Қарағанды облысында 220-дан астам жергілікті жылу көздері қыс мезгіліне дайын
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық жалғасып жатыр. Жабдық жөнделіп, отын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев мәлімдеді.

– Дайындық бойынша іс-шараларды орындау бүгінгі күні 35% жоспармен 36,2% құрайды. 224 жергілікті жылу көздерінің, 900 шақырымға жуық инженерлік желілердің, 418 әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандардың және 2044 көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығы қамтамасыз етілді, – деп хабарлады ол.
Облыстың энергия көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу жалғасып отыр. Көмір сатып алу және оны кезең-кезеңмен жөнелту жұмыстары басталды.
Қарағанды облысының әкімі әлеуметтік маңызы бар нысандардың алдағы қысқа дайындығын және электр станцияларында жөндеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Алдағы жылыту маусымына уақтылы және сапалы дайындық – менің апта сайынғы бақылауымда қалатын басты мәселе. Бүгінде барлық қажетті құжаттар қабылданып, жауапты тұлғалар тағайындалды. Жөндеу жұмыстарының кестесін қатаң сақтау қажет. Энергетика басқармасы мен аудан әкімдеріне жылу беру маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, көмірді уақтылы сатып алу бойынша жұмыстарды жүргізуді және сапаны бақылауды тапсырамын. Көмірді алдын ала дайындау қажеттілігі туралы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.