Қаңтар оқиғасының экономикалық зардабын жоя алдық па
Биыл Қаңтар оқиғасының өткеніне 3 жыл болды. Дегенмен сол күндердің қоғам құндылықтарына, адам өміріне және елдің экономикасына қаншалықты зиян тигізгенін саралап отыруға тура келеді. Біз бүгін аталғандардың үшіншісін, яғни, оқиғаның экономика саласына тигізген кері әсерін бағамдап, одан бергі уақытта не өзгергенін талдаймыз.
Толығырақ тақырыпқа қатысты Kazinform тілшісінің сараптамасынан оқыңыз.
Шығын мөлшері мен өтелуі
Әр қалада шеру кезінде бүлінген ғимараттар немесе кәсіпкерлік нысандар аз болған жоқ. Әйтсе де ең мол шығын Алматы қаласында тіркелді. Әкімдіктің бізге берген ақпараты бойынша, 2022 жылғы тәртіпсіздік кезінде шаһарда 300-ден астам шағын және орта бизнес нысандары қираған. Оның 120-сы дүкен, 100-ден астамы кеңсе, тағы 80-і қоғамдық тамақтану орындары. Ал тоналған нысандар саны мыңнан асыпты.
Бұл шығындар кәсіпкерлерден бұрын, тұрғындардың өздеріне де ауыр тиген еді. Неге? Мысалы, әкімдік қалада жұмыс істеп жатқан әр 10 тұрғынның 6-ы шағын және орта бизнес саласында еңбек ететінін жеткізді. Яғни, қызмет етушілердің 60 пайызы залал өтелгенше тұрақты табысынан қағылғанын болжай аламыз.
Бұған қоса, қала әкімдігінің ғимараты, әуежай да қирағанын білеміз. Шығындардың барлығы ел экономикасына кері әсер етті, өйткені өтемақының басым бөлігі мемлекет қаржысынан берілді. Әкімдік ғимараты 2023 жылы күзде қалпына келтіріліп бітті, республикалық бюджеттен жөндеу жұмыстарына 17 млрд теңге жұмсалған. Ал әуежай басшылығы өтемақы алудан бас тартты.
Әйтпесе әуежайға тиген зардап аз емес еді. 2023 жылы 11 шілдеде Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайы ғимаратын басып алмақ болды деген айыппен 5 адамға сот үкімі шықты. Аталған істе әуежайға 313 млн теңге залал келгені белгілі болды.
2022 жылдың шілдесінде Алматы әкімдігі зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерінің 1594 өтінімі мақұлданғанын, соның негізінде кәсіпкерлерге 14,5 млрд теңге төленгенін жария етті. Бұдан бөлек, көлігі қираған немесе өртеген 143 азаматқа 566,7 млн теңге өтемақы берілген.
Бір қаламен шектелмей, ел аумағын түгел қамтыр болсақ, 2022 жылдың наурызында Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Қаңтар оқиғасы кезінде шағын және орта бизнеске 38,6 млрд теңге залал келгенін мәлімдеген. Ал Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты бүлініп, шығын 30 млрд теңгеге бағаланды.
Батыс пен шығысты жалғаушы көпір
Оқиғадан бері уақыт тоқтаусыз өтуде, мол шығын болғанына қарамастан, тәртіпсіздіктерден кейін ел экономикасы тез оңалып үлгерді деп айтуға негіз бар. Әсіресе, екі басым бағытты аңғаруға болады. Біріншісі, логистикалық саланың дамуы болса, екіншісі, шет елдерде жатқан активтердің қайтарылуы. Алдымен біріншісінің жай-күйіне көз жүгіртсек.
Орталық Азияда жатқан Қазақстан Еуропа пен Қытай арасын жалғайтын көпір екені, соның арқасында логистика саласын дамыту арқылы қаржы түсімін молайтуға болатыны бұрын да айтылатын. Дегенмен 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін еліміз бұны іс жүзінде белсенді атқаруға көшті. Сөзімізді экономист Сапарбай Жұбаев та растайды.
– Жалпы, түрлі жайсыз оқиғалар мен әлемдегі геосаяси жағдай күрделенгеннен кейін Қазақстанның транспорттық-логистикалық әлеуеті арта бастады. Бір жағынан Орталық Азияға көп мүмкіндік ашып келген Транссібір темір жол бағытының санкцияларға байланысты жұмысы бәсеңдегені бізге түрткі болды.
Қытай мен Еуропа арасында 600 млрд долларлық мүмкіндікке ие сауда байланысы бар. Міне, кәрі құрлықтағылар орталық жолмен, Қара теңіз, Кавказ, Каспий арқылы Қытайға шығуды құп көреді. Яғни, тікелей Қазақстанның қатысуымен. Біз кезінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолын түздік. Енді темір жол Қорғас пен Құрық портының арасын жалғауы керек. Қазір Қазақстан осындай жобаларға инвестиция салып, тасымалды көбейтуге әрекет жасап жатыр, – дейді сарапшы.
Жұбаевтың айтуынша, бұл жобалар аз уақытта біте қоймайды, барлығы күрделі жұмыстар. Дегенмен Қытай істің тез аяқталуына мүдделі. Себебі Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қызығушылық мол. Ал егер сәтті жүзеге асса, Қазақстанға тасымалдаудан келетін валюталық түсімдер көбейеді.
– Біз осыдан 10 жылдай уақыт бұрын өзіміздің жүктерді шет елдерге тасымалдауға 12 млрд доллардай шығындап жүрдік. Өйткені ашық теңізге шығатын мүмкіндік жоқ. Ал еліміздің шекарасымен өткен жүктерден түсетін ақша 6 млрд доллар болды, яғни, шығынның жартысын ғана өтейтін еді. Бұл өз кезегінде экспорт пен импорт балансындағы кері көрсеткештерге себеп болатын.
Кейінгі жылдарда біз жүк тасымалы арқылы келетін валюталық түсімдерді 10 млрд доллардың шамасына жеткіздік. Ендігі мақсат – осы түсімдерді молайта беру. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» саясаты арқылы Жібек жолын қайта жандандырсақ, Ресейдің Таяу Шығысқа шығатын экспортына жол аша алсақ, келешекте транзиттік әлеуетпен көп дүниені жақсартуға болады, – деп қорытындылады сөзін экономист.
Қайтарылған активтер ел игілігіне жарап жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қыркүйекте Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Мұндағы жұмыстарды күшейте түсу үшін 2023 жылдың шілде айында «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданған. Ол заңда ірі сыбайлас жемқорлыққа және әкімшілік-билік ресурстары субъектілерімен біріккен олигополиялық топтарға қарсы шаралар, халықаралық стандарттарға сәйкес активтерді қайтарудың тәсілдері айқындалды.
Осы кезеңге дейін Қазақстанға тиесілі, бірақ шетелде жатқан 1,1 трлн теңге қайтарылды. Бұл әрине аз қаржы емес, әлі де қайтарылуға тиіс сома бұдан көп болуы мүмкін. Жалпы заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті.
Негізі активтерді қайтару механизмі үш сатыдан тұрады. Біріншісі – Премьер-Министр жетекшілік ететін комиссия. Құрамында Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бар. Комиссияда активтерді қайтару жолдары мен қабылданатын шаралар жүйесіне қатысты ұсыныстар жасақталады.
Екіншісі, Бас прокуратураның жанынан құрылған Активтерді қайтару жөніндегі комитет. Жоғарыда аталған комиссияның заңсыз иемденілген активтерді анықтау, тексеру және қайтару жөніндегі уәкілетті жұмысшы органы. Соңғысы, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС.
Компания мүлік немесе зат түрінде келіп түскен активтерді сақтаумен және өткізумен айналысады. Ал ақша мен бағалы қағаздар түріндегі активтер тікелей Қаржы министрлігіне қатысты Арнайы мемлекеттік қорға түседі. Басқарушы компания да өздеріне сауда-саттықтан түскен ақшаны осы қорға аударып отырады.
Мұнда шоғырланған қаражат бүкіл ел бойынша әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталады. Яғни, тікелей халық игілігіне жаратылады. Мектеп немесе аурухана, әлеуметтік инфрақұрылымдардың құрылысын жеделдетеді. Ал бақылауды Жоғары аудиторлық палата жүзеге асыруда.
Бұған дейін Kazinform оқиғаның хронологиясын жинақтап көрген еді.
Сондай-ақ ҚР Президенті Телерадиокешені Қаңтар оқиғасының үш жылдығына арналған екі деректі фильм түсіргенін хабарлаған болатынбыз. «Қаңтар хронологиясы» фильмі мемлекеттік төңкеріс әрекетінің хронологиясын баяндайды және «Үш жылда Қазақстан қоғамы қалай өзгерді?» деген басты сұраққа жауап береді.
Қазақстандықтар Қаңтар оқиғасындағы күтпеген бетбұрыстарды, елдің ондаған қаласын қамтыған наразылықтарды қалай сипаттайды және қалай есіне алады? «Куәгер» жаңа деректі фильмі осы жайында баяндайды.