Қаңтар оқиғасы кезінде елімізде 1466 ғимаратқа шабуыл жасалды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы кезінде елімізде 1466 ғимаратқа шабуыл жасалды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Полиция күштері қарулы топтардың шабуылына ұшырап, инфрақұрылымға зақым келтіргендіктен, бүкіл Алматы бойынша қылмыскерлер жаппай ойран мен тонауға кірісті. Мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының ғимараттары, банк терминалдары мен ақша айырбастау орындары тоналды. Тонау тек Алматыда ғана болған жоқ. Жалпы ел бойынша 1 466 ғимаратқа шабуыл жасалды. Оның ішінде 1 395 – бизнес нысаны, 71 – мемлекеттік мекеме (44 – ІІБ). 1700 азамат зардап шекті. Бизнес субъектілеріне келтірілген залал 100 млрд теңгені құрады», - деді министр.
Марат Ахметжановтың атап өтуінше, Алматы қаласында 3 полиция басқармасына жасалған шабуылдардан басқа, қылмыскерлер қару-жарақ дүкендерін тонап, 1440 бірлік қару ұрланды.
«Оның ішінде 539 бірлік – мылтық, 813 бірлік – тегіс ұңғылы, 88 бірлік – жарақаттаушы қару бар. Бұл қару бірден аудандық полиция басқармаларына және полиция департаментіне жасалған жаңа шабуылдар барысында қолданылды», - деді ол.