Капитан Таңат Нөсербаев «Астана» футбол клубындағы мансабын аяқтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының 29 жастағы капитаны Таңат Нөсербаев елорданың футбол клубындағы мансабын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Ел чемпионы атанған клубтың басшылығы Нөсербаевты еркін агент қызметіне босату туралы шешім қабылдады, енді ол 2017 жылғы маусымда басқа клубта ойнайтын болды.

«Таңат «Астана» клубының қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қосты, біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміз үшін бәрін салды. Клубтың капитаны әрі көшбасшысы ретінде Таңаттың рөліне зор баға беруге болады, себебі, Таңат соңғы алты маусым бойы біздің команда үшін ойнады. Дәл осы алты жылдың ішінде біздің клуб Қазақстан чемпиондарының қатарына қосылды. Сондықтан да, Нөсербаевты Қазақстанның ең мықты футболшыларының бірі деп қорықпай айта аламыз.

Алайда, Таңаттың отбасыма жақын тұрсам деген тілегін қабылдап, қолда бар келісімшартқа қарамастан, оны жіберіп отырмыз. Таңаттың «Астана» футбол клубына сіңірген еңбегі үшін оны еркін агент ретінде жібердік. Таңатқа біздің командадағы тамаша голдары үшін, ұмытылмас жеңістер үшін, естен кетпес эмоциялар үшін тек қана алғыс айтамыз. Таңатқа ендігі мансабында сәттілік серік болсын дегім келеді. Таңат пен «Астана» арасындағы достық байланыс үзілмейді, Нөсербаевты «Астана» үнемі ыстық ықыласымен қарсы алад», - деді «Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамитжанов.

С.Хамитжановтың бұл ізгі тілегін «Астана» футбол клубының баспасөз  қызметі таратып отыр.

Айта кетейік, Таңат Нөсербаев - «Астана» футбол клубының тарихындағы ең көп гол салған футболшы. «Астана» командасы үшін 192 ойын өткізіп, 54 гол салған.

Соңғы жаңалықтар