Қарағанды облысында экологиялық ахуал күрделі: ауаға 293,7 мың тонна зиянды зат тараған

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында экологиялық ахуалға қатысты көрсеткіштер алаңдатарлық күйде қалып отыр. Жыл басынан бері өңірде ауаның жоғары деңгейде ластануының 232 жағдайы тіркелсе, су нысандарынан осындай 31 дерек анықталған.

Қарағанды облысында экологиялық ахуал күрделі: ауаға 293,7 мың тонна зиянды зат тараған
Фото: Pexels

Қаңтар-қыркүйек айларында облыс аумағында атмосфераға тараған ластаушы заттардың көлемі 293,7 мың тоннаға жетті. Ал су нысандарына төгілген ластаушы заттардың көлемі 79,03 мың тоннаны құрады.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, есепті кезеңде ауа мен су сапасына жүргізілген бақылау нәтижесінде жоғары деңгейде ластанудың аталған деректері тіркелген. Нормативтен асып кету жағдайлары бойынша тиісті бақылау шаралары қолға алынған.

Зертханалық бақылау аясында мамандар 4 294 сынама алып, 9 392 талдау жүргізді.

Өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарында шығарындылар мен төгінділерді автоматты түрде бақылау жүйелерін орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір мұндай жабдық сегіз кәсіпорынның шығарындылар көздеріне орнатылған. Тағы екі кәсіпорында жүйелер ішінара енгізілсе, екі кәсіпорында монтаждау жұмыстары жоспарланған.

Сонымен қатар облыс кәсіпорындары табиғатты қорғау шараларына 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бағыттаған.

Бұған дейін Өскемендегі кәсіпорын ауаға тарайтын зиянды шығарындылар нормасын асырып жібергені жайлы хабарлаған болатын.