Қар құрсауы мен көктайғақ: Қарағанды облысының қай жолдары қауіпті?
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың 447 шақырымнан астам бөлігі қыста қар басу қаупі жоғары учаскелер санатына жатады. Тағы 150 шақырымнан астам жолда көктайғақ жиі байқалуы мүмкін. Жолшылар қысқы маусымға 172 арнайы техника әзірлеп, қажетті материалдар қорын жасақтаған. Kazinform тілшісі өңірдегі тасжолдардың қысқы күтімі қалай ұйымдастырылатынын және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай технологиялар қолданылатынын анықтады.
Алдағы қысқы маусымда Қарағанды облысында республикалық маңызы бар 1 930 шақырым автомобиль жолына қызмет көрсетіледі. Оның 1 355,3 шақырымы – ақысыз, 574,7 шақырымы ақылы жол учаскелері.
Жол қызметтері ең алдымен қарлы боран кезінде қар үйінділері жиі пайда болатын учаскелерге басымдық бермек. Мұндай жолдардың жалпы ұзындығы – 447,61 шақырым. Ал көктайғақ қаупі жоғары учаскелер 150,93 шақырымды құрайды.
Қардың жолды басып қалуына жол бермеу үшін тасжолдардың бойына жалпы ұзындығы 155,6 мың метрден асатын тұрақты қар тоқтатқыш қоршаулар орнатылған. Олардың басым бөлігі «Астана – Алматы» автомобиль жолының бойында орналасқан. Сондай-ақ «Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» тасжолында ұзындығы 260 метр болатын осындай қоршаулар бар.
Бұдан бөлек, қар үйінділерінің алдын алу үшін қосымша шаралар қолға алынбақ. Ауа райына қарай қар тоқтататын орлар қазылып, қабырғалар мен жалдар тұрғызылады. Қажет болған жағдайда уақытша ағаш қалқандар да орнатылады.
Жолдарды күтіп ұстау үшін қажетті материалдар да алдын ала әзірленген. Көктайғаққа қарсы қолдануға 35,3 мың текше метр еленген қиыршық тас, 3 880 тонна тұз және 200 тонна химиялық реагент дайындалды. Өндірістік нысандардың жұмысын қамтамасыз ету үшін 3 816 тонна көмір қоры жасақталып, 4 740 метр ағаш қар тоқтатқыш қалқан әзірленген.
Республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына 11 жол-пайдалану басқармасы тартылады. «ҚАЖсервис» ЖШС-нің қарамағында 172 бірлік арнайы техника бар. Оның 169-ы жұмысқа дайын, қалған үшеуі жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Техника паркінде аралас жол машиналары, шнекті-роторлы қар тазалағыштар, автогрейдерлер, тракторлар, бульдозерлер мен тиегіштер бар. Олар жолдың жүру бөлігін қардан тазалап, үйінділерді аршуға және жол жабынын өңдеуге пайдаланылады. Жұмыс тәулік бойы жүргізіліп, тасжолдарды кезекшілік тәртібімен патрульдік тазалау да қарастырылған.
– Қыс мезгіліндегі басты міндет – қар жауу және көктайғақ салдарынан көлік қозғалысының ұзақ уақытқа шектелуіне жол бермеу. Ол үшін жол қызметтері тәулік бойы кезекшілік атқарып, тасжолдарды тұрақты түрде тазартады және қауіпті учаскелерді дер кезінде өңдейді. Арнайы техниканың дайындығы мен қажетті материалдардың қоры бұл жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады компаниядан.
Тасжолдардағы жағдайды жасанды интеллект те бақылайды
Қысқы жол қауіпсіздігі тек жолшылардың жұмысына ғана байланысты емес. Тасжолдардағы қозғалысты бақылауға арналған цифрлық технологиялардың да маңызы артып келеді.
Мәселен, «Астана – Қарағанды (айналып өту жолын қоса алғанда) – Алматы» автомобиль жолының «Анар – Теміртау ақылы жолды пайдалану пункті» және «Шұбартүбек – Тасарал» учаскелерінде көлік құралдарының орташа жылдамдығын автоматты түрде бақылайтын жүйе жұмыс істейді.
Әдеттегі камералар көліктің жылдамдығын белгілі бір нүктеде ғана тіркесе, бұл жүйе автомобильдің бақыланатын учаскеге кірген және одан шыққан уақытын есепке алады. Осы мәліметтер негізінде бүкіл жол бөлігіндегі орташа жылдамдық есептеледі. Егер жүргізуші белгіленген шектен асса, ақпарат уәкілетті органдарға жіберіледі.
Ал «Астана – Теміртау» ақылы жолында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін интеллектуалды бейнебақылау жүйесі сынақтан өтіп жатыр.
Жүйе жолға жаяу жүргіншілер мен жануарлардың шығуын, көліктің қарсы бағытта немесе артқа қарай жүруін, тұраққа қою ережелерінің бұзылуын анықтай алады. Сонымен қатар автомобильдердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін, маркасы мен түсін таниды.
Жабдықтың тағы бір артықшылығы – шалғай учаскелерде де автономды режимде жұмыс істей алуы. Бұл күн панельдері мен жел генераторларының көмегімен жүзеге асырылады.
– Интеллектуалды бейнебақылау жолда болып жатқан оқиғаларды тіркеп қана қоймай, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай технологиялар жол қызметтеріне ықтимал қауіптер туралы ақпаратты жедел жеткізіп, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға көмектеседі, – деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалында.
Қысқасы, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарды қысқа дайындау қар тазалап, көктайғаққа қарсы материал себумен ғана шектелмейді. Қар басу қаупі жоғары учаскелерде қосымша қорғаныс шаралары қарастырылып, жолдағы ахуалды бақылауға заманауи технологиялар тартылып отыр.
Дегенмен қысқы жолда қауіпсіздікті тек жол қызметтерінің жұмысына артып қоюға болмайды. Әсіресе қарлы боран соғатын ашық учаскелерде жүргізушілер ауа райын ескеріп, жылдамдықты жол жағдайына қарай таңдауы және рөлде барынша мұқият болуы керек.
Бұған дейін Ақтөбе облысында жолдар мен қызмет көрсетушілер қыстың бораны мен аязды күніне дайындығы жайлы жазған болатынбыз.