұстанатынбыз, ал ол алғашқылардың бірі болып Москва түбіндегі ұрыстардың ерекшеліктерін көре білді. Бұл маневрлі қорғаныс жағдайында тас жолдар үшін, басты бағыттар үшін жүргізілген ұрыстар болатын. Ол артына қашуға жол іздеу үшін емес, шабуыл жасау үшін бұрылатын. Әдетте адамдар артына қашу үшін жалтақтап қарайды емес пе, ал Иван Васильевич артына шабуыл жасау үшін, алдыңғы жақта қандай қарекет жасалып жатқанын білу үшін қарайтын. Ол шегінуге еш уақытта кеш болмайды деп жиі қайталайтын, яғни бұнысымен ол қоршаудың қауіптілігін ескеретін. Алғашында біз қоршаудан қатты қорықтық, бүл жөнінде де кейінірек әңгімелеп беремін. Оның шешімінше, біздер «сылбырлау», «асыққан тәріздіміз». «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген мақал да бар той. Айырылып қалған шепті қайтадан алуға болады, бірақ айырылған адамдарды қайтара алмайсың. Осындай ой-пікірді, ұмытпасам, фельдмаршал Кутузов та айтқан, ол «Москвадан айырылу - бұл Россиядан айырылу емес» деген. Ол дұшпанның күшін жоя отырып, адам күшін - біздің солдаттарды сақтап қалуға тырысты. Панфилов алдыңғы қатарлы орыс әскери ойшылдары мұрагерлерінің бірі болды. Панфилов Панфилов ретінде тарихымызда қалады, оны кутузовшыларға, суворовшыларға жатқызу керек. Егер шепті үлкен шығын шығарып қорғау қажеттігі болмаса, онда Панфилов оны жауға беруден қорықпады, бір-ақ шепті бергенде де дұшпанды әбден титықтатып, шығынға ұшыратып барып беретін. Оның қағидасы - ұрыссыз шегінбе болатын. Бірде оның бізге келіп, менің баяндауымды тыңдап: «Момышұлы, немістер мына село үшін ең кемі бір жарым полкын жер жастандыратын болсын»,- дегені есімде. Панфилов тактикасының негізгі мақсаты - дұшпанның адам күшін жою. Ол шеп линиясын байыпсыз ұстап тұрмайтын. Иван Васильевич дұшпанның адам күшін жою тактикасын қолдану немістерді жеңіске жеткізе отырып, жеңіліске ұшыратуға алып келетінін, олардың жеңістерінің қойнауында олардың жеңілістерінің түп тамыры жатқанын түсінді.Бектің екінші повесінде шегіну ұрыс жүргізудің ең ауыр түрі болып табылатындығы айтылады. Өйткені ұрыстың түрлері өте көп, дұшпанды ойсырата шығынға ұшырата отырып шегіну де жеңіс болып табылады. Шегінгенде де, кейіннен жау шабуылға шыға алмайтындай етіп ептілікпен шегіну қажет, ал бізге дұшпанға қарсы соққы беретін күш болса болғаны. Басқа тақырыптарды таратыңқырап айтқан кезімізде біз әлі Иван Васильевичтің бейнесіне әлденеше рет оралатын боламыз. (Панфилов туралы өлеңді оқиды). Қолбасшыдан не пайда, Қолдың құлқын білмесе. Шенге мас боп семіріп, Өзгені көзге ілмесе. Ойламастан қол қамын, Қамқорсыз тастап әр жанын, Жігерді сүйтіп жерлесе, Жау айласын аңғармай, Салмақтап күшін болжамай, Арам тер болып терлесе. Ақылсыз атақ іздеген, Мансапқорлық билеген, Есеп білмес есірік, Шел басып көзі көрмесе. Приказ еттім орында, Жарлығымды бұлжытпай, Мен ғанамын мен десе, Одан басқа сөзі жоқ, Қиын жерде өзі жоқ, Қатерсіз жерде ерсініп, Қылышын босқа сермесе. Қан сорғалар кезеңде, Тастай түйіп қанатын, Қолдауға өзі келмесе, Жақындатып алысты, Жалындатып намысты, Ерлерге қуат бермесе. Егер жеңіс болмаса, Сүмірейіп сұрланып, Тез айрылып ерліктен, Қысылып жаны терлесе. Бақырауық топас ми Қолбасшыдан не пайда? Қол басқару оңай ма, Қолдың құлқын білмесе, Тайғақ кешу тар жолда, Серкедей бастап жүрмесе. Ақылға салып айла істеп, Көп ойланып толғанып, Ақырын ойлап тұйықты, Істе деп бұйрық бермесе, Ақыл айтып үйретіп, Ер ойына ой қосып, Түсіндіріп мақсатқа, Қол тамырын білмесең. Көргенде сені солдаттар, Медет етсе піріндей, Аузыңнан шыққан жарлықты, Орындай білсе ниетпен, Ерлігіңнен үлгі алып, Ақылыңды қадірлеп, Әділ судья жомарт ер, Күнәні кешпес қатал деп, Мейірімді қамқор атам деп, Сеніп саған тағдырын, Қызмет етсе солдаттар, Сондай батыр қолбасшы, Ер ерлерін бастаған, Қандай қиын болса да Қауіпке қарсы мерт тұрып, Жауапкерліктен қашпаған. Алыстан сермеп жорықтан, Жағдайды біліп толықтан, Мың арыстан ел үшін, Құз қиядан өткізіп, Құрыш болаттай жандырып, Қызмет үшін, халық үшін, Неше азапқа көндіріп, Пысықтырып ширатып, Қаршығадай, қырандай, Дұшпанға тиіп ұрандай, Ту көтеріп майданда, Ел намысын қорғаған, Ер намысын қолға алған, Қирата жойған дұшпанды, Кідірместен бастаған. Абыройға да, алға да, Ерлердің ері қолбасшы, Елдің ұлы қолбасшы, Әскер көркі қолбасшы, Жігіт келіп қолбасшы, Қазынасы ақылдың, Жетекшісі батырдың, Арыстандай айбатты, Қырық шілтендей келбетті, Ауыр мінез салмақты, Болып ед біздің қолбасшы. Қолбасшы болсаң сондай бол, Жосылып жатқан жолдай бол, Қайрат етер мезгілде Жүк көтерген нардай бол. Ақыл айтар мезгілде Мың жасаған шалдай бол. Қатал болар мезгілде Жарқыраған жайдай бол, Мейірім түсер мезгілде Ағарып атар таңдай бол. Жауды бөгер кезінде Көлденең жатқан ордай бол. Жауға төнер мезгілде Басатын ауыр сордай бол. Сенсің қолың баладай, Сүйсін сені анадай, Отқа түссең, бір түссін, Өлемін деп қарамай. Суға түссең, бір түссін, Шыбын жанын аямай. Майданға бірін кіргізбе, Біреуін мыңға баламай. Қолым бар деп ойлама, Миллионға мыңын санамай, Кешегі өткен Панфилов Қолбасшы еді осындай, Заманға туған данадай. Берекенің кеткені Түбіңе сенің жеткені, Сөнген қолың серпіліп, Тоғытылып бөгелсе, Тоғысуға жарамай. Мен кім едім, мен едім, Мен де мыңның бірі едім, Қызықпай баққа, атаққа, Адал еңбек құлы едім. Қызмет еткен халыққа, Ақ ниет мыңның бірі едім, Атақсыз солдат бірі едім Ата аруағы қолдады, Адал еңбек еткен соң, Панфиловтан бата алып, Артыма ерді мың солдат, Тағдырын маған тапсырып, Рузаға жеткен соң, Ел ұлдары мың солдат, Белуардан қан кешіп, Сынға түсті бекетіп, Отқа түсіп, су кешіп, Жүзден аса соғыста Бес -алты рет қоршауда, Бал орнына у ішіп, Қан майданда халық үшін, Намыс туын көтердік. Қауіпке қарсы бел байлап, Бес рет күшті фашиспен, Жағаласа алысып, Айқасқан жерде қарысып, Табан тірей күрестік, Халық үшін қан төгіп, Қимылдады мың батыр, Ата аруағы медет боп, Мыңға татып бір батыр, Ата мекен жері үшін, Қасиетті ел үшін Болмай қалар кім батыр. Әзіз ата, ақсақал Құл болмасын қорлықта, Алпыстағы қарт ана, Теңерген жанға жан жарым, Бота көз сұлу қарындас, Күң болмасын зорлықта. Деген намыс ойдағы, Жасады мыңнан шын батыр. Тірескеннің тізесін Бүктіріп талай майданда, Белдескеннің белдерін Сындырып қан майданда. Жағаласқан жендеттің Жаһаннамға тапсырып, Жанын салып дозаққа, Сескенбестен семсерден, Шегінбестен ажалдан, Қан соққы бердік хайуанға. Серігім, досым мың солдат, Талмаушы еді талықсып, Жосылтып жауды айдауға, Қазығына елімнің Қарыстырып байлауға. Кімдер деп солар сұрасаң, Міне, айтатын жауабым - Көре бер өзің қатардан Гауһардан соққан асыл тас. Қайнап біткен құрыш болат, Аққұба сары тегі орыс, Ежелден ер боп аталған, Қараторы мөлдір көз, Тегі қазақ атамнан, Алатаудың сұңқары, Атасынан бата алған, Қырғыз, өзбек, түрікпен, Бостандықпен туысып, Ел қорғауға біріккен, Бас тартпаған сапардан Қазақстан ұлдары, Ар -намысын ойласа, Қар жауғызған қаһардан. Мақтанбаймын мастанып, Бұндай абырой табысқа, Қоян емес тығылар Жау көргенде қамысқа. Арыстан емес ақырған, Данышпан емес ақылдан, Қара қазақ ұлымын, Жалпы жатқан елдегі, Бұқараның бірімін. Баяндалған істерді Мен істедім демеймін, Мен істедім дегенше, Мың істеді дегеймін. Мың істеді дегенше, Ер істеді дегеймін. Ер істеді дегенше, Ел істеді дегеймін. Мен мыңдікі болмасам, Ер елдікі болмаса, Кім істеді дер едің.
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды. Жалғасы бар