Қарағанды маңындағы саяжай иелері: Зауыт түтіні егін мен денсаулыққа зиян келтіріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысы Михайловка аумағындағы саяжай кооперативтерінің мүшелері мен жергілікті асфальт-бетон зауыты арасында жанжал туындап отыр. Шамамен 500-дей бағбан аталған кәсіпорынды ауа сапасын ластап жатыр деп айыптады.

Қарағанды маңындағы саяжай иелері: Зауыт түтіні егін мен денсаулыққа зиян келтіріп жатыр
Фото: Саяжай тұрғындарынан

Аталған зауыт саяжай учаскелері шекарасынан небәрі 50 метр қашықтықта орналасқан.

Ал санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, бірінші қауіптілік класындағы осындай өндіріс орындары тұрғын үйлер мен рекреациялық аймақтардан, оның ішінде саяжай кооперативтерінен кемінде 1000 метр қашықтықта орналасуы тиіс.

Зауыт сәуір айынан толық жұмыс істей бастағаннан бері, жергілікті тұрғындар тұншығатындай түтін, жоғары концентрациялы шаң мен битум иісінің өткірлігінен арыла алмай отырмыз дейді.

Қарағанды маңындағы саяжай иелері: Зауыт түтіні егін мен денсаулыққа зиян келтіріп жатыр
Фото: Саяжай тұрғындарынан

«Әрбір таңымды бау-бақшамды суарып емес, мұқият жууға арнаймын. Себебі бүкіл көкөніс пен жеміс-жидектің бетін шаң жабады. Мұндай алма, құлпынайды немерелеріме бергенімде, қатты қорқамын. Себебі, зауыттан таралатын химиялық заттар топыраққа сіңіп, біздің дақылдарымызға кері әсерін тигізеді. Бұл адамдардың денсаулығына аса қауіпті», — дейді бақшашы Александр Сакара.

Бақшасындағы жеміс-жидектеріне зейнеткер Лидия Чужинова да алаңдап отыр.

«Зауыттан тарайтын шаң мөлшері көп. Алайда, халықтың көбі үнсіз отыр. Біз — зейнеткерлер, жиған-тергенімізді, зейнетақымызды үнемдеп алған бақшамыздан қол үзгіміз келмейді, бірақ осылай жалғаса берсе, оны тастауға мәжбүр боламыз. Құлпынай мен картоп еге алмасақ ол жердің қажеті қанша», - дейді бағбан.

Қарағанды маңындағы саяжай иелері: Зауыт түтіні егін мен денсаулыққа зиян келтіріп жатыр
Фото: Саяжай тұрғындарынан

Асфальт-бетон зауыты бірінші қауіптілік классына сәйкес келеді, заң бойынша мұндай кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес тұрғын үйлер мен демалыс аймақтарынан кемінде 1 шақырым қашықтықта орналасуы керек. Алайда, Михайловкадағы зауыт пен бақшалардың арасы - небәрі 50 метр.

«Зауыт құрылысы басталар кезде әкімдікке ескерту жасағанымызбен, ол қаралмады. Топографиялық түсірілім жүргіздік, оның нәтижесінде TransMax зауыты саяжайлар мен орман қоры маңында орналасқаны анықталды. Батыста «Дзержинец» кооперативінен ара қашықтық 50 метрден аз, оңтүстік-батысында зауыт «Самоцветы» кооперативіне дейін 45 метр жерде орналасқан. Прокуратураға, депутаттарға, адвокатқа дейін жүгінгенімізге қарамастан, мәселе назардан тыс қалып отыр», — дейді қоғамдық белсенді Надежда Кравченко.

Сонымен қатар, зауыт маңында бірнеше ұн тарту кәсіпорны да бар. Жергілікті тұрғындар шаң мен көмірдің олардың өндірісіне де кері әсерін тигізетініне алаңдаулы.

«Қарағанды облысының экология департаменті Trans Max ЖШС-ның жоспардан тыс тексерісін жүргізіп, зауыттың асфальт-бетон қондырғысының технологиялық регламенттік талаптарын өрескел бұзғанын анықтады. Кәсіпорынға айыппұл салынып, ол толық көлемде өндірілді. Бұзушылықтарды белгіленген мерзім ішінде жоюға талап қойылды», — деді департамент инспекторы Темірлан Төлейтін.

Қарағанды маңындағы саяжай иелері: Зауыт түтіні егін мен денсаулыққа зиян келтіріп жатыр
Фото: Саяжай тұрғындарынан

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері де зауыт бірінші қауіптілік класына жататынын және санитарлық қорғаныш аймағы кемінде 1000 метр болуы тиіс екенін растады.

«Тұрғындардан түскен арыздар негізінде бұл мәселе тиісті тізілімге енгізілді. Алайда, кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес зауыт қызметін тоқтату қарастырылмаған. Зауыттың регламент бұзушылықтары бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, белгілі мерзімде міндеттерді орындау туралы нұсқаулық берілді. Қазір біз бұл міндеттердің орындалғанын тексеруді күтеміз», — деді департаменттің бас маманы Баян Есембаева.

Кәсіпорын бұл бұзушылықтарды 11 тамызға дейін жоюға міндетті, оны орындамаған жағдайда іс сотқа берілетін болады.

Ал зауыт басшылығы айыптауларды жоққа шығаруда. Trans Max ЖШС директоры Карен Ктоян кәсіпорынның барлық санитарлық және экологиялық талаптарға жауап бере отырып, заманауи сүзгі жүйелерімен жабдықталғанын атап өтті.

«Бізде 9 мыңнан астам арнайы сүзгі орнатылған. Зауыттан шығатын заттар — тек бу ғана. Экология және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының барлық тексерулері сәтті өтті. Кәсіпорын өндірістік база ретінде тіркелген, заң талаптарына толық сәйкес келеді», — деді ол.

Қазір тараптар шешімін күтіп отыр, ал саяжай иелері таза ауа мен сапалы өнім өсіру үшін күресті тоқтатпаймыз дейді.

Осыған дейін Өскеменде саяжай тұрғындары аулада от жағуға салынған тыйымға қарсы шыққаны жайлы хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар