Канвон-2024 Олимпиада ойындарының алауы тұтанды

КАНВОН. KAZINFORM – Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ресми ашылу салтанаты өтіп, алауы тұтанды. Алауды жағу құрметі жергілікті жас фристайлшы, Канвон-2024 ойындарының қатысушысы Чон Мин Лиге бұйырды.

канвон олимпиада
Фото: Оlympic.kz

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі Каннын қаласындағы «Gangneuung Oval» спорт кешенінде 8 мың көрерменнің қатысуымен өтті және керемет қойылымдарға толы болды.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Канвон-2024: Олимпиада алауын жас фристайлшы тұтандырды
Фото: olympic.kz

Ал Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах жастарды ережені сақтап, сыйластықта болуға шақырды.

«Бұл ойындар спортқа деген махаббат, жаңа білім мен алдағы екі аптаның ішінде табатын жаңа достарыңыз жайлы болмақ. Өйткені, жасөспірімдер Олимпиадасы дегеніміз де осы – бар әлемнен жиналған жас спортшылардың жылы әрі достық атмосферада бәсекеге түсуі. Дос болыңыздар, өздеріңізді және қарсыласты сыйлаңыздар, ережені сақтаңыздар. Ең бастысы – Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан сәттеріңізден ерекше ләззат алыңыздар», - деді Томас Бах.

Канвон-2024: Олимпиада алауын жас фристайлшы тұтандырды
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Әлемдік бәсекеге қатысу үшін 78 мемлекеттен 14 пен 17 жас аралығындағы 1800-ден астам спортшы келді.

Еске салайық, Олимпиаданың басталуына арналған ресми шарада Қазақстанның Мемлекеттік туын қос спортшымыз – Кристина Шумекова мен Ерасыл Шыңғысхан ұстап шықты.

Канвон-2024: Олимпиада алауын жас фристайлшы тұтандырды
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Айта кетейік, Оңтүстік Корея мұндай ірі көлемдегі жарысты осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Осыған дейін 2018 жылы Пхенчханда ересектер арасындағы Қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған болатын.

Канвон-2024 ашылу салтанатының мәдени қойылымдары «Ғалам» тақырыбында өрбіді. Бұл – жастардың шексіз мүмкіндіктерін дәріптейтін тақырып.

Жас спортшылардың кейпіне енген қойылым актерлері өз ғарыш әлемін зерттеп, жұлдыздарын жағып, жарқырай түсті.

Канвон-2024: Олимпиада алауын жас фристайлшы тұтандырды
Фото: Сали Сабиров

1 ақпанға дейін созылатын жарыс бағдарламасында жас спортшылар спорттың 7 түрінен (15 дисциплина) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Қазақстандықтар биатлон, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайлдан параллельді могул, тау шаңғысы спорты, керлинг пен хоккейден сынға түседі.

Алғаш болып жарысты 20 қаңтар күні биатлоншылар (жекелей сын), шорт-трекшілер (1500 метр), шаңғымен тұғырдан секіру командасы (жекелей сын) және Польшаға қарсы іріктеу матчын өткізетін хоккейшілер бастайды.

Канвон-2024: Олимпиада алауын жас фристайлшы тұтандырды
Фото: Сали Сабиров
Канвон-2024: Олимпиада алауын жас фристайлшы тұтандырды
Фото: Сали Сабиров
Канвон-2024: Олимпиада алауын жас фристайлшы тұтандырды
Фото: Сали Сабиров

 

Соңғы жаңалықтар