Канвон-2024: Қазақстан шаңғышылары Олимпиаданы 16-орынмен аяқтады
КАНВОН. KAZINFORM – Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасының соңғы күні Қазақстан құрамасы шаңғы жарысынан аралас командалық эстафета жарысына қатысты.

Аталған спорт түрінен ел намысын Берік Боранбаев, Аубәкір Тотанов, Виолетта Митропольская мен Милана Мамедова квартеті қорғап, жарысты 16-орынмен аяқтады.
Осылайша IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында соңғы жүлде жиынтығын сарапқа салған шаңғышылар арасынан бас жүлдені Германия спортшылары жеңіп алса, екінші орынды Франция құрамасы қанжығасына байлады. Ал үздік үшінші орын Швейцария құрамаларына бұйырды.

Жарыс қорытындысы:
Аралас командалық эстафета.
4×5 шақырым. 24 команда.
1-орын - Германия — 53:07.3
2- орын - Франция — 53:13.0
3-орын - Швейцария — 53:13.3
16-орын - Қазақстан — 58:57.4
Қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 19-сатыда тұр.

Елімізге алғашқы алтынды Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден Ұлттық құрама қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.