Қаңтар оқиғасы: Алматыда қираған ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр

Алматы әкімдігі, «Қазақстан» телеарнасы және Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына қатты зақым келді. Соңғы екі ғимарат сүрілді.
«2022 жылдың 5-6 қаңтарында Алматыдағы Президент резиденциясының ғимараты қирады. Бүлікшілер мініп келген көлік, бірінші қабатта отқа оранып, жарылды. Өрттің және аса жоғары температураның салдарынан барлық тіреуіш құрылымдары мен шатырдың негізі болып табылатын металл элементтері зақымдалған. Тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйелері жойылды. Ең қауіптісі - екінші қабаттың тірек құрылымдарының зақымдануы. Бұл болашақта ғимаратты қайта қалпына келтіру мүмкіндігіне күмән туғызды», - деп хабарлады ақпанда Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының баспасөз қызметі.
Кейін Қазақстан заңнамасына сай стратегиялық мәртебесі бар объектілерге қатысты талап етілетін, республикалық маңызы бар тарихи ескерткішті бұзуға қатысты барлық рәсімдер сақтала отырып жүзеге асырылатыны айтылды.
Күзде Алматы әкімі Ерболат Досаев Президент резиденциясын бұзу жұмыстары аяқталуға жақын екенін мәлімдеген болатын.
«Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Алматы филиалының ғимаратына келетін болсақ, ол да бұзылды. Оның орнына заманауи медиаорталық салынады.
Оны аяқтау келесі жылдың соңына жоспарланған.
«6 қаңтар күні Алматыда шабуылға шыққан белгісіз топ (террористік күштер) «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының қалалық филиал ғимаратына өрт қойды. Камералар тоналып, «Алтын қор» қоймасы мен серверлер бөлмесі өртеніп кетті. Шабуылшылар жақында телевизия қайраткерлеріне (Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза) қойылған ескерткіштерді толықтай қиратқан», - делінген «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Әкімдік ғимаратынада жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бүкіл төрт павильон бойынша демонтаж жұмыстары аяқталды.
Қазір инженерлік желілерді орнату жұмыстары басталды. Нысан 2023 жылдың екінші тоқсанында толық қалпына келеді. Оның жалпы ауданы - 33 мың шаршы метр.
Бұған қоса, бұған дейін республикалық радиостансалар мен телеарналар орналасқан ғимарат та Республика алаңындағы бүлікшілердің қолынан бүлінген.
Онда да жөндеу жұмысы әлі жалғасып жатыр.
Жақында Алматы әкімі Ерболат Досаев қаңтар оқиғасы кезінде қираған инфрақұрылымның бүгінде толық қалпына келгенін айтты.
Қала экономикасы қалпына келу бойынша өсу траекториясына шықты. Қоғамдық қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай жақсарды.
Зардап шеккен 1,6 мыңнан астам кәсіпорын 16,2 млрд теңге көлемінде өтемақы алды, оның 95 пайызы 1 маусымға дейін тиісті төлемді алған.
Бүкіл жеке тұлғаларға 613,5 млн теңге сомасында келген залал өтелді.