Қаңтардың 1-інен бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері артты

Бұл ақпаратты еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Осыған орай, 2011 жылға қарай базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 пайызына дейін жетеді.
Елбасының тапсырмаларын іске асыру мақсатында «2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы желтоқсанның 25-індегі № 2186 қаулысы әзірленіп қабылданды. Осы қаулыға сәйкес 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан зейнетақы төлемдерін алушылардың бәрінің, оның ішінде әскери қызметшілер қатарындағы еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы мөлшері 25 пайызға арттырылды.
Осының нәтижесінде 2010 жылы зейнетақы төлемдерінің ең төмен мөлшері 12 344, орташа мөлшері - 21 500, ал ең жоғары мөлшері - 34 020 теңгені құрады.
Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5487 теңгеден 5981 теңгеге, яғни «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР-ның 2009 жылғы желтоқсаның 7-індегі № 219-ІҮ Заңымен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызына дейін арттырылды.
Базалық зейнетақы төлемін ескергенде, зейнетақы төлемдерінің ең төмен мөлшері 18 325, орташа мөлшері - 27 481, ең жоғары мөлшері - 40 001 теңгені құрайды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР-ның 2009 жылғы желтоқсанның 2-індегі № 211-ІІ Заңымен «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына:
- зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алынатын табысты шектеуді 28-ден 32 еселенген АЕК-ке дейін (2009 жылғы 36 388 теңгеден 2010 жылы 45 216 теңгеге дейін ) арттыруды;
- әскери қызметшілер қатарындағы зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін бұрынғы 75 АЕК-тен 86 АЕК-ке дейін (2009 жылғы 97 200 теңгеден 2010 жылы 121 518 теңгеге дейін ) арттыруды көздейтін өзгерістер енгізілді.
Бұл 2010 жылы зейнеткерлер қатарына жаңадан қосылатын зейнеткерлер үшін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді.
2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап, ең төмен күнкөріс деңгейіне және айлық есептік көрсеткішке қарай есептелетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 9 пайызға арттырылатын болады.