Қарағанды облысында бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында қала тұрғындарын қорқыту арқылы ақша бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды.

бопсалау
Фото: ІІМ

ІІМ мәліметінше, қылмыстың алдын алу және ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

- Қарағанды облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Балқаш қаласында арнайы жедел-іздестіру іс-шарасын өткізген. Нәтижесінде 13 адам полиция бөліміне жеткізіліп, олардың сегізі уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеу барысында күдіктілердің тұрғындардан 800 мыңнан 8 миллион теңгеге дейін ақша бопсалағаны және жәбірленушілердің атынан заңсыз несие рәсімдегені анықталды, - делінген ақпаратта.

Операция кезінде 23 тінту жүргізіліп, 26 ұялы телефон, жеті пышақ, бес автокөлік, екі миллион теңгеден астам қаражат, есірткіге ұқсас зат салынған төрт пакет және өзге де айғақ заттар тәркіленді.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, бүған дейін Қостанайда бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды.

Соңғы жаңалықтар