«Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» - орыс қызы Е.Гаркава

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағыдай емес, қазір құндылық басқа, көзқарас бөлек. Мемлекеттік тілге деген құрмет артып, қолданыс аясы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында: «2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді білетін болады. Және біз бұл үшін бәрін жасап жатырмыз», - деген болатын.
None
None

Рас, қазір қазақ тілін білу трендке айналып келеді. Мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің де қатары көбеюде. Сондай жандардың бірі - «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Корпоративтік коммуникациялар қызметінің жетекші маманы Елена Гаркава. Оның қазақ тілін қалай меңгергені туралы әңгімесі өзге де замандастарына қызықты болар деген оймен шағын сұхбатты жариялап отырмыз.

- Лена, қазақша емін-еркін сөйлейсіз, замандастарыңызға қызықты болар, қайдан, қалай үйренгеніңізді айтып берсеңіз.

- Мемлекеттік тілді мектепте оқып жүргенде меңгере бастадым. Менің тұңғыш мұғалімім Зәуре Тлеулина тілге деген құмарлығымды арттыра білді. Сөйтіп, оның бастамасымен мектеп және аудандық байқауларға қатысып, талай рет жеңімпаз болдым. Үздік куәлікпен негізгі мектепті тәмамдап, Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжіне қазақ филологиясы бөліміне оқуға түстім. Оқу ордасында қазақ тілі, қазақ әдебиетімен жақынырақ танысып, тілді де жетік меңгердім. Түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасында бір жылдай жұмыс істеп, журналистикаға қызыға бастадым, сондықтан оқуымды ары қарай Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ бөлімінде жалғастыруды жөн көрдім.

- Жөн екен. Қазір өзіңіз еңбек ететін кәсіпорында мемлекеттік тілді дамытуға, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған қандай шаралар өтіп тұрады?

- Бүгінде «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Корпоративтік байланыстар бойынша қызметінде еңбек етудемін. Кәсіпорнымызда ондаған өзге ұлт өкілдері жұмыс істейді. Олар, көбінесе, ресми тілде тілдескенмен, мемлекеттік тілге деген ынта-ықыласын байқатады. Сол себептен, компанияда қазақ тілі кабинеті ашылған, сонда аптасына екі рет қызметкерлеріміз тілді білу деңгейлеріне байланысты білім алады. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қазақ тілінде қойылым ұйымдастырылды. Сондай-ақ, былтыр кәсіпорнымыздың еңбеккерлері мен балалары арасында Топта алғаш рет «Абай оқулары» өтті, осы секілді түрлі шаралар өтіп тұрады.

- Сіздіңше, жалпы елімізде қазақ тіліне деген қажеттілік қай деңгейде деп ойлайсыз?

- Мемлекеттік тілді - Ту, Елтаңба, Әнұран секілді мемлекеттік рәмізіміз десек болады. Ендеше, барша қазақстандықтар мемлекеттік тілге құрметпен қарауы тиіс деп ойлаймын. Қазіргі кезде қажеттілік жыл өткен сайын артып келе жатыр.

- Ал мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейте түсу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Меніңше, бұл мәселеге тілдерді дамыту мен қолдану жөніндегі органдар жауапты. Ал жалпы тіл саясатының табысты жүргізілуінің бір ғана жолы бар деп ойлаймын, ол - қазақша сөйлеу.

- Яғни, баршамыз бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, тіл проблемасы өздігінен шешіледі дейсіз ғой. Жақсы. Жалпы, сіздің қазақша білгеніңіз жеке басыңыз үшін не берді?

- Тіл білу - артықшылық. Ол әр кезде де пайдалы. Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің. Білім көкжиегің кеңейе түсіп, әлемді тани түсесің. Өзге тілдерді білетін, мәдениетті, әдепті және білімді тұлға әлемнің барша игілігін игеріп, көптеген адамдарды танып, жоғары жетістіктерге жетеді. Бұның басты себебі - жан-жақты болуында, түрлі тәжірибе жинауында, салыстырып, қорытынды шығара алатындығында деп ойлаймын. Осының өзі адам баласы үшін үлкен сый, зор марапат емес пе?!

- Әдемі жеткіздіңіз. Қазақ тілінде газет, кітап оқисыз ба? Жалпы, тіл білуді қалай жетілдіріп отырасыз?

- Қазақ тілінде көптеген достарыммен сөйлесіп, хат жазысып тұрамын. Күнделікті жұмысымда қазақ тілін көп пайдаланамын: мақалалар, пікірлер, баспасөз хабарламаларын даярлау кезінде, кәсіпорнымыздың қонақтарымен тілдесуде, шаралар ұйымдастыруда қолданамын. Бос уақытымда М.Мақатаев, О.Бөкей, М.Әуезов, М.Шаханов, Ш.Уәлиханов шығармаларын және қазақтың әдет-ғұрыптары жайлы этнографиялық мақалалар жинақтарын оқуды ұнатамын.

- Еліміздің кейбір мекемелерінде мемлекеттік тілді білетін қызметкерлерді ынталандырып отыру үшін олардың айлық жалақысына қосымша үстемеақы қосып отыру тәжірибесі бар. Осындай тәжірибеге сіз қалай қарайсыз, мүмкін сіздің ұжымға да осы сияқты ынталандыру шаралары қажет шығар?

- Меніңше, тілді меңгеру ешкімнің күштеп таңуы немесе түрлі жолдармен ынталандыруы арқылы емес, адамның жеке ықтияры, өз ынта-ықыласымен жүруі керек. Оның үстіне, бұл әрбір адамның өз қарым-қабілет, икеміне де қатысты мәселе деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар