Қаңтар–ақпанда 665 млрд теңгенің азық-түлігі өндірілді – АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде қаңтар–ақпан айларында азық-түлік өндірісі 665 млрд теңгені құрады. Алайда елде белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырған өңірлер де бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен кеңесте айтылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік маңызы бар 5 түрлі азық-түліктің бағасы төмендеді
Фото: Saudagovkz

Жиын барысында бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлер тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға 42,5 млрд теңге, ал «айналым схемасына» 78,2 млрд теңге бөлгені айтылды. Маусымаралық кезеңде жалпы көлемі 247 мың тонна өнім қоры жасақталды (картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз). Дегенмен, кей жағдайларда нарықтық интервенция уақытында жүргізілмей, бұл шаралардың тиімділігіне кері әсер еткен.

-Осы жылдың қаңтар–ақпан айларында азық-түлік өндірісі 665 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 111,9 пайызға жетті (жоспар – 104,3%). Алайда бірқатар өңір жоспарды орындай алмаған, олардың қатарында Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, Ұлытау өңірі және Алматы қаласы бар,-делінген хабарламада. 

Кеңес барысында баға өсімі тым жоғары өңірлердің өкілдері тыңдалды.

Жиын қорытындысында министр әкімдіктерге бағаны тұрақтандыру және өндірісті арттыру бойынша аз уақыттың ішінде шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Басым бағыттардың қатарында көкөніс өнімдерін уақтылы алдын-ала келісімшартпен сатып алу, оңтүстік өңірлермен ерте көкөніс жеткізу бойынша келісімдер жасау, тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалану және оларды толықтыру шаралары бар.

-Азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығы Үкіметтің ерекше бақылауында. Осы ретте барлық деңгейде жүйелі жұмыс жүргізіліп, бағаның өсуіне жол бермеу және ішкі нарықты үздіксіз қамтамасыз ету қажет, – деді Айдарбек Сапаров.

Осыған дейін министрлік азық-түлік бағасы республикалық деңгейден жоғары өңірлерді атады.

 

Соңғы жаңалықтар