Қар, бұрқасын, аяз: демалыс күндері ауа райы қандай болады
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 17–18 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің болжамына сай, демалыс күндері Сібір аумағында орналасқан орталығы бар кең ауқымды антициклон Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде аязды ауа райын сақтап тұрады.
Ал республиканың батысы мен оңтүстігінде ауа райына оңтүстік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттық бөліктер әсер етеді.
— Бұл өңірлерде жауын-шашын (негізінен қар түрінде), жаяу бұрқасын, желдің дауылды деңгейге дейін күшеюі, сондай-ақ көктайғақ құбылыстары түріндегі қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі, — делінген хабарламада.
17–18 қаңтарда Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының жекелеген аудандарында қатты жауын-шашын болжанады.
Жаңа аптаның басында республиканың солтүстігіне, солтүстік-батысына және орталығына кезекті солтүстік-батыс циклон ығысып, қар мен бұрқасын әкеледі, сондай-ақ аталған өңірлерде ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы күтіледі. Республика бойынша тұман түседі деп болжанады.
17 қаңтарда елдегі қай жолдар жабық екенін мына сілтемеден оқыңыз.