«Қанмен жазылған кітап»: Ойланбай, көзсіз жасалған ерлік - батылдық емес, есерсоқтық

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
***
Ерлік дегеніміз не? Ерліктің анасы - мақтаныш. Кәне, мақтаныштың қандай қайнар көздері бар екеніне талдау жасап көрейікші. Тазалық, ұқыптылық, тән мен жан жүйесінің кіршіксіздігі жеке мақтаныш сезімін тудырады, өзін-өзі ұстай білушілікке үйретеді, өзі мен айналасындағыларға талап қоя білушілікке дағдыландырады. Сыртқы тәртіпсіздік - адамның ішкі кемістігінің белгісі. Кір-қоқыс адамды аздырып-тоздырады. Жеке мақтаныш сезімі дегеніміз не нәрсе - бұл ең алдымен жеке бастың гигиенасы. Адам өзін көйлегі көк, қайғысы жоқ, қарыны тоқ кезде лайықты ұстап жүре алады. Егер де сіз үстіңізге алба-жұлба киім киген болсаңыз, онда қоғамдық орында өзіңізді лайықты ұстай алмайсыз. Тұрмыста салақ, ұқыпсыз адам - әскери қызметте де, жұмыс орнында да салақ, ұқыпсыз келеді. Егер адам сырттай тәртіпсіз, көргенсіз болса, онда ол жұмыста да дәл сондай, егер адам ұқыпты болса, ол онда жұмыста да ұқыпты болғаны. Кір-қоқыс адамды бүлдіріп, оның бойында жеке мақтаныш сезімін біртіндеп көмескілендіре бастайды. Сыртқы ұқыптылық - ішкі жинақылықтың, өзін-өзі ұстай білушіліктің, өзіне және айналасындағыларға талап қоя білушіліктің белгісі болып табылады. Осымен бұл мәселе жөніндегі әңгімемізді аяқтаймыз. Жеке мақтаныш сезімі дегеніміз не? Жеке мақтаныш сезімі ерлікті тудырады. Жасық жан ержүрек бола алмайды. Жасық жан жанқиярлық ерлік жасауға да қабілетсіз.
Ұлттық мақтаныш сезімі дегеніміз не? Ұлттық мақтаныш сезімі дегеніміз - белгілі бір ұлт өкілінің жеке мақтаныш сезімі, белгілі бір немесе басқа бір ұлт адамының көптеген жеке мақтаныш сезімінің жиынтығы болып табылады. Ұлттық мақтаныш сезімі - әрбір ұлт адамдары үшін бұзылмас заң. Кімде-кім өз ұлтын сыйламаса және оны мақтан тұтпаса, ол сөзсіз барып тұрған арамза, отансыз қаңғыбас. Өзін сыйлай алған адам өзгені де сыйлай алады, белгілі бір ұлттың толық азаматы болып әрі өз ұлтыңды мақтан ете отырып, сен басқа халыққа да лайықты қарай аласың. Мысалы, нағыз интернационалист болуы үшін орыстар шын мәнінде бар болмысымен орыс болуға тиіс. Екі түрлі ұғым бар: ұлттық рух - бұл асыл қасиет, ұлтшылдық - бұл ұлт ішіндегі жеке адам бойындағы көр кеуделік. Бұл мәселені дұрыс түсіне білу керек. Кейбіреулер ұлттық рухты немесе ұлттық патриотизмді ұлтшылдықпен оп-оңай-ақ шатастырып алады. Бұл жерде міндетті түрде ұғыну қажет. Соғыс кезінде орыстар да бұл мәселені дұрыс түсінуге ұмтылып отыр, олар біз орыстармыз дейді! Бұл дұрыс па, ал соғысқа дейін біздер күшті «интернационалистер» болған едік. Ұлттық рух пен ұлтшылдықтың ара жігін ажырата білген жөн. Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет, осындай адам ғана отандастарының алдындағы өз халқының және ең алдымен халықтардың бауырластығы алдындағы өз борышын терең де жоғары сезінеді. Барлық халықтар барлық ұлы әрі тамаша нәрселер жасауға қабілетті.
Айбарлы адам жасық жанға дос бола алмайды. Егер сен жасық жан екенсің, онда достықты талап етуге қандай құқың бар деу әбден заңды, сені тек жек көруге болады. Халықтардың бауырмалдық ұлы сезімі мына қырғын соғыста үлкен сынға түсіп, бұл сынақтан сүрінбей өтті әрі көптеген адамдардың көзін ашты. Бұл соғыста Совет Одағында тұратын ұлыстар мен ұлттардың бірде-бірі өзгелерден жаман соғысуға правосы жоқ. Айталық, бір халық нашар соғысты дейік; онда бұл халықты құрметтеуге қандай негіз болмақ, ал жақсы соғысып жүрген халық әрқашан ізгі құрмет көрсетуге лайық. Халықтардың достығы мен бауырмалдығының осы айтылған негіздеріне сүйеніп ұлттық мақтаныш сезімі дегеніміз - ұлттар достығының кепілдігі деуге болады. Әрбір солдат өзіне өзі төмендегідей сұрақтар қояды. Біздер кім едік? Біздер кімбіз? Біздер қандай болмақпыз? Сонымен, біздер кімбіз және біздер кім болмақпыз? Егер сіздердің біріңізге сіздің атаңыз тамаша адам болған десе, онда сіздің де көңіліңіз көкке көтеріліп қалмай ма, сондықтан да бізден біздер кімбіз деп сұрайтын болса, онда біздің өткен тарихымызға, біздің даңқты ата-бабаларымызға деген біздің бойымызда мақтаныш сезімі сезілетіндей етіп жауап беруге тиістіміз. Мен: «Біз мал едік, қараңғы едік», - деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу-ызам келеді. Бұл бізде ғана бар көр кеуделік емес, басқа ұлттарда да бар нәрсе, тіпті орыстардың арасында да соғысқа дейін өздерінің ата-бабалары жөнінде ұнамсыз нәрселерді айтудан ұялмайтындар табылатын. Суворовтың өзін де жақында ғана көпшілікке насихаттай бастаған жоқ па? Сол кезде, яғни өткен ғасырда өмір сүрген біздің кейбір хандарымыз бен билерімізге, мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, ал бізде хан екен, демек антұрған деп қарайтын ұғым - түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп кім айта алады - сөз жоқ, ешкім де айта алмақ емес. Өйткені Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды! Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері әрі жақсы адамдар болған, сірә мұны теріске шығара қоюға болмас және де оларды мақтаныш етуіміз керек - олар халықтың абыройы ғой. Мұндай сұраққа немере-шөберелері өзінің ата-бабаларына, өзі өмір сүрген қоғамдық формацияда көшке ілескен елеусіз адам емес, жұртқа пайдалы өз заманының прогрессивті, өнегелі адамы болғанына мақтанатындай етіп айта білу қажет. Өткен тарихымызды аяққа баспай, қиянат жасамай, мұны дұрыс ажырата білгеніміз жөн. Біздер осы кімбіз? Біздер кім болмақпыз? Бұған былай жауап беру керек: жақсы адамдар бар, одан да жақсырақ болуымыз керек. Әйтпесе ертеректе біз мал едік, жылдар өте нағыз адам болыппыздың кезі келмей ме? Бұлайша қойылған сауалға жауап қайыру жөнсіздік.
Оқып-үйрету, тәрбие беру деген ұғым-түсінік бар. Оқыту дегеніміз не? Бұл - өте қатал түрде тәрбиелеу жолымен солдат кәсібінің техникасын үйрету. Барлық айла-тәсілдерді солдат снарядтарда жаттығу орындайтын гимнастай дағдылы түрде істей беретіндей дәрежеге жеткізу керек. Тәрбие адам бойында жақсы мінез-құлық қалыптастырады. Тәрбиелеудегі бірінші мақсат - саналылық, бұл ең басты мәселе, ал мәжбүр етушілік - қосалқы тәртіп режимі болмақ. Көнтерілікке, көнбістікке, бас июшілікке тәрбиелеу, бұл, шын мәнінде, адамды моральдық жағынан толық езіп-жаншу деген сөз. Тіл алғыштыққа бейімділікті адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіру мен жандандыра түсудің қуатты да икемді құралына айналдыра білген жөн. Көнтерілілік, көнбістік - асқақ адамның сергек ойына тұсау. Армияда адамның адамгершілік сезімін терең құрметтей білуге негізделген қатаң тәртіп болуға тиіс. Ерлікке тәрбиелеу - сенімді түрде шешімділік жасау кезіндегі сақтық - батырдың басты қасиеті. Ойланбай, көзсіз жасалған ерлік - батылдық емес, есерсоқтық және оны ерлік деп атауға келмейді.
Адам бойындағы адамгершілік сезімді аяққа баспай, қорламай, құрметтей білген жөн. Біздің суретшілер болса, немістің суретін салған кезде үрейлі каррикатура, жан түршігер құбыжық етіп салып, жүгенсіздік жасайды. Міне, мен ешқашан да ұрыста болып көрмеген солдатпын дейік, алайда көп ұзамай қызу шайқасқа қатыспақпын, алдыма қарасам, Тәңірім бұрын-соңды жер бетінде жарата қоймаған суретші қолымен салынған алып құбыжық тұр. Мұнысы - насихатының түрі, осылайша суретшілер одағы жауға деген өшпенділікті тәрбиелеу жұмысына көмектеспек болады, бірақ шын мәнінде суретшілер одағының мұндай әрекетінің пайдасынан зияны көп, осындай жүгенсіздігімен ол тек жас жауынгерді шошына түседі. Бұл жүгенсіздік менің жан дүниемді тітіркендіріп, ашу-ызамды қайнатты: бұл суретшілерді түрмеге жауып тастаудың орнына, оларға қаламақы төлейтіні қалай? Немістерді жан түршігерлік құбыжық етіп суреттейтін шығармалар да баршылық - бұл жалған, өтірік. Егер өтірікті айта алмайды екенсің, дұрысы үніңді өшір, ал айта алады екенсің, онда жөнімен, мөлшерімен айт. Кейбіреулер немістерді адам емес дегенді айтады. Мен мұндай пікірмен келіспеймін және өзімнің солдаттарыма немістер де сүйек пен еттен жаралған, бірақ олар мінез-құлқы жағынан барып тұрған азғындаған, бұзылған адамдар деп айтамын. Немісті де найзамен шаншып, оқпен атып өлтіруге болатынына, оған да қорқыныш тән екендігіне жауынгерлердің көзін жеткізу қажет. Сонымен, барып тұрған өтірік үлкен шаян алып келеді екен. Екінші бір шектен шығушылық - немістерді біздің жалғыз жауынгеріміздің өзі-ақ «ура» деп атой салса, алды-артына қарамай зыта жөнелетін су жүрек қорқақ етіп көрсетушілік. Екі жылдың ішінде мен мұндай немістерді көргенім жоқ. Олар қарсылық көрсетіп бағады, оларға қорқыныш сияқты, ержүректілік те тән. Дұшпанды бейшара етіп, оның жауынгерлік қасиетін, қарсыласуға қабілеттілігін жасырып көрсету жөн емес. Дұшпан туралы шектен шыққан кез келген каррикатура жөнсіздік қана емес, сонымен бірге зиянды да. Дұшпан туралы шындық нәрсені айту керек - тек шындық мысалдарында ғана жауға деген өшпенділікке және батылдыққа тәрбиелеуге болады. Тәрбие жұмысының мақсаты - адамның бойында жауынгерлік қасиетті, жауынгерлік өнегелілікті қалыптастыру. Бұған адамды иландыру арқылы қол жеткізеді, семьяңа, халқыңа, отаныңа, мемлекетке берілгендік, үлкенді сыйлау, заңды, тәртіпті, салт-дәстүрлерді сақтау, жеке адамның игілігімен етене байланысты, қоғамдық игілік жөнінде қамқорлық жасау өмірлік әрі рухани қажеттілік болып табылады, қоғамдық қажеттіліктерге (әркімнің қабілетіне қарай) деген дұрыс көзқарас қоғамнан лайықты бағасын алады. Бұл ұғымдар тәрбиелеу арқылы сана-сезімге сіңіріледі де, адамның бойында саналы іс-әрекет жасау үшін дербес мінез-құлық қалыптастырады; жауынгердің адамгершілік келбетіне қорқыныш пен құлдық ұрушылық жат болуға тиіс, мұның өзі шексіз сүюшілік пен мемлекетке, халқыңа шын жүректен сенушіліктің мән-мағынасын білдіреді. Қазақтар: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»,- дейді. Адам бақытты болған кезде шексіз беріледі, ал ол өзіне қай жерде сенім білдіріп, өзін қай жер жақсы көрсе, сол жерде ғана бақытты.
Енді кейбір психологиялық ұғымдарға тоқталып өтейін: Ақыл Сезім Ерік. Ақыл - бұл заттар мен құбылыстарды танитын күш. Ақыл оларды өте сезімталдықпен ажыратып, анықтайды, яғни адам өзінің сезім мүшелері арқылы әсер алып, оны нерв жүйелеріне беріп, мида тез арада қорытып, пайда болған нәрсе түсінік пе немесе образ ба, анық жауабын береді. Ақылдың жұмысы адамның ішкі сезім күйін бейнелейді. Мұны біз көбінесе жекелеген ұғымдарға жіктеп жатамыз. Ойлау - алған әсерлерді біртіндеп өңдей отырып, объективті шындықты бейнелейтін танымның жоғары сатысы. Сенімділік - бұл заттар мен құбылыстар туралы, болып жатқан нәрсе туралы нақты ұғым мен оның зардабы туралы айқын түсінік. Сенімділік табысқа жетуге деген құлшынысты арттырады, бойға қуат береді, әбден айқындалған өмір беруге немесе жеке іс-қимылға шақырады - яғни дереу әрекет жасауға итермелейді. Күдік - алған әсерді шала әрі айқын сезіне алмаудың, түсіне және өңдей алмаудың салдарынан ақылдың арса болуы, ойдың толқуы... Күдік - қорқыныштың бір түрі, соғыста толқу - бір нәрсеге шешіліп тәуекел ете қоюға, бір нәрсеге әрекет қылуға мүмкіндік бере қоймайтын, көбіне сасқалақтап асып-сасуға дейін жеткізетін өте қауіпті, көбіне залалды астан-кестен болған ішкі дүниенің күйі; жаңыла бастаған адам, басқаларды да есінен жаңылыстырады. Күдіктене бастаған командир, әдетте, өзінің міндетін орынбасарына артып немесе оның «қарамағындағылар жай оны түсінбепті» деген сылтаудың зардабынан өзін қауіпсіздендіре отырып, жалпы сөзбенен анық, айқын емес бұйрық беріп жеке бұйрықтан қашқалақтайтынын біздер тәжірибеден білеміз. Халықта мұны «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» дейді. Жеке басым өзімнің бастығым генерал Чернигов ақылының тұрлаусыздығынан үш рет сәл болмағанда ажал апанына түсе жаздадым, осы жағдай «күдік» деген ұғымды тереңірек түсінуіме түрткі болды. Ес - бұл ақыл-ойдың бастан өткен әсерлерді өз қалауынша қабылдау, сақтау және қайта жаңғырту қабілеті. Әскери істе ес тәжірибені негіздеуге қызмет етеді. Ес алдағы пайдалы іс-әрекеттер үшін сәтті және сәтсіз әрекеттерден тағылым ала отырып құбылыстарды сұрыптап, жинақтайды. Бізге бұл әділ түрде тәжірибеден үйрену, басқалардың тәжірибелерін жинақтап, зерттеу ұсынылады. Әрине, жеке тәжірибе - ұлы іс, ол санада терең із қалдырады, дегенмен де оның да аясы тар, сондықтан да басқалардың тәжірибесі мен зердесіне, оларды үйрену мен жинақтауға ерекше көңіл бөлінгені жөн, бұл кез келген ойлы офицердің парызы әрі оның жеке басының іштей өсуінің құралы болуға тиіс. Зерігу - ақыл-ойдың қызығушылығының болмауы, қабілеттің аздығы, қызметтің әлсіздігінен пайда болады. Зерігу қызмет орнына, табиғаты келмейтін жұмысқа бейімділігіне, қабілетіне қарамай тағайындай салушылықтан келіп туады. Халық: «Қарғаны баптағанмен бүркіт болмас», «Аяз би, әліңді, құмырсқа, жолыңды біл», «Әркім өз жөнін білгені жақсы»,- деп бекер айтпаған. Әр уақытта адамның туа біткен қабілеттілігін, табиғи дарынын ескеріп және қызметтік талаппен байланысты тууы мүмкін қайшылықтарды орағытып кеткен жөн. Кадрларды, кімнің неге қабілетті екенін, жалпы кімді қай жерге тағайындау емес, пайдалану жөн, тиімді екенін анықтау мақсатында зерттеп білу, анықтау талабының заңды екені белгілі. Мұның бәрін есепке алмау (кадрларды, қатардағы құрамды қосып есептегенде, дұрыс бөліп, орынды орналастырған жағдайда оп-оңай құтылып кетуге болатын) үлкен материалдық шығын мен қажетсіз құрбандыққа душар етеді. Селқостық - негізінен зерігудің бір түрі, ойлаудың тиянақсыздығы, айқын еместігі, құбылысты байыпсыз қабылдаушылық; осыдан оның салдары енжарлық, қызметтік әлсіздік және т. б. туады. Армандаушылық - жүзеге аспайтын нәрселерді ойлану, дегенмен де бұл адам бойындағы күшті құштарлық. Соғыста армандаушылық - көбінесе нақты міндеттерді шешуде творчестволық жолға итермелейтін қозғаушы күш. Қулық - алған әсерлерді жалған, жасанды түрде көрсету - соғыста ең сорақы бақытсыздық, қауіпті өтірік. Екіжүзділік - жалған жаны ашушылық, түсінушілік, ұғынушылық, пікірлестік, өтірік нәрсені шын деп, шынды жасырып көрсетушілік. Мұның бәрі көбіне «Аяз би, әліңді, құмырсқа, жолыңды біл» салдарынан. Екіжүзділікті жоюдың ең сенімді тәсілі, ең дұрысы - бөлімді жасақтау кезінде немесе қызмет орнына офицер-жолдастарды тағайындаған кезде мұндай жағдайларды тудыратын себептерге жол бермеу. Мүмкіндік болмаған жағдайда - мәжбүр ету әдісімен үйрету керек . Сезім - тән мен жанның белгілі бір жағдайдағы күйі, яғни біздің сыртқы дүниені қабылдау және оған жауап беру, реакция жасау қабілетіміз. Сезім: тән (физикалық), немесе оны кейде төменгі сезім деп те атайды, яғни оны организмнің (ауырсыну, шөліркеу, аштық, суықтық және т. б.) физикалық күйі анықтайды. Рухани немесе кейде жоғарғы деп те аталынатын - яғни адамның көңілін аударып, жан дүниесін астан-кестен ететін сезім - оған махаббат, жеккөрушілік, ашу-кек, ыза сезімі және сол сияқты ақиқат, әділдік сезімі, шындық, өтірік және т. б. сияқты ұғымдар да жатады. Әсер - адамның психикасын қоздыратын немесе басатын жағымды немесе жағымсыз түйсік сезім. Әсер сезімі физикалық та, сондай-ақ бұл сөздің рухани мағынасында даадамның қызметіне тікелей ықпал ете отырып, адамды қайраттандыра түсуге, оның бойындағы күш-қуаттың артып, болмаса әлсіреуіне себепші болады. Бізге бәрінен де гөрі әскери тәрбиеде жауынгерлік қасиеттерді дарытудың моральдық және адамгершілік негіздері ретіндегі сезімдердің ең жоғары көрінісін білу, зерттеу және түсіну маңыздырақ. Парыз - бұл орындалуға тиіс міндет пен әрекет. Парыз алға қойылған міндеттен туады, яғни міндет адамға парызды жүктейді, сондықтан да парыз бен міндет адамның қызмет әрекетінде әртүрлі. Халық: «Билік кімде болса, сұрау да содан», - дейді. «Міндет адамға жауапкершілікті жүктейді». Егер бізді қоршаған табиғат пен жануарлар әлеміне тіл біткен болса, онда олар мүлдем әділ түрде дауыспен: «Адамның қолына қыруар билік берілген, одан көбірек сұрағын, жаратушым!» - деген болар еді. 40 Әдеби KZ Әскери қызмет әскери қызметшілерге біз әскери парыз деп айтатын ерекше спецификалық міндет жүктейді. Мемлекетті қолына қару алып сыртқы және ішкі жаулардан қорғау -- армияның басты міндеті мен мақсаты. Армияның негізгі мақсаты - ұрыс жүргізу, бұл әскери мақсатқа жету жолындағы бірден-бір құрал. Кез келген ұрыстың міндет-мақсаты дұшпанға қақырата соққы беру, демек әскери парыз дегеніміздің өзі - бұл жеңісті сезіну, жеңіске жету жолында қауіп-қатерден тайсалмай, намыс пен абыройды жоғары ұстап, өлімге тәуекел етіп, жауды жеңген кездегі мақтаныш сезімі деген сөз. Әскери парыздың өзегі - әскери рух, әскерлердің моральдық-адамгершілік бейнесі жоғары идеялық пен патриотизм болып табылады. Әскери рухтың - парыздың мән- маңызы өлімге бас тіксең де, дұшпанның еркіне мойынсұнбау. 1 Әскери рухтың көрінісі - өзін барлық кезде сергек те көңілді ұстаудан, өз міндетін дәл, мінсіз атқарудан, ұқыптылық, тиянақтылық танытудан, үсті-басын таза, мұнтаздай етіп ұстаудан тәртіп пен қызметтік міндеттерді дұрыс орындаудан, полктың туын қасиетті ту етіп жоғары ұстай білуден көрінеді. Адамның жан-тәніне түсетін жөнсіз сын мен ауыртпалықтан арып-ашу мен қажудан мүмкіндігінше аулақ болған жөн, әскердің күш-қуаты мен рухын түсірмей, қайта көтеріп, жауынгердің санасына біртіндеп қызмет етудің қажеттігіне жеткізу керек. Парыз - өзінің мағыналық аясына ақыл, сезім, ерік, абырой, ар-ождан, әділдік, шындық, махаббат тағы басқа да мәселелерді қамтып, оларға адамның қызмет аясындағы қайшы құбылыстарды қарама-қарсы қоятын ең жоғарғы интеллектуалдық ұғым. Төменіректе парыз туралы толығырақ айту үшін алдымен мынандай анықтамаларға тоқтала кетуді қажет деп санаймын: парызды түсіну ар-ұят деп айтылады. Ар - жақсылық пен зұлымдықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілік ұғымы. Бұл адамның қызметін оның ақиқат, шындық пен әділдік жөніндегі ұғым-түсінігіне байланысты реттейтін парыздың қаншалықты орындалған немесе орындалмағанын (осыдан келіп бірде сергектік, бірде жасушылық) анықтайтын, нені істеп, неден бас тартуға тура келетінін көрсететін, көңіл- күйдің жайбарақаттығын білдіретін сезім. Қысқасын айтқанда ар - парыздың бақылаушысы, адам қызметін реттеп отырушы. Абырой - жеке адамның ар-намысын ұғыну деген сөз. Абыройды, жоғары моральдық рухты сақтау жолында өз өмірін қиюға дейін баруға ниет ету - намыс деп аталады. Ұят - жасаған әрекетінің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау - масқара болушылық сенімділік, соғыс пен ұрыстағы сенімділік - дұшпаннан басым түсу сезімі, өзінің жеке басының ар-намысын сезіну. Сенімділікке істі білу мен жауынгерлік рухты көтеру арқылы қол жетеді. Жігерлендіру дегеніміз - рухани күш беру, күш-қуаттың тасуы, сергектік күй. Әскерді жігерлендірудің құралдары мыналар: инабаттылықпен, кішіпейілділікпен ықпал ету, адамның адамгершілігін құрметтеу, бастықтың жеке өнегесі, ақыл-кеңес беру, айтқанын түсінікті етіп ұғындыру, көңілден шыққан қарапайым сөз, тапқырлық, шешендік, орынды айтылған әзіл-қалжың, ойын-күлкі, ән-күй, жауынгерлік және басқа да әндерді айту, би билеу мен бөлімшелердегі басқа да көркемөнерпаздық жатады. Көркемөнерпаздыққа ерекше көңіл бөлген жөн, өйткені, солдат өзін бәрібір көбінесе көрермен ретінде сезінетін, әрі артистерге тек қана кәсіпқойлар деп қана қарайтын нағыз артистердің көрсеткен өнеріне қарағанда, ол бірге қызмет ететін жолдастарының қойған ойын-сауығында көңілі көбірек көтеріліп, шабыттанып, өзін әлдеқайда жеңіл сезінеді. Актерлер мен актрисалардың гримдері солдаттың бойында маскаға деген жеккөрушілік сезімін тудырады: «Мына бейтаныс адамдар келіп, өздерінің қылымсыған, бәлсінген, шын жүректен шықпаған жалған ойын-сауығымен бұлардың көңіл-күйін көтермек». Солдат далалық жағдайда шын мәніндегі тосын өнер көрсеткен кезде нағыз өнер өкілдерінен гөрі, көбінесе шалағай өнерпаздар (халтурщиктер) ойын-сауық қоятынын анық сезеді. Шалағай артисті ол рахаттана қолына винтовка ұстатып, ауыстырмай, бір тәулік бойы күзетке қойып әрі бұл қыр жалқаудың қиналғанын көріп табалаған да болар еді.
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды
Жалғасы бар