Қаңтар оқиғасы: 117 адам бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты 16 мыңнан астам адамнан жауап алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар оқиғасы: 117 адам бас бостандығынан айырылды

«Қазіргі таңда ішкі істер органдарының тергеушілері «қаңтар оқиғасына» қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтап жатыр. Оған қатысты 16 мыңнан астам адамнан жауап алынып, 3 мыңнан астам сараптама жүргізілді. Шамамен 350 млн теңгені құрайтын ұрланған мүлік тәркіленді. 1125 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. Оның ішінде 629 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді тергеумен арнайы прокурорлар айналысып жатыр.

«Бүгінгі таңда 579 адам сотталды. Оның 462-сі бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазаға кесілді. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 117 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 14 сотталушыға қатысты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - дейді ол.