Қар мен жаңбыр: Алматыда көктайғақтың алдын алу үшін 200 техника жұмылдырылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда түннен бері жауын-шашын жауып тұр. Қаланың коммуналдық қызметі тәулік бойы кезекшілік атқарып, жолда арнайы техника мен жол қызметкерлері жұмылдырылды.

Қар мен жаңбыр: Алматыда көктайғақтың алдын алу үшін 200 техника жұмылдырылды
Фото: Алматы әкімдігі

«Қазгидромет» мәліметінше, жаңбыр түнгі сағат 1:30–да басталды, ал сағат 5:00–ден бастап Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан аудандарда қарға ұласқан. Жауын-шашын сағат 19:00–ге дейін басылады деп болжанып отыр. Оның мөлшері 15–17 мм болады деп күтіледі, ал желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы +5…+7 °С шамасында болады.

Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы көктайғақтың алдын алу үшін 200 жол техникасы, оның ішінде 185 құм шашатын техника мен 15 JetBroom машинасы қарастырылғанын атап өтті. Қазір қаланың жоғарғы бөлігінде жолға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр.

— Тәулік ішінде 3 250 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмылдырылады. Көше-жол желісін тазалау жұмыстары тәулік бойы бақылауда. Қала тұрғындары мен қонақтарына жол мен тротуарда сақтық шараларын сақтау ұсынылады. Жүргізушілер қауіпсіз жылдамдықты таңдап, көлік арасындағы арақашықтықты сақтауы қажет, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін қыста Алматыны қардан кімдер тазалайтынын жазғанбыз.