Қант қосылған сусындарға қосымша салық салу қандай нәтиже береді
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қант бар сусындарға акциз салығы шамамен қай деңгейде өсетінін айтты.

- 2026 жылға дейін денсаулық сақтау жүйесін дамыту концепциясы бекітілген болатын. Соның аясында тәтті сусындарға салық салу көзделген. Дүниежүзілік банкпен бірге сол салықтың түрін экономикалық жағынан зерттеп жатырмыз. Ұсыныстарды әзірледік, оны Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне жолдадық. Қазір орталық органдар оны талқыланып жатыр, - деді Т.Сұлтанғазиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, ұсыныс бойынша акциздің нақты сомасы біртіндеп көтеріледі. Бұл тұрғыда акциз (тәтті сусынның 1 литріне) шамамен 100 теңгеге көтеріледі.
- Өкінішке қарай қазір семіздікке шалдығып жатқан балалар көбейіп жатыр. 6-9 жас аралығындағы балалардың әрбір 20 пайызында артық салмағы бар, оның 7 пайызы семіздік ауруына шалдыққан. Дүниежүзілік банкпен бірге жасаған модельдеу бойынша тәтті сусындардың сатылымы азаяды. Ал таза суды сату көрсеткіші 40 пайызға дейін жоғарылайды, - деді вице-министр.
Бұған дейін денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында құрамында қанты бар сусындарға салық енгізу мәселесі пысықталып жатқаны хабарланды.