Қара металлургия саласындағы жобалар аясында 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы еліміздің қара металлургия саласында жалпы инвестиция көлемі шамамен 154 млрд теңгені құрайтын жеті жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Нәтижесінде 1,1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Биыл қара металлургия саласындағы жобаларды іске асыру аясында ферросилиций, түрлі диаметрдегі арматура, тік жікті және мырышталған құбырлар өндірісі іске қосылады.
Бұдан бөлек, аталған салада тағы жеті жоба іске асырылып жатыр.
Олар 2027–2028 жылдары іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы құны 2 трлн теңгеден асады. Аталған жобалар шеңберінде ферроқорытпа, профильді және жолақты болат, болат дайындамалар, сым және ірі көлемді болат құбырлар өндірісі жолға қойылады. Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 3,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде, оның шамамен 1,2 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі.
Сонымен қатар салада тағы 16 жоба пысықталу үстінде. Олар ыстықтай брикеттелген және кеуекті темір, премиум санаттағы болат, жоғары тазалықтағы марганец, ұнтақтаушы шарлар, электрмен дәнекерленген құбырлар, швеллерлер, сондай-ақ өзге де темір және болат өнімдерін өндіруге бағытталған. Бұл жобаларға салынатын инвестиция көлемі 2,8 трлн теңге, нәтижесінде 5,5 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Жалпы, іске асырылып жатқан және алдағы кезеңге жоспарланған 30 жоба бойынша шамамен 5 трлн теңге инвестиция тарту және 10,2 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 3,7 мыңы ауылдық жерлерде құрылмақ.
Дирекция мамандарының айтуынша, қара металлургия – еліміздің өнеркәсіптік кешенінің ірі әрі жетекші салаларының бірі. Саланың тұрақты дамуына өзіндік шикізат базасының (ірі темір және кремний кен орындары) болуы және әртүрлі құрамдағы ферроқорытпалар өндірісінің дамуы оң әсер етуде.
Айта кетейік, қара металлургия өнімдерін өндіру бойынша ірі жобаларды Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстары аумақтарында жүзеге асыру жоспарлануда.
Еске салсақ Қазақстанда қайта өңдеуге жарамды 56 млрд тонна металлургия қалдығы бар екендігін жазған едік.