Қаңтардан бері сабаққа қатыспаған жасөспірім Алматыдағы арнайы мектепке жіберілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 15 жастағы оқушы қаңтар айынан бері бірнеше сабаққа себепсіз бармаған. Жасөспірімнің заңды өкілі бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.

Қаңтардан бері сабаққа қатыспаған жасөспірім Алматыдағы арнайы мектепке жіберілді
Фото: freepik.com

Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі девиантты мінез-құлық көрсеткен жасөспірімге қатысты сот шешімі шыққанын хабарлады.

– Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2010 жылғы жасөспірімді девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектепке орналастыру туралы азаматтық іс қаралды. Аталған жасөспірім 2025 жылдың қаңтар айынан бері себепсіз бірнеше рет сабаққа бармаған. Оның заңды өкілі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы және 442-бабы бойынша бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Алайда жасөспірімге қатысты жүргізілген профилактикалық жұмыс оң нәтиже бермеген. Сол себептен Атырау қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына ұсыныс жолданған.

– Комиссия жасөспірімді девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымына орналастыру туралы шешім қабылдады. Сот ішкі істер органының талап арызы қанағаттандырып, кәмелетке толмаған жасөспірімді 6 ай мерзімге Алматы қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымына орналастыру туралы шешім шығарды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бет-әлпетті танитын камерамен халықаралық іздеуде жүрген 2 адам анықталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар