Қарағанды облысында 235 сынып онлайн оқуға ауыстырылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Өңірде ЖРВИ мен тұмаудың таралуы өсіп, мектептерде күшейтілген эпидемиологиялық режим енгізілді. Инфекцияның одан әрі жайылуына жол бермеу үшін бірқатар сыныптар уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

қашықтан оқыту
Фото: Pixabay

Қарағанды облысында тұмау мен өзге де жедел респираторлық вирустық инфекциялардың көбеюіне байланысты санитарлық-профилактикалық шаралар күшейтілді. Барлық әрекеттер ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес жүргізіледі.

Құжат маусымдық инфекциялардың өршуіне жол бермеуге бағытталған кешенді талаптарды қамтиды. 15 қыркүйектен бері елде тұмауға қарсы вакцинация басталды. Барлық медицина ұйымдарында кіреберісте сүзгі-посттар жұмыс істеп тұр, ал 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері үшін маска режимі енгізілген. Жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балалар ЖРВИ немесе тұмау белгілері болған жағдайда үй жағдайында кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Балабақшаларда күн сайын таңертеңгі сүзгі өткізіліп, ауру белгілері бар балалар үйлеріне қайтарылады.

Мектептер үшін де арнайы шаралар қарастырылған. Егер бір сыныпта инкубациялық кезең ішінде 20–30% оқушы сырқаттанса, кабинеттік жүйеден уақытша бас тарту, он күн бойы жаңа оқушыларды қабылдауды тоқтату және теріге арналған антисептик бар санитайзерлер орнату ұсынылады.

Ал сырқаттанғандар үлесі 30% және одан жоғары болса, жағдай тұрақтанғанға дейін сынып толықтай қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 54 мектептегі 235 сынып онлайн оқуға жіберілді. Билік өкілдері мұндай шаралар вирус жұқпасының таралуын тежеуге және оқушылардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін облыста шамамен 30 сыныптың қашықтан оқыту форматына ауысқаны хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар