Қара теңіздің үстінде бақылаудан шыққан дрон атып түсірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қара теңіз үстінде бақылаудан шыққан ұшқышсыз ұшу аппараты атып түсірілді. Бұл туралы Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі (MSB) хабарлады, деп жазады Анадолы.
Министрліктің мәлімдеуінше, Қара теңіз бағытынан елдің әуе кеңістігіне жақындап келе жатқан нысан тіркелген. Ол анықталған соң стандартты рәсімдерге сәйкес бірден бақылауға алынған.
Түркияның әуе кеңістігін қорғау мақсатында ұлттық құрылымдар мен НАТО органдарының басқаруындағы F-16 ұшақтарына да төтенше жағдайға жауап беру тапсырмасы берілген.
— Бұл әуе нысаны бақылаудан шыққан ұшқышсыз ұшу аппараты екені анықталды. Кез келген жағымсыз салдардың алдын алу мақсатында ол адам көп жиналатын жерлерден тыс қауіпсіз ауданда атып түсірілді, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын түріктің ұшқышсыз ұшу аппараты тарихта алғаш рет әуедегі нысананы көру қашықтығынан тыс жойғанын жазған едік. Ұшқышсыз ұшу аппараты өте төмен радиолокациялық байқалуы мен озық сенсорларының арқасында жауды өзі анықталғанға дейін алыс қашықтықтан анықтай алады.