Қант диабеті мен ДЦП әлеуметтік аурулар тізімінен алынып тасталды
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесіне өзгерістер енгізді.
Жаңа тізімге келесі ауру түрлері кірді:
— Туберкулез;
— АИТВ (ВИЧ) инфекциясы;
— Созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
— Қатерлі ісіктер;
— Психикалық және мінез-құлық бұзылыстары (аурулар);
— Жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай ішінде);
— Сирек (орфандық) аурулар;
— Жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
— Орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары;
— Эпилепсия;
— Цереброваскулярлық аурулар (инсульттер) (1 жыл бойы).
Бұған дейін әлеуметтік аурулар тізіміне қант диабеті, ревматизм және балалар церебралды сал ауруы (ДЦП) кірген болатын.
Жаңа бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қант диабеті әлеуметтік мәні бар аурулар қатарында қалады деп түсіндірген еді.