Карьер иелері санитарлық нормаларды бұзып отыр – Нұрлан Ноғаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында елді мекендер маңындағы құрылыс тасы карьерлерінің шаңынан зардап шеккен тұрғындар бірнеше рет шағым түсірген. Карьер иелеріне экология департаменті бірқатар талап қойып, нұсқаулар бергенімен, олар әлі де орындалмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының маңында 29 құрылыс тасы карьері бар. Қазіргі таңда оның 11-і істеп тұр. Жергілікті тұрғындар карьер иелерінің экологиялық талаптарды бұзғаны жөнінде бірнеше рет шағымданған. Мәселе өңірдегі жер қойнауын пайдалану және карьерлердің жұмысына арналған отырыста талқыланды.

«Өкінішке орай, кейбір карьер иелері санитарлық нормаларды бұзып отыр, мұндай фактілер бар. Аудан әкімдігіне карьерден шығатын барлық жолдарға бақылауды күшейтуді және көліктерге шамадан тыс жүк тиелуіне жол бермеуді тапсырамын. Барлық меншік иелері өздерінің жауапкершілігін және қолданыстағы заңнаманың талаптарын, соның ішінде шаңды басу қажеттілігін білуі керек. Карьер иелерінің немқұрайлы қарауынан іргелес жатқан елді мекендердің тұрғындары зардап шегіп отыр. Сондықтан, бақылауды күшейту керек»

, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Түкеновтің айтуынша, тоғыз субъектіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 4 карьер ұсақтау-сұрыптау қондырғыларының қызметін сот тәртібімен тоқтатып, оларға 30 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Сонымен қатар, кәсіпорындардың басшыларына карьерлердегі шаңды басуға арналған арнайы су қондырғыларымен жабдықтау тапсырылған. Бұл әдіс шаң көлемін 60-80% азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өндіріс аумағының ішкі жолдарына асфальт төсеу және шаң болмауы үшін автокөліктің дөңгелектеріне су сеуіп отыруға нұсқау берілген. Алайда, бүгінгі күнге дейін қойылған барлық талаптар орындалмаған.

Айта кету керек, республика бойынша әктас тек қана Маңғыстау облысында өндіріледі. Әктас-ұлутастың ірі кен орындары Қарамандыбас, Жетібай және Бейнеуде шоғырланған. Ал құрылыс тасының (щебень) кен орындары Таушық, Шетпе ауылдарының маңында орналасқан.

Еске салсақ, Үкімет жер қойнауын пайдаланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарап жатқаны жазылған еді.



Соңғы жаңалықтар