Қап тауын асып келгенде, қазақтар бауырына басты - Мария Байрамқұлова

Мария Байрамқұлова
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 1944 жыл. Қап тауының баурайын мекен еткен халықтың жүректері жылап тұрды. Күштеп қоныс аударылғандар мұздай суық вагондармен қиырдағы Қазақстанға бет алды. Ал ашаршылық пен тоталитарлық жүйеден әбден қалжырап тұрған Қазақ елі олар үшін мүлде беймәлім әлем еді.

Күштеп қоныс аудару басталғанда Мария Алботқызы небары 1 жасқа да толмаған жөргектегі сәби еді. Алайда сталиндік саясат ешкімді аямады. Ата-анасы, үйдегі он бір бала, соның ішінде кенжесі Мария қыстың ызғарлы күндерінің бірінде кеңес жауынгерлерінің пәрменімен көппен бірге суық вагондарға отырды.

«Балам, мен анамның аузынан естіген әңгімелерімді айтамын. Анамыз өле-өлгенше бізді құтқарған қазақтар деп үнемі айтып отыратын. Ол біздің отбасымыздың, тұтастай туысқан Қап тауы елінің ұлттары қазақтар алдында мәңгілік қарыздар дейтін. Мұның барлығын санамда жаттап өстім. Анам бізді қазақ халқын сүюге, солардай мейірбан болуға тәрбиеледі. Біз қазақтар сияқты Қап тауының етегін жайлаған бейбітсүйгіш, ынтымақшыл ел едік. Бір күнде шырқымыз бұзылып, еріксіз түрде танымайтын жерге көштік», — деп бастады Мария әжей әңгімесін.

«Анамның айтуынша, біздің отбасы көппен бірге өте лас әрі мұздай суық вагондарға отырғызылған. Мен бір жаста ғанамын, ес біліп үлгермегенмін. Үйде он бір бала едік. Әлгі пойыз Қап тауының етегінен қозғалғаннан 44 сөтке жүреді. Анам шыжғырылған құйрық майды ыдысқа құйып, өзге де ас-ауқатты дорбаға толтырып алады. Сол азық қазақ жеріне дейін жеткен тәрізді. 44 тәулік өткенде пойыз Павлодар вокзалына тоқтап, есіктері айқара ашылады. Сонда бізді Төлебаев деген (есімін ұмыттым) ер адам қарсы алыпты. Кейін бұл қазақ азаматы біздің әулетіміздің періште-жебеушісіне айналады. Жегілген аты өте арық, кішкене шанаға он үшімізді отырғызып алып, қазіргі Коряковка ауылына алып барған. Төребаевтың отбасында 6 баласы бар. Соған қарамастан бізді жалғыз бөлмелі жеркепе үйіне орналастырады. Әкем көп ұзамай аштықтан өледі. Тамақ жетпеген, үйде бар астың барлығын балаларым жесін деп, алғашқы күннен-ақ бас тартады. Сөйтіп шешем он бір баламен жесір қалды. Әлгі қазақ отбасы өте кедей еді, соған қарамастан қолдағы барын бізбен бөлісті», — деп көз жасын бір сығып алды.

«Біз қоныс етіп отырған қазақ отбасындағы апа бір күні есік алдында қазылған жер ошаққа қазан іліп, ірімшік қайнатты. Шіркіннің иісі әлі күнге мұрнымнан кетер ме. Қарным аш баламын ғой, әлгі ірімшіктің піскенін күте-күте мысығымды құшақтап ұйықтап қалыппын. Сонда апа қатқан ірімшіктің маған тиесілі бөлігін сақтап қойыпты. Мен тұрғанша күтіп отырған ғой. Әлгі тағамды сүйсіне жегенім есімде… Әкем өмірден өткен соң Төребаев бізге көмегін еселей түсті. Өте қамқор адам еді. Бізге ауылдан жер үй тауып беріп, бір жерден кереуеттер тауып әкеліп, кәдімгідей жайлы қоныс етті. Өз балаларына қарағандай жақсылық жасады. Ол кісі қайтыс болғанда әкеміз жатқан қабірдің жанына апарып жерлепті. Нұрлы жүзі мен үшін сондай бір аяулы, ұмытылмайтын бейне еді. Ол шақтағы адамдардың ниеті сондай таза еді ғой, шіркін… Мені мектепке өте кішкене шағымда берген. Өте кедей тұрамыз, аш-жалаңашпыз. Киетін етігім жоқ болған соң, мектепке ағам көтеріп алып баратын. Бір күні ерте тұрып, аязда жалаңаяқ үйден шығып кетіп, құлпы ашылып үлгермеген мектеп алдында дір-дір етіп тұрдым. Сонда мұғаліміміз, қазақтың жас келіншегі мені аяп, боздап жылаған еді. Аяғымды шүберекпен орап тастап, құшақтап еңкілдеді. Мұндай мейірімді адамдарды қалай ұмытасың?..»

Мария Байрамқұлова мектепте жақсы оқып, бой жеткен соң үш бірдей жоғары білім алды. Мәскеу, Ташкент, Фрунзе қалаларында оқыды. Бірақ қайда жүрсе де оның жүрегі қазақ жері деп соғып тұратын. Қай жер қызметке шақырмасын, Павлодарда қаламын деп шешті. Мұнда комсомол, кейін партия жұмыстарына араласты. Белсенді жастың қызметтік мансабы тез өрлеп, Ақсу (ол кезде Ермак аталған) қалалық атқарушы комитетінің төрағасы, Павлодар қалалық атқарушы комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарына дейін жетті. Ол анасының: «Қызым, біздің жүрегіміз қазақпен бірге, олардың алдында мәңгілік қарыздар екендеріңді ұмытпаңдар. Реті келген жерде қазақ халқының еңбегін бағалап, мерейін көтерісуге жарасаңдар — сол бақыт» дегенің ешқашан ұмытпайтын. Лауазымды қызмет атқарып жүргенде қабылдауға келген адамдардың арасынан қазақтың ата-әжелерін кезектен тыс шақырып, ерекше сыйлап, күтіп жібереді екен. Бұл қылығы үшін балқар қызына «ұлтшыл» айыбы тағылған уақыт та болыпты.

Мария әжей қазіргі күні Павлодар облысы мен Ақсу қаласының Құрметті азаматы. Жасына қарамастан өте белсенді жан. Павлодар облыстық «Эльбрус» қарашай-шеркеш және кабардин-балқар ұлттық-мәдени орталығы» ҚБ төрағасы қызметінде жүріп, жас ұрпақты тәрбелеуде. Оның қыздары қазақ азаматтарына тұрмысқа шыққан. Олардан бірнеше немере көріп отыр. Елді, жерді сүюді өзге жұрт қазақтардан үйренуі керек деп есептейді әжей.

«Қарашайлар мен балқарлар Қазақстанда 80 жылдай тұрып жатыр. Бізді мұнда күштеп көшіріп әкелгені анық. Бірақ біздің қазір басқа жерге кеткіміз келмейтіні ақиқат нәрсе. Балаларымыз, немерелеріміз бен достарымыздың бәрі осында. Бұл жерде қазақ халқының кең пейілін көрдік», — деп аяқтады әңгімесін М. Байрамқұлова.

Соңғы жаңалықтар