«Қанмен жазылған кітап»: Осташово торабы дивизияға соғыс тәжірибесінде тың ой алып келді

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
***
Бауыржан Момышұлы. Кеше біз Осташово қарсыласу торабы мен дивизияның оң қанатынан жаудың бұзып өтуіне тоқталған едік. Осташово ауданында 1075-атқыштар полкының батальоны капитан Лысенконың басқаруымен 1941 жылы октябрьдің 20-сы мен 23-і аралығында ұрыс жүргізді. Немістер Осташоводағы басты пунктті басып алып, ілгері жылжымай, үш күн бойы Осташово торабын быт-шыт етпек болып жанталасады. Лысенконың батальоны қоршауда қалса да ұрыс жүргізе берді. Бұл дивизиядағы алғаш байқалған жаппай ерлік көрсетудің үлгісі еді. Лысенко батальоны тек тактикалық қана емес, жан-жақты құрсауға түскен еді.
Мұны түсіндіре кетейін, қоршауға түсу түрлері - оперативті (жедел қабыл) тактикалық, атыс немесе нағыз құрсау (бұл да тактикалық қоршау түріне жатады). Оперативті (жедел қабыл) қоршау - бұл дұшпанның негізгі шоғырланған, ірі күштерді, азық-түлік пен резервті жеткізетін торапты жолдарды кесіп тастап, негізгі бағытты басып алу. Оперативтік қоршау салыстырмалы түрде үлкен кеңістікте болады, әрі оған ірі әскери күштер қатысады. Тактикалық қоршау дегеніміз бұл корпустық немесе дивизиондық пункттен, не полктен батальонға жабдықты жеткізетін барлық жолдарды басып алу. Полктың жолы кесіп тасталады да, байланыс, жабдық жеткізетін жолды дұшпан басып алады, яғни әскерлер азық-түліктен, резервті жеткізетін жолдан, сыртқы дүниеден (қанаттас бөлімдерден, тылдан) қол үзіп қалады. Тактикалық қоршауға дивизия, полк, батальон, рота түсіп қалуы мүмкін. Қоршаудың соңғы түрі - атыспен төмпештеу немесе өзіміз айтатындай құрсауға алу. Тактикалық және оперативтік қоршаудан ұрыссыз-ақ шығуға болады, ал жау құрсауын бұзып шығу қиынырақ. Қоршауға алу қоршауға алушы үшін де тиімсіз, өйткені ол үлкен күшті қажет етеді. Айталық, шеңбер жасай қорғанысқа көшкен бір батальонды жою үшін бір дивизия қажет болатын да кездер бар. Сондықтан да бірде-бір парасатты командир ондай қоршауға бару жөнінде шешім қабылдамайды. Шешім қабылдай қалса, аз күшті жою көп уақытын, күшін шығын етеді. Бұл - талайлардың түбіне жететін қателік, өйткені олар біраз күшін де, уақытын да жоғалтады.
Осташово торабы дивизияның кейінгі жүргізген ұрыстарына көптеген пайда келтірді, соғыс тәжірибесінде тың ой алып келді. Лысенко батальонына 1073-атқыштар полкінің сол қанатынан соғысқа дейін Семейде мұғалімдік қызмет атқарған лейтенант Каюм Гариповтың 9-ротасы көмекке келді. Бұл рота көмекке жіберілгенде, құрсауды бұзып шығу мәселесі қойылған-ды. Панфилов жауды біраз мезгіл кідірте ұстап, екі жақтан құрсауды бұзып, батальонды қоршаудан алып шықпақшы болып шешті. Алайда мақсат жүзеге аспады. Гарипов өз солдаттарын жауға қарсы 1941 жылдың 21 октябрінде көтерген еді. Осташово ауданының солтүстігінен жаудың 60 танкісі көрінді. Рота асқан ерлікпен жаудың танктеріне қарсы ұрыс жүргізіп, көп шығынға ұшыратты. Осы соғыста лейтенант Гарипов ерлікпен қаза тапты. Ротадан небәрі алты адам ғана тірі қалды. Олардың жараланғандары да бар. Оз батальонымен бірге Лысенко да ерлікпен қаза тапты.
Біздің кейбір командирлеріміздің әділетсіздігінен Лысенко батальоны мен Каюм Гариповтың ротасының шайқасы ескерусіз қалды. Неге екені белгісіз, ерлікпен қаза тапқан олар жайлы дивизиондық жазушылар да ләм-мим деп жақ ашпады. Мен қашанда өз сөзімде осы батырларға арнайы тоқталамын. Солай етуіме солдаттық ар-намысым әмір етеді. Өйткені мен сол ержүрек жандардың ерлік іс-қимылдарының тірі куәгерімін әрі олар менің қарулас жолдастарым, олардың әрекеттерін дұрыс деп есептеймін. Лысенконың батальоны мен Гариповтың ротасының соғыс қимылдарына генерал Панфиловтың өзі де дән ризалығын білдіріп, кейінгі ұрыстарға үлкен ықпал еткенін ерекше атап айтқан болатын. Шынында да, бұл батальон мен рота ерлігі дивизиямыздың тарихындағы жаппай ерлік жасаудың алғашқы үлгісі еді. Ендеше жау танкілерімен бетпе-бет айқасқан 28 батырды жаппай ерлік үлгісін тұңғыш рет көрсетушілер деушілердің пікірін жаңсақ деп білемін.
Середа операциясынан кейін біз жау күштерінің дивизиямыздың қос қанатын ала жылжи бастағанын байқадық. Немістер дивизиямызды екіге бөліп тастауды көздеді, бірақ олардың бұл ойынан ештеңе шықпады. 20-21 октябрьде немістер тура ашық жолға шығуға ұмтылды. (Картадан көрсетеді). Дұшпан күштерінің бағытын тезірек өзгертуге мәжбүр ету үшін Житахи ауданына лейтенант Донских басқарған отряд жіберілді, ал Кусакино ауданына лейтенант Брудныйдың шағын отряды аттанды. (А. Бектің повесінде де ол осылай аталған). Олардың мақсаты - неміс колонналарын алға өткізіп жіберіп, соңынан оқты боратып, шегіне ұрыс жүргізу болатын. Брудный мен Донскихтың ұрыстары тосқауылдан жүргізілген алғашқы ұрыстар болды. Бораған оққа төтеп бере алмай есі шыққан жау кері бұрылады, дәл осы кезде біздің жауынгерлеріміз тез шегініп үлгереді де, қайта тосқауыл жасайды. Немістер амал жоқ тағы кері бұрылады. Біздің солдаттар тағы шегініп үлгереді. Осылайша аз ғана топтарымыздың шабуылы немістерді әуре-сарсаңға салып, бостан-бос ұрыс жүргізуге мәжбүр етті. Осының салдарынан олар Новлянскіден Середаға дейін төрт тәулік бойы жүрді. Шағын топтың шабуылы немістерді кері бұрылуға және біздің негізгі шебімізден алыста соғыс тәртібіне көшуге мәжбүр етті. Соңғы сәттегі ұрыста лейтенант Донских тоғыз рет жараланады. Жағдай асқына түсті. Жау өзінің артиллериялық позициясын шамамен біздің алғы шебімізден төрт-бес километр алыс Житахи, Ситьково аудандарына бұруға мәжбүр болды. 22 октябрь күні немістер біздің майданды бұзып, Ново-Шуриноға шығу үшін өз күштерін Новлянск тобына қарсы бағыттап, кескілескен ұрыс жүргізді. Оларға 1073- атқыштар полкінің бірінші батальонының екінші ротасы қарсы тұрды, рота командирі Севрюков (Алматы темекі фабрикасының бұрынғы бухгалтері) еді. Сонымен бірге дұшпан бір мезгілде Черновоға шабуыл жасады. Таңғы сағат сегіздерде олар Новлянск ауданына қарсы артиллериялық дайындықты бастады. Немістер қарсы жақтың жүйкесіне тиюге шебер-ақ. Біресе зеңбіректерімен атқылап, біресе самолеттерімен бомбылап, жер мен көкті отқа орап бақты. Ысқырып, ұлып ұшқан снарядтар мен миналардың жарылысы құлақ тұндырады. Әуені будақтаған қара түтін көлегейлейді. Осы көріністер мен ысқырған оқ, атыс үнінің сарыны адамның көңіл-күйіне, жүйкесіне қатты әсер етеді, үрейін ұшырады.
Әдетте артиллериялық дайындық екі сағаттан аспайтын, бір жолы немістер әдейі сегіз сағатқа созды. Бұған алғаш түсінбей, кейіннен олардың бәрімізді тып-типыл жермен жексен етіп жойып жіберіп, өлігімізді таптап, маршпен аттап өтеміз деп ойлағанын білдік. Біз енді оң қанаттан оқ жаудырдық, менің сол қол жағымнан майор Мешковтың батальоны қайрат көрсетті. (Екінші повесте ол кітапқа капитан Шилов деген атпен енді). Дұшпан орманға жиналып, ұрысқа дайындала бастады. Осы сәтте мен лейтенант Севрюковтың ауыр жараланғанын білдім. Оны маған баяндаған оның ординаторы қағылез татар жігіті Мұратов еді. Мен Краевты тауып алып, екінші ротаға жіберіңдер деп бұйрық бердім де, өзім Новлянскіге кеттім. Командалық пункттен Новлянскіге дейінгі жол орман арқылы өтетін. Маған сондағы өзіміздің бақылау пунктіне бару қажет еді. Жасыратыны жоқ, қиналу, торығу, толқу құшағында келе жаттым. Орман ішінде сыр бермеуге болады, ал ашық далаға, алаңқайға шыққан соң жаудың көзінше атпен құйғыта шабу қауіпті-ақ болатын. Көңіл күйім де онша емес. Бірақ менің бақытыма, орманнан шыға берісте Новлянскіден бері, маған қарай келе жатқан екі доңғалақты арба кездесті. Үстінде батарея командирі Кухаренко отыр екен. «Қайда?!» деп сұрадым мен Кухаренконың қашқын, сұмпайы сиқына зығырданым қайнап. Іле: «Кері қайт!» - деп айқай салдым. Оның беті жеңіл ғана жараланыпты. Ол екі доңғалақты арбаны дереу кері бұрды. Кухаренкоға деген ашу-ызам өз қорқынышымды жеңуге көмектесті. Шіркеуден өтіп, өзіміздің бақылау пунктіне Кухаренкомен бірге келдім. Байқасам, телефон байланысы үзіліпті, тез арада радионы қостым да, батареяға: «Атыңдар!» деп бұйрық бердім. Мұның алдында ғана Кухаренко топографиялық дайындық бойынша оқ жаудырып - бәрі далаға босқа кеткен, снарядтар жаудан аулаққа түсіп жарылған. Бұрынғы артиллерист ретінде мен оны бірден байқап, «оңға қарай екі градусқа бұрып атыңдар» деп бұйрық бердім. Бұл үлкен түзету болатын. Екі снарядымыз неміс тобының дәл үстіне түсті (бұл артиллериялық атыс практикасында аса сирек кездесетін бақытты жағдай), жау жағында үрей мен қорқыныш туды. Мен екі снарядтың ойран салғанына өте қуанып, «әр зеңбіректен жиырма снарядтан атыңдар!» деп бұйырдым. Устав бойынша бұлай етуге рұқсат етілмейтін, ал мен жауды дәл осылай төмпештеп, тірі қалғандарымен бетпе-бет шайқасып көрермін деп шештім, өйтпесек өзіміздің тас-талқанымызды шығарып кетуі мүмкін. Дүрбімді алып қарасам, немістер қатары мүлде сиреп қалыпты. Елу метрдей биіктікте жау самолеті ұшып барады екен, ұшқышы маған жұдырығын түйіп сес көрсетеді. Мен пистолетпен атып салдым. Ыза-кек кернегенде адам сақтануды біржолата ұмытады екен. Немістер шіркеуді дәлдеп ата бастады. Байланысшымыз снарядтың жарықшағы тиіп, қаза тапты. «Әрбір бес минут сайын бес снарядтан атыңдар» деп бұйрық бердім де, төмен түсіп, ротаның командалық пунктіне жүгіре жөнелдім. Онда Мұратов пен Беловицкийді кездестірдім. Рота командирі жараланыпты. Біз әр зеңбіректен жиырма снарядтан қосымша атып, немістердің үрейін ұшыра түстік. Бұдан соң қасыма Беловицкийді ертіп, оң қанаттағы окопқа қарай жүгірдім. Ұрыс даласында жүгіру қауіпті. Мұның алдында біз жалған окоптар қаздырғанбыз. Жолда солардың біріне жасырындым. Өң-түсі жоқ, еңсесі түскен жауынгерді көрдім. Орнымнан тұрып, окоптан шығайын десем, әл-дәрменім жоқ. Әрең деп өзіме өзім келдім. Дегенмен сонда қарсымдағы елу метрге жету ақыреттей көрінді.
Жүгіріп келе жатып атқыштар ротасының саяси жетекшісі Жалмұхамет Бозжановты кезіктірдім. «Сен мұнда не істеп жүрсің?» деп сұрасам, ол өз взводын тексеруге келіпті. Рота командирі жараланғанын көргесін оның міндетін өз қолына алыпты. Немістер кері шегінді. Оларды шегіндірген соңғы жиырма дүркін атқан снарядымыз болса керек. Кешке жау Красная Гора майдан шебін атқылап, екі жаяу әскер полкымен бұзып өтті. Онда біздің екінші батальонның алтыншы ротасы орналасқан еді. Бұл 1941 жылдың 22 октябрінде болған оқиға. Жау айналып өту маневрі арқылы дивизия мен полкті екіге бөліп тастады. Бір топты олар Козиноға, екіншісін Чубиново-Лукьяноваға, үшіншісін Ново-Шуриноға қарай жіберді, маған қарсы Новлянск тылынан шықты. Оларға қарсы соққы беру үшін бізде резервтік күштер жоқ болатын. Трулиси ауданындағы капитан Мешковтың учаскесіндегі шебімізді бұзып, Волоколамскіге қарай ұмтылды. Дұшпан дивизия учаскесінің төрт жерінен қорғанысты бұзып өтті. Полковник Карповтың полкі, әрі капитан Мешковтың батальонының тірі қалған жауынгерлері бұйрық бойынша Спас-Рюховск бағытына, майор Елиннің 1073-атқыштар полкінің екінші, үшінші батальондары Софатово - Крюково бағытына ауыстырылды. Жалғыз майор Шехтман басқарған 1077-атқыштар полкі ғана өз орнында қалдырылды. Ол ешқандай ұрыс жүргізген жоқ. Оған тактикалық қоршауда қалу қаупі туды. Сондықтан Шехтман полкіне Үлкен және Кіші Голоперово, Тимошино, Михайловка, Иваново арқылы Волоколамск бағытына қарай шегінуге бұйрық берілді. 10,73-атқыштар полкінің бірінші батальоны Новлянск, Васильево-Лазарево ауданында қоршауда қалды. (Кітаптың 80 қашқын деген арнаулы тарауы бар). Мен барлық рота командирлерін жинап алдым да, мынадай бұйрық бердім: «Қару- жарақты тиімді, үнемдеп пайдалана отырып, айнала қорғанысқа көшіңдер! Тек қана қажетті жағдайда, жауды 50-100 метрдей жақындатып атыңдар, ешқандай тұтқын алынбасын, ешкім тұтқынға түспесін! Аянбай атысып, әркім соңғы оқты өзіне деп сақтасын! Артиллеристер жауды картечпен тура нысанаға алып төмпештесін! Аса қиын үміт кесілген жағдайда соңғы снарядпен зеңбірек пен расчетті де жоқ етсін! Қандай да болмасын тәртіп пен реттілікті бұзушылықтың және әскери Уставқа мойынсұнбаушылықтың жазасы - тек ату. Ешбір сөгіс пен ескертуге жол жоқ! (Повестің «Орманшының үйі» деген тарауын қараңыз).
Қоршаудан қалай шыққанымызға да тоқталмаймын - бұл да сонда айтылған. Бұл кезде неміс колонналары Волоколамскіге қарай жылжып, Спас-Рюховск ауданында ұрыстар жүргізіп жатты. Оларға қарсы шайқастарды генерал Панфиловтың өзі басқарды. 24 күні 1073-атқыштар полкінің бірінші батальоны кескілескен ұрыс жүргізу нәтижесінде қоршаудан шығып, Иваново ауданы мен Сталин атындағы совхоз маңындағы орманда тыныстауға тоқтайды. (Картадан көрсетеді). Осы кезде Ново Шурино, Спас-Рюховск бағытында әр машинада 20-30 фрицтен отырған неміс колонналары көрінеді. Оларға қарсы ұрысқа біз сегіз зеңбірек пен сегіз станокті пулеметті бөлдік. Жауынгерлеріміз неміс колонналарына оқты қарша боратты. Мұны «дұшпанның құйрығын бұрау» деп атайды. Жаудың алға жылжуына мұрша бермеу мақсатымен жол қарауылға алынып, атқыланумен болды. Тура нысанаға алып сегіз зеңбірек пен сегіз пулеметтен күтпеген жерден оқ жаудырып дұшпанның бір батальонға жуық әскерінің көзі жойылды. Осылай алға жылжу мүмкін болмаған соң немістер Иваново ауданындағы біздің топты құртуды ұйғарды. Содан 1037- атқыштар полкінің бірінші батальоны тағы да құрсауда, жау шеңгелінде қалып қойды. Немістер тікелей шабуылға көшті. Көп ұзамай олар қолайсыз жағдайға ұрынды. Спас- Рюховск жолы жабылып, оқ астында қалды. Әрине, бұл шайқаста немістер жағынан да, біздің жақтан да шығын болды. Бақытымызға орай паналаған орманымыз жан- жағынан батпақты жерлермен шектесіп, жаудың танкімен жақындауына мүмкіндік бермеді. Сондықтан немістер тек адам күшімен ғана қимыл жасап бақты. Түн жамылып, батальон Клишино арқылы солтүстіктегі Крюково мен Волоколамскіге бет түзеді. Алдыңғы лекте жылжушыларды басқы жорық күзетушілері (ГПЗ - головная походная застава), екі қанатты қорғаушылар (БПЗ - фланговая застава), тылды күзетушілер (тыловая застава) деп аталады. Ұрыс барысында мұны ажырата алмаған сауатсыз, біліксіз командирлер де кездесті. Бұған кінәлі бір жай, бізде қозғалыс жолсыз жерлермен өтті.
Бірінші атқыштар ротасының командирі Ефим Ефимович Филимонов Миловани деревнясы маңындағы кішкене сай-жыраны Клишиноға апаратын жол деп қалып бағытынан жаңылысып шығысқа қарай ауытқып, дұшпанның тура қарсы алдынан шыға жаздады. Ал батальон колоннамен созылып, Милованиден бір-ақ шықты. Жырадан орманға дейінгі аралық бір жарым шақырым ашық алаңға ұласқандықтан дұшпанның көз алдынан жүру өте қауіпті еді. Бір жақсысы жау бізді кетіп қалған деп ойлап, әскерін лек- легімен алға жылжыта бастады. Бұл кезде біз олардан небәрі бес жүз метрдей қашықта тұрдық. Филимоновтың біліксіздігінен уақыт жағынан ұтылдық. Біз болсақ - қараңғылықты жамылып өтіп кетпек едік. Бізді қырып тастамас үшін шабуылды өзіміз бастауымыз керек, мерт болсақ та қорғаныста емес, шабуылда өкінішсіз мерт болайық деп шештік. Аз шығынмен қатерден құтылу үшін не істеу керегін ойладық. Зеңбіректер мен пулеметтерді құрып, ұрыс жүргізу қажет пе? Бірақ бұл жерде уақыт тапшы, аса шапшаң қимыл қажет. Әттең қысқа уақытта ашық алаңды аман жүгіріп кете алсақ, өте жақсы болар еді. Өйткені ашық алаңды жүз адамның күшімен де алу қиын. Зеңбіректер мен пулеметтерді шайқасқа қоспай, жауынгерлерді ромбы тәрізді етіп сапқа тұрғызып, винтовкаларды кезей ұстап ұрысқа кіреміз деп шештім. Бізде екпіндей жүгіріп шабуыл жасау тәсілі қалыптасқан. Бұл жолы олай етпей, жай нық адыммен жүріп отыру керек дедік. Көздеп атуды да қажет деп таппадық. Өйткені ол жылжу қарқынын тежейтін болды. Бірінші, екінші, үшінші роталар, байланыс взводы, пулемет ротасы төрткүл қиықша, ромбы тәрізденіп тізілді, ал зеңбіректер мен арбалар ұрысқа кірмей ортада жылжып отырады деп ұйғарылды. Ұрысқа кіретін жауынгерлер сапқа тізілді. Мұнда жаппай оқ ату мен немістердің бас сауғалау сезімін ерекше есепке алдық. Винтовкаларды оқтың ұшу траекториясы адам бойынан аспайтындай етіп ұстауға бұйрық берілді, артиллерия мен арбалар ұрысқа кірмей, тек ортада жүріп отыруы көзделді. Бозжанов пен Рахимов ромбы тәрізденіп тізілген сап бұрышынан табылды. Біз жырадан төрт қатардан сап құрап өтіп бара жатқан жау колоннасына бір мезгілде барлық винтовкалардан дүркіндетіп оқ ата бастадық. Бірінші дүркін сәтті болып, дұшпанды баудай орып түсірді. Артиллерия қарулары мен арбалардың дөңгелектерімен немістердің өлігін таптап, жаралыларын жаншып, селдей аққан жау қанын кеше жүріп өттік. Орманға да жеттік-ау. Осы кезде жаудың тоғыз танкісі біздің соңымызға түсті. Екі зеңбірегімізді кері бұрып, екі танкісін қираттық. Олар да біздің екі зеңбірегімізді жойды, жүк арбаларымыз бен жаяу әскеріміз орманға кіріп те үлгерді. Бұл шайқаста отыз адамымыз мерт болды. Есесіне, бір батальонға жуық немісті таптап өттік. Қоршаудан шығудың бір эпизоды осындай.
Бөлімдер аралық шептерге бекініп соғыса отырып, Волоколамскіге дейін шегінді. Жаудың 60-70-тей танкілері Спас-Рюховск үшін ұрыс жүргізе бастады. Генерал Рокоссовский танкіге қарсы соғысатын екі полкті осында ауыстырды. Осы шайқаста дұшпанның қырық танкісі қиратылды. Бұл біздің дивизиямызға танкіге қарсы қолданылатын артиллериялық қарудың берілуінің бірінші оқиғасы еді.
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.
Жалғасы бар