Қаңтардан бері атыраулық тұтынушылардың 5,7 млн теңгесі кері қайтарылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл қаңтардан бері атыраулық тұтынушылардан 193 шағым түскен. Оның ішінде 113 шағымның иесіне 5,7 млн теңгесі кері қайтарылып отыр.
Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлем Уәлиевтің айтуынша, 28 шағымданушыға түсіндіру жұмысы жүргізілген.
«Әр шағымның маңызы, ондағы көтерілген мәселе егжей-тегжейлі зерделенеді. Осы тұрғыдан айтқанда, кейбір шағымдағы мәселелер бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге тура келді. Шағым берушілердің арасынан 113 тұтынушының талабы қанағаттандырылып, оларға 5 млн 757 мың 474 теңгесі кері қайтарылды. Ал, 32 шағымда айтылған жайттарды қарау біздің департаменттің құзіретіне жатпайтынын анықталды», - деді Әлем Уәлиев.
Оның дерегіне жүгінсек, қазір 20 шағым әлі қаралып жатыр. Сондай-ақ, 35 тұтынушыға телефон желісі арқылы консультативтік кеңес берілген.
Департамент басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашовтың мәліметінше, тұтынушылардың сауда саласына қатысты құқығына баса мән беріліп отыр.
«Облыс әкімінің өкіміне сәйкес «Атырау облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі, делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі» комиссиясы құрылған еді. Осы кезге дейін 8 рет жиын өткізген комиссия мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 15 пайыздық үстемеден асырып сату, жосықсыз делдалдарға қатысты 25 деректі анықтады. Сауда қызметін реттеу туралы заң талаптарын бұзған 25 кәсіпкерлік субъектіге тиісті шара қолданылды», - деп мәлім етті Еркебұлан Тағашов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында қаңтардан бері 2599 әйел жұмысқа орналасқанын жазған болатынбыз.