Қанша жерден әділ болсаң да, өз ісіңнің маманы болмасаң, бір жерден қателесесің - төреші Н. Ермағамбетов (ФОТО)

Тіпті, кейбір жарыстарда қазылар өзі қалаған спортшыны жеңіліп жатса да, сүйреп жеңіс тұғырына алып шығатын сәттерін жиі байқап қаламыз.
Мұндай әділетсіздікті соңғы кездері енді-енді дамып келе жатқан ұлттық спортымыз - қазақ күресінен де кездестіретін болдық.
Бүгін осы төл күресімізден халықаралық дәрежідегі төреші, Қазақстан Республикасының қазақ күресінен ұлттық құрама командасының басшысы Нұрлыбек Тыштықпайұлымен әңгімелесіп, төрешілік жасаудың қыр-сырымен ой бөлістік.
- Нұрлыбек Тыштықпайұлы, қазақ күресінен өтетін жарыстарға төрелік жасап жүргеніңізге қанша жыл болды?
- Жалпы төреші болып жұмыс жасағаныма 19 жыл болды. Соның ішінде қазақ күресінен он жеті жыл. Жалпы самбо, белбеу және қазақ күрестерінен халықаралық дәрежідегі төрешімін, 2008-2012 жылдар аралығында қазақ күресіне қосымша Республикамызда белбеу күресінен де жарыстарды ұйымдастырдым. Азия құрлығында төрешілер алқасының төрағасы болдым.
Сол жылдары белбеу күресінен Әлем кубогі және Азия чемпионаттарында бас төреші болып және төрешілерге арнайы семинарлар ұйымдастыру жұмыстарын атқардым. Күрес - өнер. Әр ұлттың ғасырлар мәдениетімен және салт дәстүрімен бірге дамыған өнер, қазақ күресі басқа да күрес түрлерімен өте тығыз байланысты. Бұл байланысты негізі күрес әдістерімен және әдіс жасайтын тәсілдерінен байқауға болады. Әр елдің күресінің айырмашылығы ережесінде ғана.
- Осы жылдар аралығында сіздің төрелігіңізге қатысты даулы жағдайлар туындаған кездер болды ма?
- Әр балуанның белдесуінде дұрыс әділ шешім қабылдауға тырысып келем. Қазірге дейін, қателесіп, біреудің обал-сауабына қалған емеспін. Мен қазылық еткен әрбір жарыста бүгінгі күнге дейін бірде-бір дау болған жоқ. Спортшылардан да, жанкүйерлерден де шағым түскен емес.
- Бұл сіздің әділдігіңізден бе, әлде кәсіби біліктілігіңіздің жемісі ме?
- Бұл жерде кәсіби біліктілік пен әділдік қатар жүруі тиіс. Қанша жерден әділ болсаң да, өз ісіңнің маманы болмасаң, бір жерден қателесесің. Ал қанша жерден білікті болсаң да, әділ төрелік жасай алмасаң, бәрі бір сынға ұшырайсың. Сондықтан, жан-жақты болу керек.
- Төреші өзі төрелік жасап тұрған спорт түрімен бұрын айналысқан болуы міндетті ме?
- Міндетті емес. Бірақ, әр төреші өзі төрелік жасайтын спорт түрінің маманы болуы міндетті. Жақсы бапкерден мықты спортшы шығуы мүмкін. Алайда, мықты спортшыдан мықты бапкер шықпауы да мүмкін. Сол сияқты ғой. Төреші өзі төрелік жасайтын спорт түрінің барлық айла-тәсілдері мен ережелерін толық білуі тиіс. Қазіргі таңда қазақ күресі алға дамыған сайын көрермендер де қазақ күресінің ережелері мен айла-тәсілдерін жетік меңгеріп келеді. Бір қателік болса, бірден байқап, айғайға басады.
- «Ұлттық дәрежедегі төреші, Халықаралық дәрежедегі төреші» т.б. деп төрешілерді де лауазымдарға бөліп жатамыз. Қазақ күресінде төрешілерге атақ-дәреже қалай беріледі? Оны қандай талаптарға сай болғанда береді?
- Қазақ күресі ережесінде төрешілерге атақ-дәреже қалай берілетіні анық жазылған. Төрешілік ережесі мен нормалары Қазақстан Республикасында қазақ күресінің Республикалық федерациясында бекітілген. Бекітілген ереже «спорттық төрешілердің», «ұлттық», «жоғары ұлттық» және «халықаралық дәрежесінің» тәртібін орнатады және осы санаттарға берілу кандидаттардың біліктік талаптарын, құқығы мен міндеттеріне қарай беріледі. Төреші білікті санатын алу үшін: Қазақ күресінен «бірінші спорттық» дәрежесін берілгеннен кейін үш жылдан кем емес республикалық жарыстарда және семинарларға қатысып аттестация өткеннен кейін «Ұлттық төреші» атағын алады. «Ұлттық төреші дәрежесінен» кейін тағы да үш жылдан кем емес халықаралық жарыстарға және семинарға қатысып аттестациядан өткеннен кейін «Жоғары ұлттық төреші» атағын алады. Тағы да үш жылдан кем емес «жоғары ұлттық төрешілер» Қазақстан Респубикасының федерациясы бекітілген ұсыныспен Дүниежүзілік федерациясының халықаралық Азия мен Әлем чемпионаттарына қатысқан және қызметін жақсы атқарған төрешілерге «Халықаралық төреші» атағы беріледі. Сонымен қатар төрешілік дәрежесі атағы бір жылда емес бірнеше жылдар білікті талаптармен реттеледі.
- Қазақ күресінің жанкүйерлері төрешілердің қаншалықты әділ не әділ еместігін жыл сайын өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінде бір байқап қалады. Себебі, онда халық көп жиналады. Әр облыстан жиналған жанкүйерлері өз өңірінен келген балуандарға қолдау жасайды. Осы турнирде кілемдегі төреші балуандарға ұпай беру үшін не болмаса бұзылған ережелерге сәйкес ұпай санын қысқарту үшін өзі шешім жасауға батылдық ете алмай, қапталдағы төрешілерге көп жалтақтап жатады. Бұл төрешінің әлсіздігі емес пе?
- «Еуразия Барысы» турнирінде 2014-2015 жылдары бас төреші болдым. Төрешінің белдесу кезінде дұрыс көрмей қалған кез болса, болмаса қателесетіндей жағдайға тап болса қапталдағы және кілем жетекшісіне қарап баға беруге құқығы бар. Өз тәжірибемде бас төреші болған кезде міндетті түрде төрешілерге жарыс алдында жиналыс өткізіп өз ойларын, пікірлерін, көрген әдістерін әділ және дұрыс батыл қадаммен бағалай білуге шақырам. Төрешінің қателіктеріне әсер ететін жағдай бар. Егер де төреші шаршаған болса, болмаса денсаулығы шұғыл күрт түсіп кетсе (өйткені кейде жарыс 7-8 сағатқа дейін болуы мумкін, болмаса алыс жолдан басқа қаладан келіп ертеңінде төрешілікке шығуы да мумкін), сондықтанда қателіктер болмас үшін бас төреші төрешілердің алқасын үш-төрт белдесуден кейін алмастырып тұрады.
- Жыл сайын өтетін «Қазақстан Барысы» турнирін соңғы жылдары «Боец» телеарнасы арқылы әлем елдеріне тікелей эфирде көрсетіп келеді. Қателеспесем сіз осы арнада жарыс кезінде бір-екі рет балуандарымызды таныстырып, қазақ күресінің ережелері, әдіс-тәсілдері туралы кеңірек сұхбат бердіңіз. Бұл қазақ күресін әлемге пәш етуде қаншалықты рөл атқарады?
- Иә, оның маңызы өте жоғары. 2012-2013 жылдары Боец телеарнасында жарыстың басынан аяғына дейін тікелей эфирде сұхбат бердім. 2014 жылы да «Қазақстан Барысында» өз еркіммен төрешіліктен бас тартып, 120 мемлекетке тікелей эфир арқылы тарайтын «Боец» телеарнасынан әлемге «Қазақстан Барысы» турнирі туралы сұхбат бердім. Еліміздегі ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі спорт сүйер қауымға қазақ күресінің толық ережесімен және 33 балуанымызды таныстыруды өте маңызды деп есептедім. Міне, сол еңбектердің жемісі болар, қазір қазақ күресіне әлем елдерінің балуандары да қызығушылық танытып отыр.
- Сосын «Қазақстан барысында да, Еуразия барысында да» көп кездесетін тағы бір жағдайды айтқым келіп отыр. Бұл жағдай бірінші рет Таразда өткен «Евразия барысында» шектен тыс көзге ұрып тұрды. Мысалға сол бәсекедегі Монғолия балуандары мен қазақ балуандары арасындағы кездесуге төрелік еткен қырғыз төрешісін алайық. Екі балуан белдесіп, бірі екіншісін қапсыра құшақтап лақтыра бергенде, немесе, айласын асырып, астына бүктей бергенде ол «ТОҚТА» деп, еш себепсіз белдесуді тоқтатып жатты. Бұл төрешінің сауатсыздығы ма, әлде өзі қалаған балуанға болмаса командаға бүйрегі бұрылу ма?
- Сіздін сұрағыңыз 80 келі ақтық белдесу деп ойлаймын, сол белдесуде Ерсін Мұхамеджанов өнер көрсеткен болатын. Бас төреші Биткөзов Диханбай аға болды. Сол жылы менің Мәскеу қаласындағы Останкино телестудиясында тікелей эфирден көріп сұхбат беруіме тура келді. Ғаламторда белдесудің бейнесі бар, оны да бірнеше рет көрдім, енді сол күні студияда көргеніммен айырмашылығы айғақ. Айырмашылығы бейненің жылдамдығында. Дау тудырған әдісті ютуб бейнесінде монғол балуанға беруге болады, ал біздің студияда көрген бейнеде қазақ балуанға беруге болады. Сол белдесуде бес минут уақытта есеп саны тең болған соң «қоян қолтық белдесуде» Мұхамеджанов жеңіске жеткен болатын. Енді Нұрхан Османалиев Қырғызстанның төрешісі туралы айтатын болсақ, тәжіриебесі мол халықаралық дәрежедегі төреші. Ол Қырғызстандағы қазақ күресі федерациясының өкілі. Биылғы жылдың «Еуразия Барысында» өткізген халықаралық семинарға қатысқан.
Турнирде дәл сондай қателікті қайталаған Ресей мен Қазақстан кұрамаларында (Айдос Ғалымов) 74 келі салмақта, Ресей балуаны әдіс бастаған кезде «Тоқта» деп айтқан кезде мен өз бас төреші құқығымды пайдаланып әдіс болды деп есептеп «Таза жеңісті» Ресей балуанына бергізген болатынмын. Турнирде енді жақсы білесіз, төрешілік жасайтын шетелден келген мамандар, әрине олар біздің төрешілер сияқты жиі жарыс өткізбейді. Сондықтан сондай қателіктер болып тұрады. Осындай қателіктерді болдырмайтын бірнеше жолдары бар, сол қателіктерді жою үшін республикалық федерация көптеген жұмыс атқарып жатыр.
- Бұндай әдеттерден қалай құтылуға болады?
- Енді бүгүнгі таңда ұлттық күресімізде төрешілікті жетілдіру үшін ең бірінші, мен ойлаймын «халықаралық төрешілер лигасын» құру қажет. Жалпы 10-15 шетел мамандарын біріктіріп жылда оқу-жаттығу семинарын ұйымдастырып халықаралық жарыстарға шақырту қажет. Екінші, әр облыстан мықты 1-2 төрешілерді іріктеп алып оларды Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының күнтізбесіне жоспарланған барлық жарыстарға төрешілік етуге шақырып және міндетті түрде келуін қолға алу керек. Бұған қоса осы жарыстарда әр төрешінің деңгейін бақылап, жарыс соңында жұмысын талқылап бағалау қажет. Сонымен қатар әр бір жылдың аяғында күрес бейнесін көрсетіп, қателік болып жатса демек қателік неден болғанын анықтап талқылау қажет.
- Қазіргі төл күресіміздің ережелері мен төрелік жасау талаптары қазақ күресін олимпиадалық ойындардың қатарына енгізуге қаншалықты қауқарлы? Сіздің ойыңызша қай тұстарын жетілдіру керек? Қай тұстарын мүлдем алып тастау керек?
- Енді-енді дамып келе жатқан спорт түрлерін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу оңай шаруа емес. Ол көп уақытты, көп еңбекті талап етеді. Талаптары да өте көп. Қазақ күресінен әлде қайда ерте дамыған Самбо күресі былтыр ғана Азия ойындарының бағдарламасына кірді. Біздің қазіргі басты мақсатымыз - бірінші қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына кіргізу. Сосын барып, ары қарай олимпиада бағдарламасына жол ашу оңай. Сондықтан тынбай еңбектеніп жатқан жайымыз бар. «Жұмылып көтерген жүк жеңіл». Күрестің болашағы бірлікте, үкіметтің қолдауында. Жалпы ел болып қолдасақ, болашақта барлығы болады деген сенімдеміз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай