Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыскерлердің қолында 1 мыңнан астам қару болған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыскерлердің қолында 1 мыңнан астам қару болған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр 5 қаңтар күні біраз қару қолды болғанын атап өтті.
«Алматыда 5 қаңтар күні түстен кейін орын алған тәртіпсіздіктер одан да өрши түсті, шабуылдардың ұйымдастырылған сипаты айқын көрінді. Қала бойынша 3 полиция басқармасына жасалған шабуылдардан басқа, қылмыскерлер қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, нәтижесінде 1 440 бірлік қару ұрланды (оның ішінде 539 бірлік – мылтық, 813 бірлік – тегіс ұңғылы, 88 бірлік – жарақаттаушы қару). Бұл қару бірден АББ және ПД жасалған жаңа шабуылдар барысында қолданылды», - деп атап өтті ол.
Одан бөлек, ведомство басшысы жалпы қанша қару мен оқ-дәрі ұрланғанын атап өтті.
«Жалпы, еліміз бойынша қылмыскерлер 2 960 қару-жарақ пен шамамен 63 мың оқ-дәріні ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта оларды іздеу қарқынды жүргізіліп жатыр. қылмыстық іс аясындағы жедел іздестіру іс-шарасы барысында 200-ден астам қойма жойылды. Олардан 4 160 қару-жарақ пен 57 мың оқ-дәрі табылды. Бүгінде 964 қару-жарақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды», - деді министр.
Марат Ахметжановтың дерегінше, 3 196 қару-жарақ, оның ішінде 7 гранатомет, 1 пулемет бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
«Осылайша, қылмыскерлердің қолында 1 мыңнан астам криминалдық қару-жарақ болған. Шабуылдаушылар олдарды қолдануды жоспарлаған», - деді ол.