Ерасыл Шыңғысхан: Канвонда көк туды алып шығу — мен үшін зор мәртебе

АСТАНА. KAZINFORM — Санаулы күндерден соң Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы басталады. Бүгін елордада спортшыларды шығарып салу салтанатты шарасы өтті. Еліміздің туын 16 жасар оралдық Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.

жасөспірімдер олимпиадасы
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

«Олимпиадаға соңғы 2 ай бойы дайындалдық. Жүлде алуға мүмкіндік мол. Туымызды көкке көтереміз деп ойлаймын. Көк туды алып шығу - мен үшін зор мәртебе. Шорт-трек бойынша негізгі қарсыластар - Оңтүстік Корея, Қытай, Канада. Осы Олимпиадаға дейін 2023 жылы шорт-тректен Ресейде өткен халықаралық сайысқа қатысып, ІІ орын алдым. Канвон қысқы Олимпиадасында жеке және командамен сынға түсеміз», — деді Ерасыл Шыңғысхан.

Жас спортшының айтуынша, ол шорт-трек спортымен соңғы 7 жыл бойы айналысып келеді.

«Дайындық Астанада өтті. Барлық жағдай жасалды. Канвон қысқы Олимпиадасының ашылу салтанатында туымызды алып шығуыма бапкерім Танабек Манарбекұлының үлесі зор», — деді ол.

Айта кетсек, жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан туын «Ұлттар шеруі» кезінде Қазақстан туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.

Соңғы жаңалықтар