Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан археологтың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Адвокат қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаровтың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлім етті.
Сәуле Көбжанова Facebook-тегі жазбасында сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы хабарлама алғанын айтады.
«Тергеу жолындағы барлық кедергілерге, күдікті де, оған бағыныштылар да А-ны бүркемелеп куәлік еткендеріне қарамастан, Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаменті мен әскери прокуратура өздерін биіктен көрсетті. Ақыры міне іс сотқа жетпек», - деп жазды ол.
Айта кету керек, қаралы қаңтар оқиғасынан кейін бір жыл өткенде Бас прокурор Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 238 адамның қайтыс болғанын ресми мәлімдеді.
«Шабуылды тойтару кезінде, төтенше жағдай мен антитеррористік операция барысында 238 адам қайтыс болды. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталған. Қаза болғандар саны туралы мәлімет дұрыс, жүргізілген тергеу аясында мұқият тексерілді», - деген еді сол күні Берік Асылов Мәжіліс отырысында.
Бас прокурордың айтуынша, қаза тапқандар ішінде 67 адам шабуылдаушы болып танылды, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілер; 142 адам төтенше жағдай мен антитеррористік операция режимін бұзушылар; 4 адам басқа да қылмыстар жасау кезінде мерт болған.
«Жалпы, Алматы қаласында 151 адам қаза болды. Олардың көбі – Президент Резиденциясын шабуылдау кезінде қаза тапқан. Адам өлімі тағы Қызылорда (26), Шымкент (20) және Тараз қалаларында (17) орын алды», - деді Берік Асылов.