Қаңтар оқиғасынан кейін қирап қалған Алматы әкімдігі қалай өзгерді

Алматыда өткен жылы Қаңтар оқиғасынан кейін қатты зақым келген қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

алматы
Фото: Александр Павский/ҚазАқпарат

Алматы әкімдігі ғимаратының тарихи келбетін сақтай отырып, қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Еске салсақ, қалпына келтіру жұмыстары өткен жылы қаңтар оқиғасы өткен соң, ақпан айында басталған еді.

Ол кезде ғимаратқа өрттен 80% залал келген еді.

6 қабат пен 4 павильон отқа оранып, өртке қарсы жүйенің іске қосылуы мен тонау салдарынан жоғарғы қабаттан су ағып, жертөлелер зардап шеккен болатын.

Фото: из открытых источников

Алматы әкімдігінің тарихи келбеті сақталып, заманауи технология мен құрылыс стандарты ескеріліп жаңғыртылды.

«Әкімдік ғимараты қала үшін маңызды. Ол 1979 жылы салынған және сол кезде Қазақстан бойынша ең ірі ғимарат саналды. Сондықтан ғимарат үлкен маңызға ие. Оны қалпына келтіру кезінде біз тарихи келбетін сақтауға тырыстық», — дейді Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов.

Қасбетте жұлдыздың орнына бейбітшілік тұтастығының, мемлекет пен отбасы негізінің ұлттық символы болып табылатын шаңырақ бейнеленген.

Реконструкция кезінде бірінші кезекте әкімдік қызметкерлері мен келушілерінің қауіпсіздігі ескерілді. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ сарапшылары ғимаратты сейсмикалық төзімділікке зерттеп, ұсыныстарын айтты, сейсмикалық күшейту бойынша барлық іс-шара толық көлемде жүргізілді, өрт қауіпсіздігі шаралары сақталды.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ғимараттың ішкі безендірілуінде отқа төзімді жанбайтын материалдар пайдаланылды, бұрын болмаған жаңа түтін шығару жүйесі, өрттің өртті ескерту — мекенжай жүйесі орнатылды.

Өрт кезінде өрттің таралуына жол бермейтін арнайы клапандар автоматты түрде қосылады.

Сондай-ақ ғимараттың қауіпсіздік шараларын күшейту үшін ғимаратқа кіруді бақылау жүйесі қолданылды және отқа төзімді есіктер, ғимаратқа бірінші қабаттардың терезелері арқылы рұқсатсыз кіруді шектейтін қосымша жапқыштар, сонымен қатар әр қабатта және периметрі бойынша бейнебақылау камералары орнатылды.

алматы
Фото: Александр Павский/ҚазАқпарат

Қызметкерлердің кіруі үшін турникетте бет-әлпетті тану жүйесі орнатылған.

Құрылыс барысында тиімді энергия тұтыну технологиясы қолданылып, жаңа жылыту жүйесіне толығымен ауыстырылды.

Барлық инженерлік коммуникация автоматтандырылған және бірыңғай диспетчерлік пунктке қосылған, бұл жұмысты бақылауға және ғимараттың энергия тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Диспетчерлер озық үлгідегі станцияның көмегімен барлық жүйені басқарады, төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет етеді.

Ғимаратты қалпына келтірудің тағы бір маңызды критерийі инклюзивті шешімдерді енгізу арқылы азаматтардың барлық санаты үшін жайлылық пен кедергісіз ортаны қамтамасыз ету болды.

Атап айтқанда, лифтілер, электр көтергіштер, мүгедектерге арналған жуынатын бөлмелер және мобилділігі төмен топтарға арналған арнайы құрылғы– белгілер, пандустар, шақыру түймелері, Брайль әліпбиі пайда болды.

Әкімдіктің бірінші қабаты «Open space Almaty» болып қайта жаңартылды. Бұл қабылдау бөлмесі, күту аймағы, келіссөздер бөлмесі, халықты қабылдау бөлмесі, ана мен бала бөлмесі, балаларға арналған ойын алаңы бар қоғамдық қабылдау бөлмесі болып табылады.

«Үш кабинетті біріктіріп, қала тұрғындары келіп, өтініш білдіріп, өз мәселелерін қысқа мерзімде шеше алуы үшін оpen space жасадық», — дейді ATRIX Group құрылыс компаниясының бас директоры Әміржан Нәбиев.

Реконструкциядан кейін кабинеттердің ауданы өзгермеді. Отандық өндірісті қолдау үшін негізінен қазақстандық өндірістің материалдары, оның ішінде жиһаз және есіктер пайдаланылды.

Кабинеттердің конфигурациясы, өлшемдері, орналасуы өзгеріссіз қалды. Ғимаратта барлығы 700 орынға есептелген 360 кабинет орналасқан. Нысанның жалпы ауданы 33 мың шаршы метрден асады.

алматы
Фото: Александр Павский/ҚазАқпарат

Ғимаратта 14 басқарма мен әкімдік аппараты болады.

Ғимаратты қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді. Қалпына келтіру жұмыстарына мыңға жуық жұмысшы тартылды.

«Қосымша қаражат сұраған жоқпыз. Бұл — республикалық бюджет, резервтік қордан берілетін трансферт», — деді Әміржан Нәбиев.

Бүгінгі күні Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтіріліп, пайдалануға дайын.

Жылдың басында ҚазАқпарат тілшісі әкімдік ғимаратында жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазған болатын.

алматы
Фото: Фото: Александр Павский/ МИА "Казинформ"
Соңғы жаңалықтар