11:21, 26 Желтоқсан 2016 | GMT +5
Қар көшкіні Зыряндағы темір жолдарды басып қалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Зырян ауданындағы темір жолдарды қар көшкіні басып қалды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі. «Түнде Зырян ауданындағы «Ермаковка-Огневка» өткеліндегі теміржолдың 59 шақырымында қар көшкіні жүріп, теміржолды басып қалды», - деп хабарлады ТЖ департаменті.

Көлемі 120 текше метр болатын өздігінен жылжыған қар көшкіні қатты жел мен ауа температурасының жоғарылауынан болған.
Қар көшкіні теміржолдың айтарлықтай бөлігін жауып қалған. Оқиғадан зардап шегіп, мерт болғандар жоқ. Рельстегі қарды тазалауға 6 адам және арнайы қар тазалайтын техника жұмылдырылды. 25 желтоқсан күні 22:40-та жол ашылды.