Қаңтар-шілдеде 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Оның атап өтуінше, осы жылдың 8 айында өңдеу өнеркәсібінде оң нәтиже сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3 пайызға артқан. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғары өсім Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласында байқалды. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 28,7, оның ішінде автомобиль жасау 43,3 және электр жабдықтарын жасау 34,4 пайызға артты.
«Сондай-ақ өсу мына салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 4,5, химия өнеркәсібі – 4,1, металл бұйымдары – 8,1, сусындар өндірісі – 6,4, пластмасса бұйымдары – 8, жеңіл өнеркәсібі – 21. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,8 пайызға жоғарылады. Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6, газ өндіру – 2,5, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14,2, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету 2,4 пайызға өсті», - деді министр.
Оның дерегінше, металл кендерін өндіру – 0,5, көмір өндіру 6 пайызға төмендеді.
«Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,2 пайызға ұлғайды. 17 өңірде өсім бар, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарындағы жоғары көрсеткіш Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.
Министрдің айтуынша, қаңтар-шілдеде 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7 пайызға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында байқалды.
«Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 2,6 пайызға ұлғайды. 16 өңірде саладағы оң өзгеріс анықталды. Ең жоғары өсімді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары көрсетті. 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай: барлық көрсеткіш бойынша өсім 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», - деді ол.