Қант бағасына қатысты қажетсіз делдалдарды анықтау қажет – Әлихан Смайлов

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықты отандық өнімдермен толықтыру – біздің стратегиялық міндетіміз. Қалыптасқан жағдай кейбір тауар позициялары бойынша, әсіресе, қант нарығында проблемалардың бар екенін көрсетті. Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты, аталған саланы дамыту бойынша Кешенді жоспар әзірленді. Біздің алдымызда бірінші кезекте, қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұр», - деді Ә. Смайлов.
Осы орайда Үкімет басшысы егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есеге арттыру жоспарланып отырғанын айтты.
«Бұл алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, қант зауыттарын барынша жаңғырту және олардың өндірістік қуатын арттыру қажет. Жалпы, қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Өңірлерде дүрлігуге жол бермеу қажет. Сондықтан, қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет», - деді Премьер-Министр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Кешенді жоспарды толық көлемде орындауы тиіс», - деп тапсырды Ә. Смайлов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Қазақстандағы қанттың 58% шетелден жеткізілетінін айтты.