Қант диабетімен ауыратын балалар саны төрт жылда 26 пайыздан астам өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қант диабетімен ауыратын балалар мен жасөспірімдер саны төрт жылда 1435 адамға артқан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

диабет
Фото: Pexels

Ведомство дерегінше, 2022 жылы елімізде 1–17 жас аралығындағы 5387 бала қант диабетімен есепте тұрған. 2023 жылы олардың саны 5913-ке, 2024 жылы 6286-ға, ал 2025 жылы 6822-ге жеткен. Осылайша, төрт жылда көрсеткіш 26,6 пайызға өскен.

– 2025 жылғы дерек бойынша, қант диабетімен ауыратындардың 4788-і 1–14 жас аралығындағы балалар болса, 2034-і 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер, - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1-типті қант диабеті негізінен балалар мен жасөспірімдерде кездеседі. Ал 2-типті диабет көбіне 40–75 жас аралығындағы азаматтарда анықталады.

Қазақстанда жарты миллионнан астам адам қант диабеті диагнозымен есепте тұр.