«Қара жер құлға толып барады» - баспасөзге шолу
« Егемен Қазақстан » газетiнiң жазуынша, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Беларусьпен арада азаматтардың барыс-келіс, Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы қарыз, Салық істері бойынша өзара көмек, энергия үнемдеу мен тұрғын үй қатынастары мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды.
Күн тәртібінің алғашқы мәселесі «Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Беларусь Республикасының аумағында және Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы сенаторлар тарапынан қолдауға ие болды.
«Келісім Қазақстан мен Беларусь азаматтарының тараптар аумағына кірген күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде құзыретті органдарда тіркелмей болуын қарастырады. Уақытша болу мерзімі сол мемлекеттің аумағына кірген кездегі шекара қызметі қойған белгісі бар көші-қон картасымен расталып, мемлекетке кірген күннен бастап есептеледі. Ал болу мерзімі отыз күннен асып кеткен жағдайда сол елдің заңнамасына сәйкес, құзыретті органдарға тіркелуге міндетті. Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев заң жобасын қабылдау Қазақстан азаматтарының Беларусьте болуын жеңілдетіп, сауда-экономикалық, инвестициялық климатты жақсартады деген ойын алға тартты», - делiнген мақалада.
***
«Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» халықтың 100 млрд. теңгесiн желге ұшырды, деп жазады « Айқын » басылымы. Газеттiң хабарлауынша, осыншама қаржы банкротқа ұшыраған компаниялардың акциясына жұмсалыпты.
«Ел тұрғындарының «болашақ зейнетақы үшін» деп ай сайын он пайыздап жылдар бойы жинаған қаржысының бір ортада болуын қалаған Үкіметтің бастамасымен өмірге келген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазіргі күні дауға қалып отыр. Сонда ол қандай дау?
Нақты дерекке жүгінсек, БЖЗҚ жеке жинақтаушы қорлардан салымшылардың жиған-терген қайсыбір қаржы-қаражатына сатып алынған 95 млрд теңгелік құнды қағаздарды «мұраға» алуға мәжбүр болған. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, БЖЗҚ мамандары істің мәнісіне жан-жақты үңіліп, саралай келгенде, әлгі құнды қағаздар банкроттық жағдайда тұрған компаниялардың активтері болып шыққан. Сөйтіп, барша қазақстандықтардың айды айға, жылды жылға қосып, «арқа еті арша, борбай еті борша болып» жүріп тапқан қаржысынан он пайыздап жиған-терген бүкіл «қазынасы» жұмысы тоқтап, банкротқа ұшыраған бірқатар компаниялардың үлестерін сатып алуға жұмсалыпты. Мұны естігенде «жинақтаушы зейнетақы қорлары мұндай бассыздыққа қалай барған?» деген ой қылаң береді. Ал БЖЗҚ басшылары болса, кезінде жинақтаушы зейнетақы қорларының активтерін қайта бағалауды Ұлттық банк жүзеге асырды, ал бізге жинақтаушы қорлардың «қолындағы» қаржы-қаражаттарды берген-ді» дегеннен басқа жарытып еш нәрсе айта алмай отыр», - делiнедi материалда. Толығырақ «100 млрд. теңге желге ұшты...» атты мақаладан оқи аласыздар.
« Айқын » газетiнiң тағы бiр мақаласында атап көрсетiлгенiндей, құлдыққа түскендердің халық санына шаққандағы көрсеткіші бойынша Қазақстан 167 елдің арасында 93-орында тұр.
«Әлемде 35,8 млн. құл бар. Жақында «Walk Free Foundation» (WFF) австралиялық құқық қорғау ұйымы құлдық жағдайда тұрмыс кешіп жатқан мемлекеттердің тізімін жасады. Қазақстан WFF ұйымы құрған «Global Slavery Index 2014» әлемдік құлдық рейтингінде 93-орында тұр», - деп жазылған «Қара жер құлға толып барады» атты мақалада.
«Яғни әлемде 35 миллионнан астам адам құлдықтың жаңа заманғы түрлерінің: мәжбүрлі еңбекке салу мен тұрмысқа беру, адам саудасы, жыныстық қанаудың құрбаны болып отыр. Зерттеушілердің мәліметінше, құлдыққа түскендердің 61 пайызы Үндістан, Қытай, Пәксітан, Ресей және Өзбекстан сынды тек бес елдің үлесіне тиген. Барлығы 167 мемлекет зерттелген бұл тізімді Мавритания мемлекеті бастап тұр. Мұнда құлдық қалыптағы адамдар саны жөнінен жалпы жер тұрғындарының 4 пайызына тең - 160 мың адам. Екінші орында - Өзбекстан, 3,97%, (1,2 млн. адам). Алғашқы үштікке енген келесі ел - Гаити, 2,3%, (140 мың адам). «Меншік құқығына тиесілі кейбір немесе барлық әрекеттерге тап болған тұлғаның жай-күйі немесе жағдайы» деген дәстүрлі анықтамадан бөлек, құқық қорғау ұйымының зерттеушілері «құлдық» сөзінің мағынасын «кредитке тәуелділік» және «мәжбүрлі түрде тұрмысқа шығу» және тағы біршама ұғымдарымен толықтырған. Ал тәуелсіз елімізде 61 мың 200 адам құлдық қамытын киген. Құлдыққа түскендердің халық санына шаққандағы көрсеткіші бойынша Қазақстан 167 елдің арасында 93-орында тұр. Бұл көрсеткіш - 17 млн-нан астам халықтың 0,36 пайызы», - делiнедi аталған материалда.
***
«Кеше Бас прокуратура мәжiлiстiң сауалдарына жауап қайыру кезiнде «Адам бол» күнделiктi басылымының жабылуын заңға сай келетiнiн дәлелдедi», деп жазады « Экспресс К » газетi « Лишь бы не было войны » атты мақаласында.
«Депутаттарды мұндай шешiм қанағаттандырды. Турасын айтқанда, «Адам бол» журналына тыйым салынбаған және ол жабылған жоқ, бiрақ сот үкiмiмен ол қарашаның соңына дейiн оның шығарылымы уақытша тоқтатылды. Арыз Алматы қаласының iшкi саясат басқармасынан түскен. Шенеунiктер басылым соғысты үгiттедi деп айыптап, оны дәлелдеп шықты», - делiнген мақалада.
«Егер заң бұзса, оның алдында барлығы жауап беруi тиiс, - дейдi мәжiлiс депутаты Жамбыл Ахметбеков. - Соның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары да бар. Оның басшысы кiм екенi маңызды емес. Мұндай сөз бостандығына қатысты мәселе көтерiледi. Алайда, сөз бостандығы - ол бiрiншi кезекте жауапкершiлiк. Және әлемде оған заңды таптауға рұқсат берiлмеген. Осы тұрғыда бiз бұл жауапқа қанағаттандық. Келесi сот шешiмiн күтемiз. Қазiргi уақытта Бас прокуратура да, депутаттар да сот iсiне араласуға құқығы жоқ», - деп келтiредi басылым мәжiлiс депутаты Ж. Ахметбековтің сөздерiн.