Қарағанды облысы жылыту маусымына дайын ба?

Алдағы жылыту маусымында Теміртау, Саран және Қарағанды пәтерлерінде жылу бола ма? Бұл сауалға Қарағанды облысының әкімі брифинг барысында жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.

Қарғанды
Фото: Kazinform

Қарағанды облысының әкімі Теміртаудағы жылыту маусымының өтуін ерекше бақылауда ұстайтынын айтты. Уақытылы әрекет ету үшін өңірде барлық жылу көздерінің жұмысын бақылайтын жедел штаб құрылды. 

«АрселорМиттал Теміртау» ЖЭО-2 біздің талабымыз бойынша дайындық паспортын алған жоқ. Олар 4-ші және 5-ші қазандықтардағы жөндеу жұмыстарының мерзімін созып алды. Біз апта сайын сол жерге барып, энергия бақылаушы органдармен бірге жағдайды қадағалап отырамыз. Бүгінгі таңда станция штаттық режимде жұмыс істеуде. Көмір қоры жеткілікті — 20 күннен астам уақытқа есептелген. Желтоқсан айында осы екі қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі сондай-ақ Теміртау қаласының басшылығына орамішілік жылу желілері бойынша үш жылдық жоспар әзірлеуді тапсырды.

«Орамішілік желілер тозған, біз ол жайлы білеміз. Сондықтан бұл жұмысты әлі де жалғастырамыз. Егер жаңа инвестор келіп, қалаға көмектесуге ниет білдірсе, онда, әрине, біз олармен бірге жұмыс істейтін боламыз», — дейді Ермағанбет Бөлекпаев.

ЖЭО-2-дегі № 7 қазандықтың құрылысына келетін болсақ, оны келесі жылы тапсырамыз деп уәде берді өңір басшысы.

«Біз № 7 қазандықты салып бітіруді жоспарлап отырмыз. Соңғы рет сәуір айында кездескен кезде оның дайындығы жоғары болды. Қазір электр желілеріне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аяқтау кезеңінде жасалатын жұмыстың негізгі түрлері. Қазандықты сәуір айына дейін аяқтап, тапсыруымыз керек. Бұл ЖЭО үшін де, жаңа инвестор үшін де бірінші кезектегі міндет», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі Саран қаласында орталық қазандықтың құрылысы туралы айтып берді.

«Саран қаласына келетін болсақ, қазандыққа қатысты мәселе бұрыннан бері көтеріліп келеді. Онда 26 қазандық бар, олардың жартысы жеке, жартысы коммуналдық меншікте. Біз оны үнемі бақылап, көмектесеміз. Бүгінгі таңда мүмкін жергілікті жерлерде, кейбір пәтерлерде қандай да бір проблемалар бар шығар, бірақ бүгінде Саран қаласы бойынша жылыту маусымы тұрақты және штаттық режимде өтуде. Орталық қазандыққа келетін болсақ, бұл өте күрделі жоба және ол ұзақ уақыт бойы жалғасып келеді. Жыл басында қаржыландыруға қатысты мәселелер туындады, түзетулер енгізілді. Қазір Ресей Федерациясынан жеткізілетін жабдыққа қатысты техникалық сұрақтар бар. Жабдықтар ұзақ уақыт жеткізіледі. Әсіресе сорғы жабдықтары, электроника. Бірақ қазандық қазір 90% дайын. Қыста біз оны іске қоспаймыз. Жылыту маусымының соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз», — деді Қарағанды облысының әкімі.

Сонымен қатар Қарағанды тұрғындары белсенді құрылыс жүріп жатқан қаланың Оңтүстік-Шығысындағы жылу тапшылығы мәселесін шешу үшін салынып жатқан үшінші жылу таратқыштың жағдайына қатысты қызығушылық танытқан болатын. ЖЭО-3-тен тартылып жатқан нысанның құрылысы жайлы өңір басшысы тоқталып өтті.

«Шынында да, қалада жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл жалпы тапшылық. Бірақ станцияда жылу тапшылығы жоқ. Жылу бар, ол жай ғана бұғатталып тұр. Сондықтан үшінші жылу құбырын сала бастадық. Қазір бұл жұмыс белсенді жүргізілуде. Біз келесі жылы оны толығымен тапсырып, желіге қосуды көздеп отырмыз. Осылайша, біз қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінен жүктемені азайтып, қаланың осы бөлігін қосымша жылу көздерімен қамтамасыз етеміз, соның ішінде қазір белсенді түрде жүргізіліп жатқан жаңа құрылыстар нысандарын да бар. Бүгінде қалада 800 000 м² тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондықтан бізге жылу шығарғыштың ашылуы өте қажет», — деді Ермағанбет Бөлекпаев.