Ақтөбе облысында жолдар мен қызмет көрсетушілер қыстың бораны мен аязды күніне дайын ба

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Облыс жолдарында қар басу қаупі бар 112 учаске анықталды. Қыста үздіксіз байланыс орнату үшін спутниктік байланыс жүйесімен жабдықталған көлік, 5 Starlink құрылғысы және 44 спутниктік телефон дайындалды.

Елордада қар күреу жұмысына мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды
Фото: Астана әкімдігі

Құтқару мен жедел көмек көрсету, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет көрсету саласының бәрі қыста үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Азаматтық қорғау саласында 2 мыңға жуық адам мен 750 техника дайындалды. Оның 317-і қар тазалау, 256-ы инженерлік, 131-і эвакуация техникасы. Ақтөбе облыстық ТЖД-де жол талғамайтын 22 техника да әзір.

- ТЖМ әскери бөлімі Хромтау ауданы мен Атырау облысы арасындағы шекара аумағын екі топқа бөлді. Топта 60 адам және 15 техника бар. Резервте 50 адам және 5 техника қарастырылған. Автомобиль жолдарын қыста күтіп-ұстау үшін 19 мың тоннадан астам құм және 7,5 мың тонна тұз әзірленді. Байланыс үшін «КамАЗ» автокөлігі базасындағы командалық-штабтық көлігі, спутниктік байланыс жүйесімен жабдықталған «Toyota Hilux» базасындағы 2АСОР автокөлігі, 5 Starlink құрылғысы және 44 спутниктік телефон дайындалды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысында қыс мезгіліне 172 жылыту бекеті дайындалды. Сыйымдылығы - 11 мың орын. Сонымен бірге 7 мыңнан астам орынға шақталған автотұрақ дайындалды.

- Облыстың автомобиль жолдарында қар басу қаупі бар 112 учаске анықталды. Жалпы ұзындығы - 324 шақырым. Оның 106,3 шақырымына, яғни, 32,8 пайызына қар тоқтататын қалқан орнатылған. Бұл жолдарда биыл жыл басында жолдарда 259 рет шектеу енгізілді,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Қыс айларында облыста жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін алғашқы қар түскенде республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыс қалай ұйымдастырылатыны туралы жазылды.