Қант диабетімен ауыратындар енді дәріні тек МӘМС арқылы алады
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін МӘМС жүйесі арқылы ғана қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл шешім қоғамда қызу талқыланып, тұрғындар әлеуметтік желіде наразылықтарын білдірген еді.

Қант диабетімен ауыратын науқастар енді дәрі-дәрмекті қалай ала алады? Денсаулық сақтау министрлігі Дәрі-дәрмек департаментінің басқарма басшысы осы сұраққа жауап берді.
— 14 шілдеден бастап, МӘМС жүйесіне жаңартылған заң күшіне енді. Бұл өзгеріске сәйкес, 2026 жылдан бастап қант диабетімен ауыратын пациенттер дәрілік заттармен МӘМС жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда науқастардың 96 пайызы сақтандырылған. Олардың қатарына балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар да кіреді. Бұл пациенттер үшін медициналық көмек пен тегін берілетін дәрілік заттарға ешқандай шектеу жоқ, — деді Гүлдей Бегалиева Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген онлайн-сұхбатында.
Дәрі-дәрмек департаментінің басқарма басшысы сақтандырылмаған азаматтар мен жұмыссыздардың дәрі-дәрмекті тегін алу үшін не істеуі керектігін түсіндірді.
— Азаматтар сақтандырылу үшін бір жылға 50 мың теңгеден астам қаржы төлеуі керек. Егер бұл төлем жасалса, дәрілер тегін беріледі. Ал жұмыс істемейтін азаматтар жұмыссыз ретінде ресми тіркелуі қажет. Сонда мемлекет оларды өз тарапынан қамтамасыз етеді, — деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, бірер күн бұрын Денсаулық сақтау министрлігі дәл осы мәселеге қатысты түсініктеме берген еді.