Қаңтарда отбасында жанжал шығарғыш 2 700 адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылдың қаңтар айында отбасында жанжал шығарған 10 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі басқарма бастығы, полиция подполковнигі Ақмарал Серікбаева айтты.
— Биыл қаңтар айында 10 мың дебошир әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 2 700-і қамауға алынды. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 25 пайызға жоғары. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 10 мыңға жуық қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 2 400 ерекше талап белгіледі. Олардың жартысынан көбі құқық бұзушыларға алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынған, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, 51 құқық бұзушы тұрғын үйінен уақытша шығарылды. Оларға әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекеттері үшін ойлану, яғни осы уақыт аралығанда ақылға келу ұсынылады немесе заң нормаларына сәйкес отбасын қолдау орталықтарында олармен психологтар жұмыс істейді.
— 48 дебоширге қатысты соттар денсаулық сақтау органдарында міндетті психологиялық көмек алуды тағайындады. Барлығында бақылау істері жүргізіліп, полицияның күшейтілген бақылауы белгіленді. Олардың тарапынан белгіленген шектеулерді бұзудың 2 300 фактісінің жолы кесілді, — деді Ақмарал Серікбаева.
Бұған дейін елімізде жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түсетіндігін хабарлаған едік.