Қаңтар қасіретіне қатысты деректер және атышулы істер

қаңтар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Әу баста, 2022 жылдың 2 қаңтарында жаңаөзендіктердің сұйытылған газ бағасының көтерілуіне байланысты басталған бейбіт митинг аз уақыттың ішінде еліміздің бүкіл аймағына тарап, оның соңы мемлекеттік төңкеріске айнала жаздады. Дегенмен, Қаңтар оқиғасы кезінде халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігінің, Президенттің ерік-жігерінің арқасында мемлекеттігімізді сақтап қалдық, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгінге дейін тергеу органдары сол бір қаралы оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларын анықтады. Ұйымдастырушылар қатарында жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де болды.

Олардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімовті, оның орынбасарларын, қылмыс әлемінде «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің есімдерін атауға болады. Ал олардың көксегені қантөгіспен болсын, қандай да жолмен билікті басып алу еді.

Күні кеше Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің „ерекше мәртебесіне“ төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады. Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды», — деп ашығын айтқан болатын.

Қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 5 149 адам жараланып, 238 адам мерт болды. Оның 19-ы — күштік құрылым қызметкерлері. Жаппай тәртіпсіздік барысында қаза тапқандардың 41-і бұрын сотталған.

Бас прокуратура тергеу барысында барлық ақпаратты қайта тексеріп, 67 азаматтың жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқанын, 142 адам терроризмге қарсы операция кезінде ерекше режимді бұзғанын, 4 адам басқа құқық бұзушылық барысында қаза тапқанын анықтады.

Жалпы, Алматы қаласында 151 адам қаза болды. Оның көбі — Президент резиденциясын шабуылдау кезінде қаза тапқан. Кісі өлімі тағы Қызылорда (26), Шымкент (20) және Тараз қалаларында (17) болды.

Сол күндері қасиетті Тәуелсіздігімізге орасан зор қатер төнді, барлық заңнама бұзылды.

Көптеген ірі қалалардың ғимараттары өртке оранып, астаң-кестең болды. Басты құндылығымыз — адам өміріне қауіп төнді. Президент қабылдаған батыл қимылдар нәтижесінде ғана елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты.

Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар WhatsApp пен Telegram арқылы тәртіпсіздікке қатысушылардың жиналуы мен қозғалысын үйлестірген. Мәселен, Алматыда санаулы сағат ішінде бір топтың ғана ішінде қатысушылар саны 5,5 мыңға дейін көбейді.

Сол сияқты Жамбыл облысында қатардағы қатысушылар саны 4 мыңға дейін өсті. Кейін тобыр әсері орын алды. Адамдар полицияның заңды талаптарын орындамай, қарсылық көрсетті, өртеді, тонады және күш қолданды.

Бұл үшін Алматыға арнайы көрші облыстардан адамдар келе бастады. Кейін жағдай ушыға түсті.

Тек бір күні 5 қаңтарда 8 өңірде әкімдікке шабуыл жасалды. Тәртіпсіздікке қатысушылар мұны биліктің символы ретінде басып алғылары келді. 5 қаңтарға қараған түні шабуылдаушылар Алматы әкімдігінің ғимаратына басып кірді.

Бір сағаттан кейін, Шымкенттегі әкімдік ғимаратына шабуыл басталды. Сол күні қылмыскерлер Атырау мен Қызылорда облысы әкімдіктерінің ғимаратына шабуыл жасады. Жаппай тәртіпсіздіктер Астана, Ақтау, Екібастұз, Қызылорда, Орал, Өскемен, Семей, Талдықорған, Тараз қалаларында да болды.

Қаңтар кезінде 12 ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Олардың ішіндегі белсенділері — «Айшуақ-Жантүгел» және «Дикий Арман» топтары. Соңғысы қаланың әр жерінен 24 азаматты ұрлап, ұрып-соғып «Қазақстан» және Ritz Carlton қонақ үйлерінің паркингінде ұстаған.

Қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 400-ден аса автокөлік бүлініп, жойылған. Оның ішінде 346 көлік ішкі істер органдарына тиесілі. Тәртіпсіздіктер кезінде 25 полиция ғимараты мен 19 модульдік бекет зақымданды. Шығын — 3 млрд теңге.

Алматы, Шымкент, Ақтөбе Қызылорда, Талдықорған және Тараз қалаларында 900 бейнебақылау камерасы зақымданған. Еліміз бойынша қылмыскерлер 2 960 қару-жарақ пен шамамен 63 мың оқ-дәріні ұрлап кеткен.

Қайғылы оқиғадан кейін жүргізілген іздеу іс-шараларының барысында ұрланған қару-жарақтың біразы табылды.

2023 жылдың қаңтар-сәуір аралығында да Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірге прокуратураның үйлестіруімен заңсыз қару айналымындағы қаруды іздестіру және тәркілеу бойынша, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруға қатысты бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.

Нәтижесінде Қазақстанның 11 аймағында 268 қару, оның ішінде 38 «Калашников» автоматы, 126 мылтық, 104 тапанша, 21 граната, 4 жарылғыш құрылғы, түрлі калибрлі 30 199 оқ-дәрі, сонымен қатар броньды кеудеше, қорғаныш дулығасы, қол-кісендер, автомат оқжатарлары, қалқандар мен радиостанциялар тәркіленді.

Қасіретті қаңтарда еліміздің аумағында 5 300 қылмыстық іс тіркеліп, оның 511-і бойынша тергеу аяқталды және соттарға жіберілді. Соттар 1 380 адамға қатысты үкім шығарды.

Оның ішінде қоғам үшін аса ауыр қылмыс жасаған 275 адам түрмеге тоғытылды. Мемлекет басшысының рақымшылық жасауымен арандатушылардың айтқанына көніп, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандар жазадан босатылды.

Рақымшылық 1 197 адамға қолданылды. Аса ауыр қылмыстар үшін сотталған 1 001 адамның жаза мерзімі қысқартылды.

101 адам қылмыстық жауапкершіліктен толығымен босатылды. Арнайы прокурорлық топ аясында 720 қылмыстық іс бойынша тергеу өткізді.

Тергеу барысында ұсталған 25 тұлға экстремистік топтардың қатысушысы, 42 ҰҚТ қатысушысы, 8 бүлдіргіш діни ағымдардың жақтаушысы, тағы 126 тұлға бұрын кісі өлтіру, тонау және ұрлыққа қатысты айыпталып, сотталғаны анықталды.

Атышулы істер

Мәсімов 18 жылын түрмеде өткізеді

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режимінде тергелді.

Материалдарды жариялауға шектеу қойылған. Өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар еді. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар.

Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін.

2023 жылдың 16 маусымында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі үкімімен К.Мәсімов пен А.Садықұлов Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 және 16 жылға, Д. Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға, М.Осипов Қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қауқарсыз министр

Қорғаныс экс-министрі Мұрат Бектанов қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз бұйрық берген және стратегиялық нысандарды әскерилердің күзетінсіз қалдырған. Елімізде конституциялық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдамаған.

Осы жылдың 24 ақпанында сот оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Ол жазасын Абай облысының Семей қаласындағы ең жоғары қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Ескіліктен күдер үзбеген Күдебаев

Қаңтар оқиғасына байланысты бас бостандығынан айырылған ірі шенділердің бірі — Алматы облысы (қазіргі Жетісу) полиция департаментінің экс-бастығы Серік Күдебаев.

Ол Талдықорған қалалық сотының үкімімен «қаңтар оқиғалары» кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. полиция генерал майоры арнайы атағынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

С.Күдебаев Қазақстан Республикасы Конституциясының, Мемлекет басшысының «Төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығының, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» заңдарының нормаларын бұзып, сондай-ақ ведомствоішілік бұйрықтар мен арнайы жоспардың талаптарын орындамаған.

Ол төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына жеке құрамға ғимараттан кетуге және үйлеріне тарауға заңсыз бұйрық беріп, қызметкерлердің райын қайтарған.

Самат Әбіш тергеліп жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты да қаңтар оқиғалары кезінде билік пен лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Елден кетпеу туралы қолхаты аясында оның үйінің алдында қарауыл болмайды. Ол өз үйінде тұрады. Тергеуші шақырған кезде, өзі барады. Сонымен қатар адвокаттармен және басқа адамдармен кездесе алады.

Айта кетейік, 2022 жылдың 17 қаңтарында Мемлекет басшысының өкімімен Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылған еді.

Соңғы жаңалықтар